«Дидардың» қонағы

Тұрсынбек Дүзбаев, Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының актері: Актер өмір бойы оқуы керек

Құрылғанына биыл 20 жыл толып отырған Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының қазақ труппасының белді актерлерінің бірі – Тұрсынбек Дүзбаев.  Бүгінде Тұрсынбектің өнерін құрметтейтін өз көрермендері бар. Жақында асқаралы 60 жастың биігін бағындырған актермен сұхбаттасудың сәті түскен болатын. Төменде сол сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.

 

Қазақ мектебін бітіргендерді қабылдамайтын

– Естуімше, сіздің негізгі мамандығыңыз мұғалім көрінеді. Ендеше, өнермен қалай жолыңыз түйісіп жүр?

– Иә, мен Өскемендегі педагогикалық институттың жалпы техникалық факультетін тәмамдағанмын. Мектепте еңбек, сызу пәндерінен сабақ бердім. Негізінде, бала кезімнен-ақ сурет салатын өнерім бар болатын. Мектепті бітірген соң, Семейге барып, институттың көркемсурет факультетіне құжат тапсырғаныммен түсе алмай қалдым. Одан Өскеменге келіп, музыкалық училищеге түскім келді. Бірақ мені музыкалық училищеге  қабылдамады. Ол кезде училищенің өз заңы бар болатын. Музыкалық училищеге түсу үшін не орыс мектебін, не болмаса музыкалық мектепті бітіруің керек. Қазақ мектебін бітіргендерді қабылдамайтын еді. Сөйтіп, Өскемен педагогикалық институтының жалпы техникалық факультетіне оқуға түсіп кеттім. Бірақ ойымның, көңілімнің барлығы өнерде еді. Ол кезде Өскемендегі Металлургтердің мәдениет сарайында «Маздақ» деп аталатын халық театры бар еді. Екінші курстан бастап сол театрдың белсенді мүшесі  болдым. Театр өнерімен сол кезде жақын таныстым ғой.  Жазушы-драматург Сәкен Жүнісовтің  «Ажар мен ажалында» Дүйсеннің, М.Әуезовтің «Қарагөзінде» Наршаның, М.Хасеновтің «Пай-пай, жас жұбайларында» Бекзаттың рөлін ойнадым. Өзімізге бәрі қызықты. Жылына бір спектакль қоямыз. Жалпы, бұл «Маздақ» театрының өзі қорғасын-мырыш комбинаты жанынан 1958 жылдары құрылған екен.  Өскемендегі өнерге жақын қазақ студенттері, зауыттың жұмысшылары осы театрдан шықпайтын. Жетекшісі Төлеухан Бадығанов ағамыз болатын. Төлеухан аға  сол кездің өзінде Өскеменде қазақ театрын ашу керек деп бізге жиі  айтатын. Мәдениет үйіндегі өзге ұлт өкілдері ол кісіні жаратпай, мүйіздейтін де жататын. Бірақ Төлеухан ағамыз ешкімге бой бермейтін еді. Сол «Маздақтың» жанынан «Балауса» деген вокалды-эстрадалық ансамбль де құрылған болатын.  Қазіргі өңіріміздің театр өнеріне үлес қосып жүрген Гүлбақыт Бақтыбаева, Майра Қаламқызы, Шолпан Кеңесханқызы секілді өнерпаздар осы ансамбльдің белді мүшелері еді. Олар ол кезде музыкалық колледжде оқитын.  Институтты бітірген соң, жолдамамен Ақмола облысы, Вишнев ауданы, Михайловка ауылының орта мектебіне мұғалім болып бардым. Бірақ бір жылдан кейін туған ауылым Жаңауылға қайтып оралдым. Өйткені анама көмектесуім, бауырларымды аяқтан тұрғызуым керек болды. 1984 жылдан 1994 жылға дейін осындағы Максим Горький мектебінде мұғалім болдым. 1991 жылы өнер мектебін ашып, сол өнер мектебінің директоры қызметін атқардым. Ол кезде Қанат Ниязбеков пен Гүлбақыт Бақтыбаева ауылдағы Мәдениет үйінде жұмыс істейді. Мектептен кейінгі уақытымда мен де солардың жанынан табылатынмын. Олар айлық алып қызмет етсе, мен айлық алмаймын. Спектакль қойса, бір рөлді мен ойнаймын. Үгіт бригадасы шопандарды араласа, мен де бірге шығамын. 1986 жылы ауыл театры халық театры атағын жеңіп алды. Ал 1996 жылы Өскеменге келдім. Бір кездегі Төлеухан ағам бұл кезде облыстық мәдениет басқармасында жұмыс істейді екен. Тағы да «Театр ашамыз» деп еліктіріп қойды. Ол кезде облыстың әкімі Қажымұрат Нағыманов та, Талғатбек Абайділдин ағамыз орынбасары болатын.  Шынын айтсам, Төлеухан Бадығанов ағамыз осы театр ашу мәселесімен облыс басшыларына ай сайын кіретін еді. Бара беретін, бара беретін. Кездесе қалсақ, «әкімшілікке бардым», «анаған кірдім, мынаған кірдім» дейтін. Сөйтіп жүріп, ұзақ жылдар армандаған театрымыз 2000 жылы ашылды ғой. Ақпанның 14-інде бұйрық шығып, жұмысқа кірдік.

Ең мықты әртіс – мұғалім

      – Содан бері де 20 жыл зымырап өте шығыпты. Жалпы, осы уақыт ішінде қанша рөл сомдадыңыз?

– Санамаппын. Шамамен, 30-дай болып қалатын шығар.

– 30-дай дейсіз бе? 20 жыл үшін аз ғой…

– Иә, аз. Бірақ талантты режиссер Рүстем Есдәулет өмірден озған соң, театрымыз біраз жыл тоқырау кезеңін бастан өткергенін де айтқым келеді. Жаңа спектакльдер қойылмады. Не істерімізді білмей, дағдарып қалдық қой. Қазірдің өзінде жылына бір-екі спектакль ғана қойылады.

     – Ал  өзіңіздің  шығармашылығыңыз үшін жемісті болған, актер ретіндегі диапазоныңызды ашып көрсеткен  театрдағы жақсы жылдарыңыз қайсы?   

– Ең жақсы кездерім деп театрдың алғаш ашылған кездерін айтар едім. Ол кезде барлығымызда керемет құлшыныс, керемет шабыт болды. Небары екі-үш жылдың көлемінде мықты-мықты дүниелер қойылды. Сол жылдары «Қозы Көрпеш-Баян сұлуда» Қарабайдың, «Пай-пай, жас жұбайларда» Қасымның, «Шолпанның күнәсінде» Сәрсенбай рөлдерін сомдадым. Кейін талантты, жас режиссер Рүстем Есдәулет келді. Жалпы, менің эпизодтық рөлдерім де өте көп. Рүстем Есдәулеттің «Ұр, тоқпағынан» бастап көп ертегілерде   ойнадым. Жалпы, балаларға арналған қойылымдарда ойнағанды жаным сүйеді. Театрға қырық жасымда келсем, он шақты жыл бала болып ойнаппын. Бала дегеніңіз ең шынайы көрермен ғой. Өтірік ойнағаныңды бала бірден сезіп қояды. Айқайлап, шуылдап кетеді. Балаларға қалай болса, солай сөйлей салуға болмайды. Баланың көңіліне ұнайтын сөзді іздеп, дөп табуың керек. Аңқаулыққа, зұлымдық пен озбырлыққа бала жаны шыдамайды. «Ұр, тоқпақ»  ертегісінде бертінге дейін бала болып ойнасам, қазір шалдың рөлін ойнап жүрмін.  Өзі бір  аңқау шал ғой. Сонда жас көрермендерім «Ата, байқаңыз», «Ата, әне келе жатыр, міне келе жатыр»  деп,  маған жаны ашып отырады. Аңқаулығыма ашуланып, ренжиді.

       – Баланың рөлін шынайы сомдау үшін актердің өзінің де жан дүниесі мөлдір, таза болуы керек шығар?

– Әр адам өзін «мен таза емеспін» деп ойламайды ғой. Бала рөлін шынайы сомдауыма бұрын мұғалім болғанымның да әсері бар деп ойлаймын. Мұғалім дегеніңіз – негізі, ең мықты әртістер ғой.  Мұғалім болу үшін де әр баланың тілін табуың, ебін табуың керек. Сахнада да солай. Бұрын мектепте жүргенде мұғалімдермен небір интермедияларды қоятынбыз. Қатырып ойнап беретін. Театрымыз ең алғаш ашылған кезде де біраз мұғалім актер болуға талаптанып, бағын сынап көрген болатын. Тіпті Өскемендегі №44 мектептен Сандуғаш деген мұғалім, №20 мектептен Анар деген мұғалім театрға актер болып қабылданған да еді. Кейін қайтадан мектепке кетіп қалды.

Интернетте де білім бар

      Біздің елде мұғалімдер, дәрігерлер, өзге де мамандық иелері білімдері мен біліктілігін көтеру үшін арнайы курстар оқып жатады. Актерлерге осындай курстар керек пе? Сіз шеберлігіңізді қалай шыңдайсыз?

– Жалпы, менің актерлік білімім жоқ. Қырғызстанда оқып, режиссер мамандығы бойынша дипломды да үш жыл бұрын ғана алдым. Мен өзім актер өмір бойы оқуы керек деп санаймын. Рас, арнайы оқу орны техниканы үйрететін шығар, мысалы, сахнадағы қимыл-әрекетті, қалай жығылуды, интонацияны қалай беруді, дикцияны үйретуі мүмкін. Ал таза актерлікті актер өзі үйренеді. Актерде ең алдымен түйсік болуы қажет. Түйсігің болмаса, актер бола алмайсың. Ойыңда образды жасап алмасаң, рөлің шынайы шықпайды. Кейбір актерлер өзімшіл. Сахнадағы серігінің не айтып жатқанын тыңдамайды. Өзінің сөзін айтып қояды да отырады. Сахнада серігіңді тыңдай білуің керек. Рөл дегенің өз сөзіңді ғана айту емес, сахнада серігіңнің  бабын табу да маңызды. Қимылыңа, сөйлеуіңе жол ашып беретін актерлер болады. Содан кейін керісінше кедергі жасайтын  актерлер де болады. Жалпы, қазір интернеттің заманы ғой. Дұрыс пайдалана білсең, білім алу үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Интернеттен де көп нәрсені үйренуге болады.

      – Білуімше, сіздің өлең жазатын ақындығыңыз, ән шығаратын сазгерлігіңіз де бар…

– Иә, өлең жазатыным рас. Бірақ ешқайсысын басылым беттеріне жариялаған емеспін. Өзім үшін жазамын. Ал әндерімді біраз әнші орындап жүр. «Анама» деген әнімді Қанат Ниязбек орындаса, Майра Қаламқызының репертуарында Хасен Зәкәрияның сөзіне жазылған «Аңсау» деген әнім бар. Ал тарбағатайлық ақын Хамит Балшабек ағамыздың «Жиырма бес» деген өлеңін марқұм Серік Рыспаев орындайтын еді, қазір Өзгеріс Шектібаев айтып жүр. Содан кейін өзім жазған қаншама интермедияларым бар. 2001 жылы Алматыда өткен «Шағын комедиялар блиц-фестивалінде» менің жазған шағын интермедиям алты аталымның бірі «Көрермен көзайымын» жеңіп алған болатын. Одан басқа  облыстық деңгейде өткен Наурыз, Құрбан айт секілді қаншама мәдени шараларға сценарийлер де жаздым.

      – Жазған дүниелеріңізді  жинақтап, кітап етіп шығару жоспарыңызда жоқ па?

– Әзірге жоспарымда жоқ. Мүмкін болашақта шығара жатармын.

– Әңгімеңізге рақмет! Сізге шығармашылық табыс тілеймін.

Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button