Төбелесті тоқтататын жігіттер

Кілең элиталық әскер қатарында борышын өтеген жігіттер құрған «Арлан» атты әскери-патриоттық клуб бар Көкпекті ауданында. Олардың атқарып жүрген шаруасы да, алға қойған мақсаты да қызық.

Алдымен клуб мүшелерімен таныстырып өткеніміз жөн болар. Клуб жетекшісі – Әлижан Артықбаев, ол – аудандық жастар орталығының да жетекшісі. Ал мүшелері: шекара қызметіндегі 25/44 әскери бөлімінің медициналық көмек көрсету пунктінің бастығы, фельдшер Тимур Ахмеров; Көкпекті орта мектебі кадет сыныбының тәрбиешісі, офицер Талғат Тұрсынов; Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Елеусіз Қиынбаевтың немересі Алмас Қиынбаев және орталық аудандық аурухананың фельдшері Дидар Қалиахметов.

– Мен өзім Ақтауда теңіз жаяу әскері қатарында болдым. Клубымыздың мүшелері де әуе десанты, теңіз әскері сынды әртүрлі элиталық әскерде Отан алдындағы борышын өтеген. Барлығы – жас күнінен спортпен шұғылданған шымыр жігіттер, – дейді Әлижан Артықбаев.

Клуб мүшелері аудандағы барлық әскери-спорттық шараларға белсене қатысады. Сонымен қатар бұл жігіттер ауылдарда қандай да бір ұрыс-төбелес бола қалса, соны тоқтатуға барады екен.

Төбелесті тоқтататын жігіттер

– Құрылғанымызға төрт жыл болды. Жоғарғы сынып оқушыларын жауынгерлік ұрысқа дайындап, физикалық жаттығулар жасатамыз. Олардың арасында қандай да бір сайыс өтсе, қазылық етеміз. Саптық жүріс пен қазіргі әскери білім берудің теориясын да оқытамыз. Қатарымызда кадет сыныбының тәрбиешісі бар екенін баса айта кетейін. Бұдан бөлек, біз ауыл-ауылды аралап, түнгі рейдке шығамыз. Кеш жүрген жастарға ескерту айтып, қандай да бір шулы жағдай, ұрыс-төбелес болса, соны тоқтатуға барамыз. Ауылдарда учаскелік полиция біреу ғана болады ғой. Сондықтан олардың жұмысына көмектесеміз, қоян-қолтық жұмыс істейміз, – деген Әлижан Артықбаев клуб мүшелері жастардың патриоттық тәрбиесіне байланысты медаль мен марапат қағаздарына ие болып жатқанын атап өтті.

Олар көктемдегі карантин кезінде де бақылау бекеттеріндегі қызметкерлерге көп көмектескен. Бәлкім, «Арлан» белгісі бар маска таққан «бақылаушылар» жүргіншілердің есінде де қалған шығар.

– Осы күзден бастап жастарды әскер қатарына дайындауды жоспарлап отырмыз. Жеке бас қауіпсіздігін қалай сақтау керек, әскерде қалай жүріп-тұру қажет – барлығын үйретеміз. Облыс орталығынан сарбаздарды шақырып, жастармен кездесу ұйымдастыру да жоспарда бар, – дейді клуб жетекшісі.

Ешқайдан айлық алмайтын, барлық шығынды өз қалталарынан шығаратын ерікті жігіттердің ерік-жігері, шынымен де, таңғалдырарлық. «Бізге жұмыстағы әріптестеріміз немесе өзге таныстарымыз кейде қолдау көрсетіп жатады. Алайда олар – ешқандай да меценат емес. Алдағы уақытта материалдық тұрғыда қолдау табылса, бұдан да артық шаруаларды тындырар едік» деп армандайды клуб мүшелері.

Жасын Қалибек