Өзекті

Тіршілік түйткілдері

 МАЛАЙ

Дәл бүгін байдан гөрі кедей, қайыршы мен қаңғыбас көп. Бұл қазіргі қоғамдық құрылыстың заңдылығы да. Бай байға, сай сайға құятын заман туды. Нарықтық көзқарас тұрғысынан алғанда ешкімді де жазғырудың реті жоқ. Адал еңбек, маңдай терімен байығандар да, ебін тауып елді еңіретіп, біреудің несібесін тартып жеп, қарғысқа ұшырап отырған байлар да бар. Жұмыссыз қалғанда бар жиған-тергенін, мал-мүлкін лажсыздан саудалап, көген көздерін ішіндіріп-киіндірем деп орта құрсақ болып қалған көп балалы отбасылар көп. «Нашар қорғалған» деп ат қойып, айдар тағып жүрген әлеуметтік топ бір төбе. Тепсе темір үзсе де шөп басын сындырмайтын, «жатқанды жарылқа» деп жалбарынуды ғана білетін, құдайдың қарғысына ұшырағандар да жетерлік. Отбасынан ажыраған, маскүнемдікке салынған, ешкімге керексіз де елеусіз тағы бір топ бар.

Қай-қайсына да жер басып жүрген соң өмір сүру керек. Қалай? Қала байлары қызметші ұстайды дегенді еститінбіз. Шет ел киносындағы отбасының бір мүшесіне айналып кеткен қызметші-күтушілерге көзіміз бен көңіліміз үйреніп кеткендіктен бе, бұған оншалықты мән бермедік. Табиғи құбылыс сияқты болған. Ал, қазақ ауылдарындағы байлар малай ұстай бастапты. Кәдімгі кісі есігіндегі малай-жалшы. Бір-екеуімен кездестік те.

– Бәленбайдың қойын бағамын, – дейді біреуі. – Бала-шағаны асырау керек. Айлығыма азық-түлік береді. Басқа жұмысқа да жегеді. Жақпай қалсам, «кет-кеттің» астына алады. Қайда барасың, шыдау керек.

– Қатын-баладан әлде-қашан айырылғамын, – дейді енді біреуі.

– Өлуге айналған соң, осы үйді сағалап келдім. Кезінде көп-көрім қызмет те істедім. Бәріне арақ кінәлі. Енді, міне, байекеңнің отымен кіріп, күлімен шығамын. Киімім мен тамағымды айырып жүрмін. Түнде мал күзетемін. Таяқ жейтін сәттер де болады. Бірақ, менің маңдайыма осы босаға жазылған шығар. Өмір сүруге болады.

Бұған да ешкім таңдана қоймас. Бай болған жерде кедей-жалшы, малай-малшы болары сөзсіз. Бір-ақ сұрақ бар. Сонда қазақ даласына қазан төңкерісіне дейінгі заман қайта орнағалы тұр  ма?

КЕЙБІР ҚЫЗДЫҢ «ҚЫЛЫҒЫ»

«Қызымыз қылықты, ұлымыз ұлықты» болсын деп бата тілеген ата-ана ұрпағының ұлағатты азамат болғанын қалайтыны белгілі. Бірақ, заман азды ма, адам азды ма, кім білсін, қылмыс әлеміндегі кейбір қыздардың «қылығы» жерге қаратып жүр. Арын сатып, тәнін сатып күн көріп жүрген қыздар қаптап кетті. Қазір олар тағы бір «қылық» тауып алыпты. Жібі түзу, қалтасы қалың жігіттерді көрсе, алдап-арбап уысына түсіреді де жылы-жұмсағын жеп, ащы-тәтті суын ішіп, төсек мәселесін де шешіп тастайды. Бұл іске әбден кәнігі болғандығы сондай, сол түннің ішінде-ақ «абыройымды айрандай төкті, қорлады, зорлады» деп аттан салады. Ар жағы белгілі. Милиция келеді, желікпе жігітіңнің қолына кісен салынады, куә де табылып, қылмысты іс қозғалады. «Байтал түгіл бас қайғыға» ұшыраған сабазың «жәбірленуші-қарындасының» алдында мүсәпір күйге түсіп, айтқанына көніп, айдағанына жүреді. Туған-туысы, жора-жолдастары аяқтарынан тік тұрып, тергеуші мен қыздың арасында араша сұрап жүгіреді, аяғына бас ұрып, кешірім сұрайды. Қыз кергиді. Тағы да жалынып-жалбарыну. Ақыры қыруар ақша талап етіп, сотқа жеткізбей арызын алады. Материалдық та, моральдық та соққыға жығылған сылқым-серің аз күнгі сергелдеңнен-ақ жүні жығылып, ел бетіне қарағысыз болып қалады. Ал, аяқ астынан «жәбірленген» бикештің есебі түгел.

Мұндай одағай оқиғалар мен жат қылықты қаладан да, ауылдан да естіп-көріп жүрміз. Жыл арқалап, темір тордың ар жағына кетіп жатқандар да бар. Ал, ақша табу жолындағы қыздардың қоқан-лоқысы, бопсасы заң алдында ескерілмей келеді. Әлде, бұл қылмыста да сыбайластық бар ма екен. Бұл тұста, арбауға түскен еркек кіндіктілерді де ақтаудың жөні жоқ. Тек жүрсе, тоқ жүрмей ме? Әйтсе де, «өзі үйде, қылығы түзде» кейбір қыздарымыз таңқалдырып-ақ жүр.

АУЫЛДАН НЕГЕ КӨШІП ЕҢ?

Жуықта бұдан бір-ер жыл бұрын алыстағы ауылдан қалаға көшіп келген танысымды жолықтырдым. Өңі жүдеу, еңсесі түскен. Жұмыссыз жүргеніне біраз болыпты. Қатын-баланы асырауды былай қойсын, үйдің «квартплатын» төлемедің деп ауық-ауық сотқа шақыратынды шығарыпты. Бұл өмірден баз кешіп тұр.  Оны шынымен аядым. Өйткені, ол ауылда тұрғанда қызыл кірпіштен бес бөлмелі үй тұрғызған, астында көлігі бар, қорасы толы мал еді. Өзі ақкөніл, адал жігіт. Бес баласы да мектепте алаңсыз оқып, отбасының өзіндік бақыты байқалып тұратын. Не айтарымды білмедім.

– Ауылдан неге көшіп ең? – дедім аузыма басқа сөз түспей.

– Жалпы, мен ғана емес, мұқым қазақ адасты ма деймін, – деді мұң торлаған жанарын тіке қадап. – Қала гүлденіп тұр, балаларың да өсіп қалды, оқу-тоқуына да оңтайлы деп таныстарым азғырған сон, ақкөңіл басым ештеңені ойламай, мал-мүлкімді, үй-жайымды сатып осында келдім. Бес қабатты үйден үш бөлмелі пәтер сатып алдым. Келген соң базар жағалап едік, онымыздан ештеңе шықпады. Азын-аулақ қор түгесілді. Нақты жұмыс болмаған соң тірліктен береке кетеді екен. Енді осындағы үйді сатып, ауылдан баспана, мал-мүлік сатып алмақшымын. Туған ауылым, туыстарым жатырқамас. Ары кетсе, күн көре алмай, қайтып келді дер. Менің күйімді кешіп жүрген ауылдың атпал азаматтары жетерлік.

Қатты ойға қалдым. Шынында да, алтын бесік – ауылдан қалаға үдере көшіп, мұқым қазақ адасты ма? Жазда алыстағы ауылда болғам. Мемлекеттен күдер үзген олар бір Аллаға ғана жалбарынып, өмір сүрудің өзіндік жолына түсіп, тауқыметті тірлікке икемделіп-ақ қалыпты. Егін егеді, мал өсіреді. Етек-жеңдерін жиған. Икемді де ілкімділері адал еңбектің арқасында байып та алған. Олар қаланың көшесінде безектеген менің танысымды көрсе, өз өмірлеріне тәубе қылар еді. Өмір бойы төрт түлікті тірлігінің тірегіне айналдырған алыстағы ауыл қазағының мал-жанының амандығын тіледім.

Уәлихан Тоқпатаев
16 қараша 1999 жыл

Осы айдарда

Back to top button