Денсаулық сақтау

Тұмауға қарсы екпе салу басталды

Облыста жіті респираторлық вирустық инфекциялардың алдын алу үшін тұрғындарға тұмауға қарсы екпе егу науқаны басталды. Биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен тұмауға қарсы ресейлік «Гриппол плюс» вакцинасының 77 679 дозасы сатып алынған, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе артық.

Өскемен қаласындағы №2 емханада  тұмауға қарсы екпені жаппай қабылдауды насихаттау мақсатында облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова жұқпалы вирусқа қарсы екпені алғашқылардың бірі болып ектірді.  Емдеу орнының бас дәрігері Екатерина Адильчанованың сөзіне қарағанда, тұмауға қарсы екпе қабылдау туралы ақпарат тұрғындарға қолжетімді, дәрігерлердің кабинеттері мен күтетін залдарда, тіркеу орнында жеткілікті түрде таратылған.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мамандарының мәліметтері бойынша, 2019 жылы эпидемиологиялық маусымда облыста тұмаудың зертханалық расталған 72 жағдайы анықталыпты. Өткен маусымда А типті тұмау басым болған, вирусты жұқтырғандардың 92 пайызында A/H3N2 штаммы кездессе, қалған сегіз пайызында B типті тұмау тіркелді.

— Былтыр өңірімізде бірінші болып тіркелген В типті штамм   Нұр-Сұлтан қаласында зертханалық дәлелденгеннен кейін, Атлантаға жіберілген болатын. Атлантада өткен эпидемиялық маусымда әлемде кездескен тұмаудың барлық түрлерін зерттей келе, алдағы маусымға дайындалған вакцинаның ішіне қандай штамм кіргізу керектігі анықталады. Биыл оған Шығыс Қазақстанда кездескен штамм кіріп отыр.  Бұл жылда істелінетін жұмыстар.  Дегенмен осы маусымдаA/H3N2 штаммы кездеседі деп күтілуде, – деді облыс бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүляим Тагаева.

Департамент басшысының орынбасары бюджеттен сатып алынған вакцина бірінші кезекте тәуекел тобына кіретін азаматтарға тегін егілетінін ескертті. Олардың қатарына жиі ауыратын балалар, диспансерлік есепте тұрған науқастар, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, қант диабеті, демікпе сияқты созылмалы дертке шалдыққан егде адамдар, қарт адамдарға арналған жабық мекемелердің тұрғындары, жүктіліктің екінші, үшінші үш айлығындағы болашақ аналаркіреді.

-Жүктілік кезінде екпенің ешқандай зияны жоқ, керісінше, шарананы әртүрлі  асқынулардан сақтайды.Тұмау асқынған кезде өкпе демікпесіне әкеліп соғуы мүмкін.  Сол себепті жүкті әйелдер уақтылы екпе қабылдаса, өзін де, шақалақты да жұқпалы вирустан қорғап қалады, – дейді облыстық дкнсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Райфа Сафиоллинова.

Тәуекел тобына жатпайтын азаматтар тұрғылықты жерлері бойынша вакцинаны ақылы түрде ектіре алады. Өңірде барлығы 67 екпе кабинеті жұмыс істейтін болады. Екпе Өскемен қаласында үш емдеу мекемесінде, Семей қаласында төрт емханада салынады. Ақылы егу кабинеттерінде Нидерландыда өндірілген «Инфлюбак» және Францияның өнімі «Ваксигрипп»  екпелері егіледі. Екпенің бағасы – 2460 теңге.

– Өткен жылдары бізде тұрғындарды вакцинамен қамту көрсеткіші жоғары болды, он бір пайызды құрады, ал ДДҰ он пайызды қамтуды ұсынады. Біз ол үшін, ең алдымен, облыстық әкімшілікке алғыс айтқымыз келеді. Жыл сайын сатып алынатын дозаның көлемін арттырып отыр.  Облыста тұмаудың асқыну жағдайлары да тіркелген жоқ. Біз екпе салуды осы айдың аяғына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Өйткені иммунитеттің қалыптасуына бір айдай уақыт кетеді. Сол себепті тұрғындарға екпені дер кезінде қабылдауды тағы да ескерткім келеді, – деп қорытындылады департамент басшысының орынбасары Гүляим Тагаева.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button