Экономика

Табиғатты табысқа айналдыратын кез жетті

Туризм индустриясы қайтсек өркендейді? Шығыстың тамаша табиғатын табысқа айналдырудың жолы қайсы? Туризм арқылы экономикасын өрге оздырып отырған шет мемлекеттерден нені үйрену керек?

Табиғатты табысқа айналдыратын кез жеттіОсы және аталған салаға қатысты басқа да өзекті мәселелер облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаевтың төрағалығымен өткен кеңесте жан-жақты талқыланды.

– Бұл мәселе Елбасының халыққа Жолдауында нақты айтылған. Атқарылуға тиіс мақсат-міндеттер мен жолдары да көрсетілген. Бүгінде біздің облыс үшін бірінші кезекте тұрған маңызды міндет – туризмді дамытудың мастер-жоспарын жасау. Оған қажетті белгілі бір мөлшердегі қаржы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде қарастырылған. Енді осы мастер-жоспарды құрастыруға барлық тиісті сала өкілдері қатысып, өздерінің ұсыныс-пікірлерін жолдап, техникалық тапсырмаларды бірлесе орындауымыз керек, – деп сөзін бастаған Ермек Көшербаев өңірде экотуризмнен еселеп пайда табуға барлық мүмкіндіктердің бар екендігін тілге тиек етті.

Шығыста туристік кластерді құру мен дамытудың мастер-жоспарын дайындау жайында баяндама жасаған Қазақстан туристік қауымдастығының президенті Роза Асанбаева бұл бағыттағы жұмысты ең әуелі туристік қызмет көрсету нарығына сараптама жасаудан бастау қажеттігін жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан, соның ішінде біздің облыс тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан және ерекше табиғи ландшафтарға бай болғандықтан саяхатшылар легін өзімізге тартуға ешқандай қиындық жоқ. Деректерге ден қойсақ, келешекте Қытай 96 миллион туристік сапар жасайды деп болжанса, Ресей 58 миллион, Үндістан 46 миллион, Таяу Шығыс елдері 42 миллион саяхаттық сапар жасамақ. Ендеше, осындай мол олжа-
ның ортасында отырып, оны пайдаланбау күнә.

Туристік сала үшін кадрларды даярлау жөніндегі салалық кеңес төрағасының орынбасары, Өскемен кәсіби даярлық және сервис колледжінің директоры Болат Қабдушәріпов баяндамасында осы бағытта атқарылып жатқан оңды жұмыстармен таныстыра келе студенттерді іс-тәжірибеден өткізу және жұмысқа орналастыру жағы біраз қиындық туғызатындығын айта кетті. Мамандардың біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу сияқты өзекті тақырыптар да қаперден тыс қалған жоқ.

Сонымен қатар аталмыш кеңес отырысына қатысушылар аймақтағы туризм кластерін дамытуда туындаған проблемаларды анықтау мен шешу жолдары, мемлекеттік және жеке құрылымдардың ынтымақтастығын нығайту, сырттан келушілерге виза ресімдеу, «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы арқылы туризм саласына қолдау көрсету, әлемдік туристік рыноктағы Қазақстанның тартымды туристік имиджін қалыптастыру сынды бүгінгі күн тәртібінде тұрған мәселелерді ортаға салды.

Мамандар тарапынан қызу пікірталас тудырған «Туристік қызмет туралы» Заңға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар болды. Әсіресе, сала өкілдері туроператорлар мен турагенттердің қызметін реттеу, лицензия беру, шарттар жасау сияқты мәселелер өзгертулер мен толықтырулар енгізілген заңда дұрыс, жан-жақты қарастырылмағандығын алға тартты.

«Алтай экспедициялары» ЖШС-нің директоры Андрей Юрченков өз кезегінде облыс аумағындағы ерекше қорғауға алынған аймақтар мен туристік операторлар арасындағы ынтымақтастық байланысты одан ары нығайту қажеттігін ескерте келе:

– Неге екенін білмеймін, Марқакөл мемлекеттік қорығының басшылығы тур-операторлармен қоян-қолтық араласуға аса ниетті емес. Жалпы туризмді дамытуға белсенділік танытпай отыр. Олармен келісу біз үшін қиынға соғуда, – деп түсіндірді.

Кеңес отырысының соңында облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасы «Туристік қызмет туралы» Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныс дайындап, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне жолдау, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы қалалар мен аудандар әкімдерімен бірлесіп туризмді дамыту бағытында инвестициялық жобаларды әзірлеу, Катонқарағай, Күршім, Шемонайха аудандары, Риддер қаласы әкімдерімен тізе қосып, шекара бойында орналасқан өңірлерде трансшекаралық маршруттарды дамыту бойынша ұсыныстар дайындау тәрізді бірқатар мәселелер төңірегінде нақты шешімдер қабылданды.

Осы айдарда

Back to top button