Құқық

Тіркеу мерзімі алты айға ұзартылды

 Армениядан әкелінген автокөліктерді тіркеу мерзімі алты айға ұзартылды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыстық полиция департаменті ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап бүкіл ел бойынша Армениядан әкелінген көлік құралдарын тіркеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын еске салды. Ал 2 қыркүйектен бастап «Қазақстан Республикасы азаматтарының Армения Республикасында тіркелген жекелеген көлік құралдарын Қазақстан Республикасына әкелуінің және пайдалануының кейбір мәселелері туралы» ел Үкіметінің 2020 жылғы 20 мамырдағы қаулысына өзгерістер енгізілді. Осыған сәйкес, бұған дейін 1 қыркүйекке дейін белгіленген құжат тіркеу мерзімі 2021 жылдың 1 наурызына дейін ұзартылды.

Армениядан Қазақстанға әкелінген автокөлікті тіркеу үшін оның иелері тіркеу алымдарын төлеп (жалпы сомасы 12 мың теңгеден кем), жеке басын куәландыратын құжат пен нотариалды куәландырылған аудармасы бар автомобиль құжаттарын ұсынулары қажет. Құзырлы органның хабарлауынша, тіркелгеннен кейін көлік иелеріне Қазақстан Республикасының көлік құралын тіркеу туралы Ұлттық куәлік және сары түстегі мемлекеттік нөмірлер беріледі.

Сонымен қатар Армениядан тіркелген автомобильдерді пайдалану мерзімі шектелмейді, автомобиль иесі оны иеліктен шығару құқығынсыз пайдалану мерзімі туралы шешім қабылдауға құқылы.

– Армениядан әкелінген көлік құралдарын тіркеу тәртібі туралы азаматтарға түсінік беру үшін күн сайын 8-(7232)-23-41-65, 23-41-59 телефон нөмірлері бойынша Сall-орталық жұмыс істейді. Онда облыстық полиция департаменті әкімшілік полициясының қызметкерлері жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ эпидемиологиялық жағдайға байланысты мамандандырылған ХҚКО-да жұмыс режимі қысқартылғанын, азаматтарды қабылдау кезекті алдын ала броньдау бойынша жүзеге асырылатынын еске салғым келеді. Қажетті құжаттарды жинау, автокөлік иесінен мүдделерді қамтамасыз ету үшін сенімхат алу аз уақытты қажет етпейді, бұл Үкімет белгілеген тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін жеткіліксіз болуы мүмкін. Осыған байланысты облыстық полиция департаменті меншігінде армениялық автокөлігі бар тұрғындарға оларды тіркеу мәселесін кешіктірмеуге кеңес береді, – деді облыстық полиция департаментінің бастығы Сағат Мадиев.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button