Сындарлы белестерден өттік
1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні. 2011 жылдың 10 желтоқсаны күні Парламент Сенаты депутаттарының бастамасымен «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңына толықтыру енгізу туралы» Заң қабылданған болатын. Бұл Заң 1 желтоқсанда аталып өтілетін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін белгіледі.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттің бірлігін, Конституциясын, адам мен адамзаттың құқықтарын және бостандықтарын қорғауды қамтамасыз еткен жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы тұлға екендігіне ешкімнің дауы жоқ. Осыған орай, аталған Заңның қабылдануы нәтижесінде еліміздің Тұңғыш Президентінің Отанымызға сіңірген зор еңбегі лайықты негізде мойындалған болатын.
Тәуелсіздіктің қайнар көзі – 1991 жылдың 1 желтоқсанында еліміз алғаш рет бүкілхалықтық сайлау өткізіп, өзінің тұңғыш Президентін сайлап алған күннен басталды. Сондықтан да Қазақстан Республикасы өзінің Тұңғыш Президентін сайлаған күн елімізде мемлекеттік мереке болып бекітілді. Себебі Мемлекет басшысының еліміздегі кең ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформаларды жүзеге асырудағы, Қазақ елінің әлемге танымал мемлекет болып танылуындағы еңбегі ұшан-теңіз.
Тәуелсіз Қазақстанның дүниеге келуінің ұлы шежіресі бірқатар тарихи кезеңдерден тұрады. Олар: 1990 жылдың сәуірі – Н.Назарбаевты Республика Президенті лауазымына тағайындау, 1990 жылдың қазаны – Қазақстанның тәуелсіздігі туралы Декларацияның бекітілуі, 1991 жылдың тамызы – Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы, қараша айы – республикалық егемен алтын-валюта қорының құрылуы, 1991 жылдың желтоқсаны – алғашқы бүкілхалықтық президенттік сайлау, біздің мемлекетіміздің жаңа атауы туралы шешім қабылдау, 16 желтоқсан – «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңды қабылдау, 1993 жылдың 15 қарашасы – өзіміздің ұлттық валютаны және қаржы жүйесін енгізу.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айрықша атап өтетін Тәуелсіздік жолындағы шежіреде Қазақстан халқы сол бір өліара кезеңде жүріп өткен үш шешуші тарихи белес бар. Оның біріншісі, біздің еліміздің алғашқы абсолютті егеменді мемлекеттік актісі – Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойылуы. Екінші белес – 1991 жылдың 1 желтоқсанында біздің халқымыздың бүкіл тарихында алғаш рет өткен жалпыға ортақ Қазақстан Президенті сайлауы. Үшінші белес – «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңның қабылдануы.
2019 жылдың 20 наурызында өткен Қазақстан Республикасының Президенті сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз еліміздің екінші Президенті болып тағайындалды.
Тұңғыш Президент күні – баршамызға етене жақын мереке. Өйткені оны біз бүкілхалықтық мейрам деп қабылдаймыз. Қазақ мемлекетінің дербес ел ретіндегі бірінші саяси қадамы осы күннен бастау алған. Сондықтан бұл күн азаттықтың, дербестік пен егемендіктің символы болып саналады.
Гүлмайра Смайылова,
Күршім аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры