Тағы бір инновациялық әдіс енгізілді
Шығысқазақстандық онкологтар үшін жаңа инновациялық әдістерді меңгеруде пандемия да кедергі бола алмады. Өскемендегі көпсалалы онкология және хирургия орталығында ішекте қатерлі ісігі бар және бауырына метастаза кеткен науқасқа елімізде баламасы жоқ аспапта радиожиілікті абляция (РЖА) тәсілімен ота жасалды.
РЖА жүйесінің ерекшелігі – қатерлі ісіктерді белгілі бір жиіліктегі (радиожиілік) электр тогымен күйдіреді. Ине электродтары ісікке ультрадыбыстық, КТ немесе МРТ бақылауымен тері арқылы да, ультрадыбыстық бақылаумен операция кезінде де енгізіледі. Электрмагнитті сәулелердің тогы ісіктің жасушаларын қыздырып, ыдыратып жібереді. Мамандардың айтуынша, манипуляция бар болғаны ширек сағатқа созылады.
Жаңа форматтағы шеберлік сабағы
Бүкіл әлемде ісікті электр тогымен жою әдісі өзінің жоғары тиімділігін көрсетті. Оны отандық онкологтар да қолданып жүр, алайда онкологиялық орталық сатып алған жабдық – еліміздегі ең жаңа және жалғыз жүйе. Оның инелері өте жіңішке және қатерлі ісікті жеңудің ең оңды шешімі.
Жаңа аспапта ота жасау үшін жергілікті онкологтар Бельгиядағы әріптестерінен онлайн режимінде шеберлік сыныбын алыпты. Пандемия жағдайында сабақ мүлдем жаңа форматта (on line + off line form) өткізілді. Ол үшін екі жақта да бейнебайланыс орнатылып, бельгиялық доктор
өндірушінің (Terumo компаниясы) арнайы жабдықтаған зертханасынан қосылды, ал біздің жетекші дәрігерлер мен орталықтың басшылығы онкологиялық орталықтың конференц-залына жиналды.
Жаңа жүйе алғаш рет іске қосылып тұрғандықтан біздің мамандар аспапты қосудан бастап, ота жасаудың әлемдік хаттамада бекітілген әр қадамын мұқият зерделеп, шетелдік әріптестерінің қимылын қалт жібермей, бақылап отырды. Соңынан спикерге өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, барлық сәттерді нақтылап алуға тырысты, өйткені алда өз беттерімен ота жасау күтіп тұрған.
Келесі кезеңде онкохирургтар пациентті отаға дайындаумен қоса, жаңа жүйенің жұмысын, инелерді тағы бір рет тексеріп шықты. Мұның бәрін Terumo компаниясының өкілі Бельгиядан бейнебайланыс арқылы үйлестіріп отырды.
Өңірде гепоталогиялық қызмет қалыптасты
Көптен күткен маңызды күн де келіп жетті. Ота үстелінде – ішегіндегі қатерлі ісігі асқынып, бауырына метастаза берген ауыр науқас. Дерттің төртінші стадиясы. Операцияны екі кезеңмен жасау жоспарланды. Алдымен бауырдағы метастазаны РЖА әдісімен күйдіріп тастау керек.
-Радиожиілік абляциясы бауыр, бүйрек, өкпе сияқты ішкі ағзалардағы және қалқанша безіндегі ісіктерге қолданылады. Сол себепті алдымен бауырдағы метастазаны күйдірдік. Содан кейін ғана ішектегі ісікке ота жасап, сылып алып тастадық. Операция барлығы 4,5 сағатқа созылды, өйткені екінші ота өте ауыр болды, – дейді орталықтың жетекші онколог-хирургі Рауан Сейітбаев. Рауан Талғатұлына операция барысында Ербол Құсайынов, Жомарт Садықов сияқты тәжірибелі әріптестері көмекші болыпты. Клиника командасының операция бөлмесіндегі үйлесімді әрі жедел жұмысының нәтижесінде ота сәтті аяқталды. Қазір науқас өзін жақсы сезінеді. Енді үнемі онкологтардың бақылауында болып, оңалтудан өтеді.
Рауан Сейітбаев атап өткендей, радиожиілікті абляцияның жаңа технологиясы бірқатар сөзсіз артықшылықтарға ие. Біріншіден, қан кету сияқты асқыну қаупі азаяды, химия терапиясының қажеттілігі болмайды, қайта хирургиялық араласу қажеттілігі жойылады. Әдіс аз инвазивті болғандықтан, пациент тезірек қатарға қосылады. Радиожиілікті абляция әдісін қолдану біздің онкологиялық орталықта бауырдың қатерлі ісігін диагностикалудан бастап, соңғы кезеңіне дейін сапалы емдеуге мүмкіндік береді.
-Бізде гепоталогиялық қызмет қалыптасты десе де болады. Бұл өте қуанышты жағдай. Өйткені бізге бауыр ісігімен жылына жүз адамдай келеді. Олардың жартысынан көбі осы РЖА әдісімен емдеуге мұқтаж. Бұрын біз тек ота жасасақ, енді бауырға қатысты барлық манипуляцияларды, биопсия алудан бастап, өзімізде жасаймыз. Бұл ем-домды кешенді қолдануға мүмкіндік береді, нәтижесінде тиімділігі артады, – деп қосты онколог-хирург.
Соңғы үш жылда – 15 жаңа технология
Облыстық онкологиялық орталықта жаңа технологияларды белсенді енгізу дәрігерлер командасының 2017 жылы Лондонда өткен алғашқы шетелдік тағылымдамасынан кейін басталды. Сол жылы облыс әкімінің тапсырмасымен медицина қызметкерлерінің білімдерін шетелдің озық клиникаларында жетілдіру бағдарламасы қолға алынған болатын.
-Алғашқы әсерлерім әлі есімде. Бізге оларда барлығы әлдеқайда жақсы, бізден көп артық сияқты көрінді, өзімізге деген аздап сенімсіздікті байқадық. Алайда күн өткен сайын олардан кем емес екенімізді, біздің қолымыздан да көп нәрсе келетінін түсіне бастадық. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен өңірлік бағдарлама шеңберінде орталық ең заманауи медициналық аспаптармен жабдықтала бастады. Өзімізге артылған сенімді түсінген біз де шетелдік әріптестеріміздің тәжірибесін жинап, жаңа біліммен суысындап, жаңа белестерді алуға бар ынта-жігерімізбен кірістік. Осылайша, жаңа инновациялық технологияларды меңгеріп, жұмысымызға енгізе бастадық, – деп есіне алады
облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының бас дәрігері Гүлмира Сагидуллина.
Басшы қоластындағы мамандардың әрқайсысының жетістігін, қандай жаңа технологияларды енгізгенін жақсы біледі. Мысалы, шетелде тағылымдамадан алғашқылардың бірі болып өткен торакалды хирург Әділбек Баймусанов орталықта ерекше дағдыларды қажет ететін ВАТС хирургиясын (бейнеторакоскопия) енгізді және қазір өкпе обыры кезінде азинвазивті оталарды сәтті жүргізіп келеді.
Интервенциялық, яғни скальпельсіз ота жасайтын хирург Рауан Сейітбаев үш бірдей жоғары технологиялы әдістемені меңгеріп, бүгінде жұмысында қолдануда. КТ бақылауымен бауыр ісіктерін химиоэмболизациялау, өкпе мен ішкі ағзалардың трепанбиопсиясы, енді, міне, радиожиілік абляциясын енгізді.
-Есімде, сол 2017 жылы біз интервенциялық хирургияны дәрігер Сейтбаевтың негізгі бағыты ретінде анықтадық. Лондонда болған үш ай ішінде жас хирургтың бойында беріктік, табандылық, кәсіби қызығушылық бар екенін байқадым. Өз пациенттеріне көмектесуге деген ықылас пен табанды мінезі Рауан Талғатұлынан әріптестерінің құрметіне, пациенттердің сүйіспеншілігі мен сеніміне ие мықты маман қалыптастырды. Қызметтестерінің алдында беделді хирург. 2018 жылы өңірдің онкологиялық қызметін дамытуға деген ұмтылысы мен табандылығының нәтижесінде Рауан Сейітбаев облыстың жас дәрігерлері арасында “Жастық шақ. Жаңашылдық. Талант” номинациясының жеңімпазы атанды, – дейді Гүлмира Габдулқызы. Облыстың онкологтары тек соңғы үш жылда ғана 15 жаңа технология енгізіпті. Олардың барлығы – аз инвазивті инновациялық әдістер. Емдеу ұйымының соған лайықты ең озық құралдармен жабдықталуы да өңірдегі онкологиялық қызметтің жүйелі дамып келе жатқанын көрсетеді.
-Бүгінгі таңда біздің дәрігерлердің кәсіби дамуы үшін көп мүмкіндіктер бар. Біздің барлық ұмтылыстарымыздың, жетістіктеріміздің, жеңістеріміздің басты мотивациясы-пациенттерге ауруды жеңуге көмектесу, – деп атап өтті Гүлмира Сагидуллина.
Өскемендегі көпсалалы онкология және хирургия орталығы Өскемен қаласы мен облыстың сегіз ауданының тұрғындарына қызмет көрсетеді, диспансерлік есепте 12 800 онкологиялық науқас тұр.
Орталықтың заманауи медициналық жабдықтармен және білікті медициналық персоналмен қамтамасыз етілуі онкологиялық науқастарға тереңдетілген диагностикалық зерттеулер мен емдеудің жоғары технологиялық түрлерін өңірден шықпай-ақ, өзімізде жүргізуге мүмкіндік береді.
2020 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша облыста өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қатерлі ісіктермен сырқаттанушылық 15,3%-ға, өлім-жітім 0,1%-ға төмендегені байқалады.
Айна Ескенқызы