Экология

Тұрмыстық қалдықтар полигондары салынады

Өңірде алдағы жылдарда Өскемен мен Семей қаласынан бөлек тағы бірқатар қалаларда тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны салынады. Бұл жөнінде жақында өткен облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында айтылды.

Сессияда облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов жобаны іске асыру 2021 жылға жоспарланып отырғанын атап өтті.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, Өскемен мен Семейде аталмыш жоба Еуропалық қайта құру және даму банкінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Жобаның жалпы сомасы – 13,3 млрд. теңге.

– Техникалық-экономикалық негіздемесін дайындаумен австриялық кеңесші-компания шұғылдануда. Нәтижелері жылдың соңына дейін ұсынылатын болады. ЕҚҚДБ-мен келісімді бекіту 2020 жылдың наурыз айына жоспарланған. Тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысын 2021 жылы аяқтау көзделуде, – деді Бақытжан Байахметов.

Семей қаласында қалдықтардың барлық түрлерін көму және кәдеге жарату бойынша қоқыс үйіндісі жобасының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген, сараптаманың оң қорытындысы алынып, 20 гектар жер учаскесі бөлінген. Жоба жеке инвесторлардың қаражаты есебінен 2020 жылы іске қосылады деп жоспарлануда.

Сонымен қатар Риддер қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу торабының құрылысы қолға алынған. Оның қуаттылығы жылына 30 мың тоннаны құрайды. Қазіргі кезде жабдықтар сатып алынып, монтаждау жүргізілген. Пиролиздік пештер орнатылып, іске қосу-реттеу жұмыстары атқарылуда. Нысанды іске қосу ресми түрде ведомстводан тыс кешенді сараптама алынған соң жүргізілмек. Жоба құны – 237 млн. теңге, құрылыс жұмыстарына жауапты «Фирма» Эталон» ЖШС.

Бұдан бөлек, жекеменшік инвестициялар есебінен Шемонайха қаласындағы қалдықтар полигонында сұрыптау желісін салу, ал Семейде  қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу жоспарланған. Бүгінгі уақытта «Шемонайха Ком-Хоз» ЖШС қалдықтарды сұрыптауды қолмен атқарып келеді.

Сондай-ақ өңірдегі моноқалалар Алтай мен Аягөзде, Серебрянка мен Курчатовта да сұрыптау желілері бар санитарлық полигондар құрылысын мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүргізу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде тиісті келіссөздер жүргізіліп жатыр.

– Жыл сайын өңірдің елді мекендерінде 180 мың тоннаға жуық тұрмыстық қалдықтар жиналады. Алайда қайта өңдеуге оның мардымсыз бөлігі ғана жіберілуде. Мысалы, 2018 жылы қайта өңделген қалдықтың көлемі тек 4,6 пайызды ғана құрады, – деді Бақытжан Байахметов.

Облыс әкімінің орынбасары сонымен бірге, қалдықтарды жинау мәселесі де күні бүгінге дейін нақты шешімін таппай отырғандығын да атап көрсетті. Негізгі себеп – қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару тарифінің төмендігі.

– Мәселен, Шығыс Қазақстанда жеке тұлғалар үшін тариф – 177,5 теңге болса, Қазақстан бойынша – 235 теңге, сәйкесінше, бізде заңды тұлғаларға – 1021 теңге, ал өзге өңірлерде 1483 теңге. Сондықтан бұл жұмысқа көп компаниялар жауапкершілік ала бермейді, – деді ол.

Өңірдегі тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға қатысты тағы бір мәселе – ол тұрғындардың қалдық шығарумен айналысатын мекемелермен келісімшартқа отырмауы. Ал келісім болмаған үйлердің тұрмыстық қалдықтары шығарылмайтындығы белгілі. Бақытжан Байахметовтің айтуынша, әсіресе, қала сыртындағы елді мекендер мен саяжайлық аумақтардағы жер үйлерде тұратындар мүлде келісім жасаспайды.

– Көп ретте олар үйілген қалдықтарды өз беттерінше өртеп жіберуге тырысады. Бұл экологиялық жағынан да, өрт қауіпсіздік ережелері жағынан да заңға қайшы. Сондықтан тұрғындар арасында барынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button