Экология

Табиғатты қорғау – ортақ іс

Табиғатты қорғау - ортақ іс


Шығыс Қазақстанның табиғатын айтып тамсанғанда алдымызға жан салмаймыз. Су десе, суға бай, ну десе, нуға бай қоршаған ортамызды қаншалықты қорғай алып жүрміз? Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырсында осы мәселелер талқыланды.

Су көздерін қорғайтын арнайы аймақтар түзілді

Қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен экологиялық қауіпсіздік орталығының ақпараты ұсынылды.

Шығыс Қазақстан еліміздегі ең бір су көзі мол өңір болып саналады. Аумағымызда екі мыңнан астам өзен-көл мен бұлақ-бастау бар екен. Осыншама байлықты көздің қарашығындай сақтап, қалпында ұстау оңай шаруа емес. Адамның ойсыз әрекетінің зиянды әсерінен осы су көздерін қорғау мақсатында табиғи ресурстар басқармасының мамандары арнайы су көздерін қорғау аймақтары мен жолақтарын құруды қолға алған. Биыл басқарманың назарына Зайсан ауданына қарасты Жеменей өзені мен Ұлан ауданындағы Дубығалы өзені ілінген екен.

Бұл арнайы аймақтардың жобасы тиісті мақұлдаулардан өтуі тиіс. Алдағы уақытта Сібе көлдері де осындай арнайы аймаққа енгізілетін болады. Мұндай аймақтардың су көздерін қорғаудағы рөлі қандай?

Басқарма мамандарының дерегіне сүйенсек, су көздерін қорғау аймақтары мен жолақтарының құрылуы өңірдегі өзен-көлдердің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын жақсартады деп күтілуде. Сондай-ақ, бұл аймақтарда су көздерін пайдаланудың тәртібі қалыптасады. Бүгінде су көздерінің бойына жеке пайдалануға арналған құрылыстар салу белең алғаны белгілі. Ондай құрылыстардың көбі заңсыз екені де мәлім болып отыр. Су көздерін қорғау аймақтарының құрылуы осы үдеріске де тежеу болмақ.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы өңірдегі гидротехникалық нысандарға да жауапты. Облыс аумағындағы тоғандар мен дамбылардың, су қоймаларының қауіпсіздігін басқарма «Шығыс су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнымен бірге қамтамасыз етуде. Өңірде 67 гидротехникалық нысан бар. Соның барлығын жіті бақылауда ұстау үшін жыл он екі ай тынымсыз жұмыс жүргізу қажет. Өйткені, су қоймаларының қауіпсіздігі – елді мекендердің қауіпсіздігі.

Жердің астындағы су көздерінің жағдайы да басқарма назарынан тыс қалған емес. 2016 жылдан аймақтағы жерасты
суларын барлау жұмысы осы мекеменің құзырына берілген. Басқарма үшін бұл қызмет жаңа бағыт болса да, мамандары іске бел шешіп кірісіпті.
Бір жылдың ішінде ғана басқарма 103 елді мекенде жерасты суларын барлау жобасын, төрт кен орнында алдын ала барлау жұмыстарын жүзеге асырды. Жыл соңына дейін бұларға қосымша 20 жер асты суының және бір кен орнының барлау жобасы іске асырылмақ. Бұл көп өтпей-ақ тұрғын үй-коммуналдық саланың қызметкерлері жер астындағы ауызсу көздері туралы жаңа мәліметтерге қол жеткізіп, елді мекендерді сумен қамтамасыз ету бойынша жаңа жоспарларды қолға алады деген сөз. Ерінбеген жанның бәрі сынайтын тақырыпқа айналғалы қашан. Жұтып жүрген ауасының лас болуына тұрғындар ескі әдет бойынша алып кәсіпорындарды кінәлайтыны да шындық. Жағдайды жан-жақты зерттеу мақсатында эколог мамандар демалыс және мейрам күндеріндегі ауаның сынамаларын тексерген. Тыңғылықты зерттеулердің нәтижесі барлығына кәсіпорындарды кінәлау жаңсақ болатынын көрсетіпті. Статискалық деректер де бұл тұжырымды растайды. Бүгінде облыс орталығындағы мұнара-түтіктердің барлығында өндірістік түтінді тұтқыш сүзгілер орнатылған. Ауаға лақтырылған улы түтіннің 92,5 пайызы осы сүзгілер арқылы залалсыздандырылады. Соңғы жылдары тіпті, өндірістік түтіннің жалпы көлемін азайту тенденциясы белең алып отыр. Соған қарамастан шығысқазақстандықтарға таза ауамен демалу әлі де мүмкін болмай тұр. Оған қалаларда автокөліктердің саны жыл сайын еселеп артуы себепкер. Бүгінгі таңда облыс бойынша 375 мың көлік тіркелген. Соның 72 пайызының қызмет көрсету мерзімі аяқталғанына 10 жылдан асып кеткен.

Осы түйткілді шешу үшін түрлі шаралар қабылданып, бастамалар көтерілгенімен, мәселе басы ашық күйінде қалып отыр. Жолаушы тасымалдаушыларды жоспарлы түрде тексеру, жанармай сапасын бақылау, көліктерді газбен жүретін етіп жарақтау сынды бастамалар көтерілгенімен аяғына дейін іске асқаны жоқ.

Тұрғындардың өздері өмір сүріп жатқан мекендерді көріктендіруге белсенді араласуы да қоршаған ортаға оң әсерін тигізері анық. Биыл басқарманың мұрындық болуымен ұйымдастырылған «Өзің үшін», «Халық орманы», «Эко бомба» сияқты акциялар елдің назарын аударып қана қоймай, халықтың ұмтылысын оятты. Осы акциялар аясында биыл Шығыс Қазақстан аумағында 210 мың көшет егілді.

Тарбағатайдың қойнауы қорыққа айналады

Экологиялық қауіпсіздік орталығының тіркелмеген күресіндерді анықтауға бағытталған акциясына да тұрғындар белсене атсалысты. Атап айтқанда, Өскемен қаласында осы бағытта арнайы жұмыс тобы құрылып, құрамына экология департаменті, қалалық ІІБ және жергілікті өзін-өзі басқару комитеттерінің өкілдері кірді. Заңсыз күресіндерді түбірімен жою үшін облыстық бюджеттен 10 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді. Алайда, бұл шаралардан қаланың тазалығы ретке келді деп айту артық болар еді. Қоғам белсенділері ең әуелі елді мекендерді абаттандыру жүйесі мен заңнаманы жетілдіру қажет деген ұсыныс айтуда. Жеке сектордағы тұрғындар мен кәсіпкерлер қоқыс шығару бойынша арнайы мекемелермен келісімшартқа отыруға міндеттелсе, бұл мәселенің беті бері қараушы еді деген пікірлер айтылып жүр.

Жуық арада облыстағы ерекше қорғаудағы табиғи аумақтардың қатары тағы бір қорықпен толықпақ. Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи паркін құру жобасы еш кедергісіз алға жылжып келеді. Қазіргі таңда қорық аумағына кіретін телімдерді анықтау жұмыстары қолға алынған. Бұл парк құрылған жағдайда Үржар ауданына қарасты Тарбағатай тау сілемдерінің жануарлар әлемі мен өсімдік байлығын бар қалпында сақтауға мүмкіндік туатыны сөзсіз. Өйткені, соңғы жылдары бұл аумақта да құрып кету қаупі төнген жануарлар мен өсімдіктердің саны арта бастаған. Сабаншы, Тянь-Шань аюы, сусар, қар барысы, арқар сынды аңдар Тарбағатайдың басты байлығы саналады. Жалпы, облыс аумағындағы 50 түрлі өсімдік пен жануар Қазақстанның Қызыл кітабына енген.

Флора мен фаунаның, жыртқыш аң мен қоңыр аңның арасындағы тепе-теңдікті сақтау міндеті бүгінде адам қолына өткен. Осы мақсатта Ұлан, Көкпекті, Үржар аудандарында жабайы аңдардың шөп қорын қалпына келтіру шаралары жүргізілді. Өңірдегі орман алқабының көлемі биыл 500 гектарға ұлғайды, су қоймалары балықтандырылды.

Биотехникалық шаралардың арқасында аймақта бұлан, тауешкі, қабан сынды тұяқты аңдар меи саңырау кұр, шіл сияқты құстардың саны артқан.
Табиғатты сұқ қолдардан қорғау үшін ұйымдастырылған рейдтердің де берері бар. 2016 жылы осы мақсатта облыс бойынша 3,5 мыңнан астам рейд жүргізілген. Соның арқасында 800-ден астам заңсыздықтың беті ашылған. Табиғатты заңсыз пайдаланып, оңай олжаға кенелгісі келген азаматтардан 2376,6 мың теңгенің әкімшілік айыппұлы өндірілген.

Табиғат жанашырлары осы атқарылған шараларға тоқмейілсіп қалмайтыны анық. Кейбір мәселелердің түйінін тарқату келер жылдың еншісіне де қалып отыр. Ең оңай дүние – біткен іске сын айту. Сондықтан әрбір шығысқазақстандық тұрғын қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға өзінің нақты ұсынысымен, пайдалы әрекетімен үлес қосқаны абзал.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының тапсырысы бойынша әзірленді.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button