Ауыл шаруашылығы

Табыстың көзі – төрт түлік

Жарма ауданындағы 46 шаруашылықта асыл тұқымды мал өсіріліп жатыр. 23 шаруашылық ірі қара, 19 қожалық қой-ешкі және төрт шаруашылық жылқы өсірумен  айналысуда.

 

Қазақтың ақбас тұқымды ірі қара малын өсіріп жатқан «Шалабай» ЖШС-де 3,5 мыңға жуық ірі қара және қой, жылқы бар.  Қуаныш Сүлейменов басқарып отырған бұл ірі  шаруашылықта қазір 126 адам жұмыс істеп жатыр. Серіктестік мал шаруашылығымен қоса егін шаруашылығымен де айналысады. Шаруашылық асыл тұқымды түрлендіре түсу үшін былтыр  Ресейден және елімізден 425 ірі қара  сатып алған.

– Биыл қазақтың асыл тұқымды ақбас  сиырын өсірудің қолға алынғанына 70 жыл және «Шалабай» ЖШС-нің құрылғанына 15 жыл толды. «Шалабай» шаруашылығында   бұқашықтарды бордақылауға арналған Канада елінен әкелінген арнайы технология қолданысқа енгізілді. Қазір шаруашылықта құны 260 млн. теңгені құрайтын бүгінгі заманға сай зертхана құрылысы жүргізілуде. Бұдан басқа ауданымызда «Қарапайым экономикалық заттар» бағдарламасы аясында былтыр тоғыз шаруа қожалығы 146 млн. теңге несие алып, ірі қара, ұсақ мал және ауылшаруашылық техникаларын сатып алды.

Былтыр «Сыбаға» бағдарламасы аясында бес шаруашылық 712 бас асыл тұқымды ірі қара малының аналық басын сатып әкелді. Оның ішінде 287 бас Ресей Федерациясынан, 310 бас Ақмола облысынан және 115 бас облыс көлемінен сатылып әкелінді. Сонымен қоса, жеті шаруа қожалығы 100 млн. теңгеге 2859 бас ұсақ мал басын өз еліміздің облыстарынан сатып әкелді.

Былтыр ауданның алтық ауылдық округтерінің 15 елді мекенінде алты сүт қабылдау пункттері тұрғындардан сүт қабылдады. Ауыл тұрғындарынан 2050 тонна сүт жиналып, облыстың сүт өңдеу кәсіпорындарына тапсырылды. Сонымен қатар «Сүлеймен» шаруақожалығының  тауарлы-сүт фермасы 115 тонна сүт сауып, облыс және аудан көлемінде сатылды. Осы шаруашылықта 100 бас  сүтті бағыттағы «Қызыл дала» асыл тұқымды сиыр өсірілуде,-дейді өңірдегі етті, сүтті мал шаруашылығының дамуы жайында ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мақсат Қасенов.

Етті бағыттағы асыл тұқымды мал басын көбейтіп жатқандардың бірі – Аршалы ауылындағы «Жарқын» шаруа қожалығы. Кәсіпкер Жарқын Игембаев  2013 жылы мемлекеттік  бағдарлама бойынша үш миллион теңге несие алып, ірі қара өсіруді қолға алған. Мал басы көбейе бастаған соң былтыр мал бордақылайтын алаң ашып, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 15 жылға несие алып, оған Ресейдің Бурятия республикасының  Кяхта қаласы маңындағы шаруашылықтан  73 бас қазақтың  ақбас сиыры тұқымын сатып әкеліпті. Машинамен бірнеше мың шақырымға үш күн жүріп барғанымен, буряттықтар малдарды  «МАN» жүк көліктерімен Аршалыға дейін өздері жеткізіп берген екен. Сөйтсе де, қожалық иесі Жарқын малды шетелден емес, өз елімізден алған бар жағынан қолайлы, артық болар еді дейді.

Қожалықтың 200 гектар егіс алқабында өскен арпа дақылы, күзде жиналып алынған шөп малдың азығына еркін жетерліктей. Мал азығы түрлерін молайта түсу мақсатында қожалық алдағы көктемде  күнбағыс дақылын екпек. Жас бұзаулар жарты жылға дейін бордақыланса, ересек малдар екі-үш айға дейін бағып, күтіледі.

Кәсіпкер жұмысты жеңілдету үшін болашақта малдың жемшөбін,суын беру жұмыстарын автоматтандыруды жоспарлап отыр. Жарқынның айтуынша (суретте) мемлекеттік бағдарламалар бойынша мал өсіруге беріліп отырған субсидия өз кәсібін жүргізуге игі ықпалын тигізіп отыр.

Жанаргүл Мұқатай 

Осы айдарда

Back to top button