Төрт түліктің саны артты
Ауданда 2018-2022 жылдарға бағытталған ауыл шаруашылығы саласын дамытудың бағдарламасы жүзеге асырылуда. Мал басын арттырып, аудан халқын сапалы өніммен қамтамасыз ету мақсатында соңғы жылдары он шақты мал бордақылау алаңы ашылды.
Мәселен, қазір Б.Тұрысбеков басқаратын «Бектас» шаруа қожалығы негізінде 1000 бас ірі қара малына арналған бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Сол сияқты, Ақшатау ауылдық округіндегі Айтқазы Ахметовтің «Қоңыр», Өркен ауылындағы Дәулет Мұқышевтың «Бақ-Дәулет», Шұбартау алқабын ен жайлаған «Дағанды», «Құлагер», тағы басқа шаруа құрылымдарында мал саны артып келеді. Аталмыш мал өсірушілер өздерінің шаруа құрылымдарын ілгері дамытып, аудан экономикасының өркендеуіне сүбелі үлес қосуда. Мәселен, «Бектас», «Атасу», «Ақышбай», «Сопы», тағы басқа шаруа құрылымдарында сиыр малының саны жылдағыдан анағұрлым артты.
Жалпы, өткен жылы барлық ауылдық округтерде төрт түлік малдың басы өскені байқалды. Бұл аудан шаруа қожалықтары мен малшы қауымының қажырлы еңбегінің арқасы деуге болады. Аудан көлемінде ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды енгізу бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Жалпы айтқанда, облыс көлемінде бірнеше модульдік шаруа қожалықтары құрылып, онда ауыл шаруашылығы саласында мал өсіріп, өнімін өндірумен айналысатын шаруаларды арнайы оқыту қолға алынған.
Аягөз өңірінің таулы аймақтарының жазы қоңыр салқын болғанымен, қысы қатал, малға жайсыз тиеді. Сондықтан да серіктестіктер мен шаруа қожалықтары қысқы мал азығын дайындауға зор көңіл бөледі. Өйткені кейбір жылдары қыстың аяғы созылып, алты ай қыста малға жемшөп тауып беру өзекті проблемаға айналуы мүмкін. Сол үшін де шаруа құрылымдары ауылшаруашылық техникаларын уақыты келгенде жаңартып отыруға тырысады. Мәселен, өткен жылы аудандағы 50 шаруа құрылымы 500 млн. 902 мың теңгеге 35 трактор, бір комбайн, бір погрузчик және өзге де 67 техника алды. Оның ішінде «Лизинг» бағдарламасы арқылы 33 шаруа құрылымы 359 млн. 260 мың теңгеге 23 трактор, бір комбайн және басқа да 34 техника алған. Сол сияқты, өз қаржысымен 17 шаруа құрылымы 141 млн. 642 мың теңгеге 12 трактор, бір погрузчик және өзге де 33 техника алды. Мемлекет тарапынан жасалып отырған осындай игі ықпалдардың арқасында мал басы өсіп, осы саламен айналысушылардың әлеуметтік хал-ахуалы арта түскені рас. Әлбетте, мұндай игілікті жұмыстардың берер нәтижелері де жоқ емес. Мәселен, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі өткен жылдармен салыстырғанда едәуір артса, шаруа қожалықтары санының өсу қарқыны жыл өткен сайын көбейіп келе жатқаны көңіл қуантады. Сондықтан да мұндай шаруашылықтарда еңбек етушілердің саны да арта түсуде. Сөйтіп, жұмыс орындарының ашылу қарқыны да үдей түскен.
Өңірдегі көптеген ауылшаруашылық құрылымдарында төрт түліктің саны артқаны жекелеген шаруа қожалықтарына байланысты екені анық. Атап айтқанда, қой малы «Құлагер», «Қоңыр», «Бақ-Дәулет», «Дағанды», «Жас талап» шаруа қожалықтарында өскені байқалса, жылқы «Керейбай», «Түсібай», «Құлагер», «Бексұлтан» шаруа қожалықтарында артқан. Мәселен, Өркен ауылдық округіндегі Дәулет Мұқышев басқаратын «Бақ-Дәулет», Мәдениет ауылдық округіндегі «Дағанды», Ақшатау ауылындағы Айтқазы Ахметовтің «Қоңыр» шаруа қожалықтары қой түлігін өсіруде елеулі нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Бүгінгі күні аталмыш үш шаруа қожалығындағы қой санының есебі әлденеше мыңдап саналады. Аудан бойынша өткен жылы ірі қара малының жалпы саны 88 344 бас, 2018 жылмен салыстырғанда (82 586 бас) 107%, қой-ешкі 176 220 бас, өткен жылмен салыстырғанда (180 413 бас) 97,7%, жылқы 41 511 бас, өткен жылға қарағанда (37 690 бас) 110,1% құрады.
Алайда, тұтастай алғанда, Шопан Ата тұқымы – қой малының жалпы саны барлық жерлердегідей азайғаны байқалады. Әлбетте, мұның объективті және субъективті себептері жетіп артылады. Бұл бүгінгі күні мал өсірушілер үшін өте қиын да күрделі мәселе болып отырғаны жасырын емес. Атап айтқанда, мал шаруашылығын субсидиялаудың өзгеруі, кейбір өндірістік кооперативтерге селекциялық асылдандыру жұмыстарына өндіріспен айналыспаса, субсидия төленбегендіктен, көптеген АӨК жұмыстарын тоқтатып, тұқымдық түрлендіруге қатысатын мал санының азаюы, үлкен көлемдегі жеңілдетілген несиелердің қолжетімсіздігі қолбайлау болып отырғаны шындық.
Дейтұрғанмен, атам қазақ ежелден «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір», деп қой шаруашылығына зор маңыз берген. Сондықтан қиыншылығы мол болса да, ата-баба кәсібінен қол үзбей, оны өркендетіп келе жатқан азаматтар баршылық. Осындай күрмеуі қиын түйіндерге де қарамастан, аудан көлеміндегі мал өсірушілер ата кәсібімізді табыс көзіне айналдырып отыр. Өйткені сай-салалы, қыратты Аягөз өңірінің мал жайылымдары кең, өрісі шұрайлы, ауа райы қоңыр салқын қолайлы болып келетіндіктен, бұл кәсіпті ілгерілете бермек.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.