Сыбанқұл бастаған көтеріліс тарихтан өз орнын қашан алады?
Отаршыл империяның қазақ даласындағы хандық билікті жоюы, шекаралық аймақтарда жаңа бекіністерді салып, қазақ жерлерін күштеп тартып алуды одан әрі жалғастыруы, қазақ қоғамында әлеуметтік қатынастардың шиеленісуі еліміздің көптеген жерлерінде ұлт-азаттық көтерілістердің шығуына себеп болды. Сыбанқұл – қазақтың шығыс өңіріндегі отарлауға ашық қарсы шығып, қол жинаған, қарулы қарсылық көрсеткен бірден-бір тұлға болды.
Неге «бүлікшіл» сұлтан атанды?
Әдетте, көтеріліс – мемлекеттік билікке ашық түрде, көпшілік жағдайда қарулы қарсылық көрсету акциясы, ал ұлт-азаттық көтеріліс – ұлттық тәуелсіздікті жеңіп алуға, шетелдік үстемдікті, отарлық езгі мен қанауды жоюға бағытталған күрес болып табылады. Қазақстан тарихында өз орнын ала алмай жүрген Сыбанқұл көтерілісінің шығу себептері мен ауқымы, басып-жаншылуы мен маңызын қолдағы бар деректермен талдап көрейік.
Патшаның 1822 жылғы «Сібір қырғыздары туралы» жарлығынан туындаған Шығыс өңірдегі наразылық қозғалыстарының екі кезеңі болғаны байқалады. Алғашқысы – 1824-1826 жылдары қарадан шыққан Қожагелді Атанұлы мен Тәукебай Жәпекұлы бастаған қазақ ауылдарының Қытай шекарасына қарай, Тарбағатай жаққа көшіп кетуі. Белгілі бір елдің билік жүргізетін аймағынан қоныс аударып, көшіп кету – көшпелі елде наразылық танытудың басты құралы ретінде қолданылады және ашық қарсылық болып табылады. Алғашқы кезеңде дәстүрлі ел билеушілері – сұлтандар Ресей жағында болып, бөліне көшкен жұртты қайтаруға, көтерілісті басуға ат салысқан. Ал екінші кезеңінде 1834-1839 жылдары болған қарулы көтерілісті сұлтандар, оның ішінде батырлығымен даңқы шыққан Сыбанқұл Ханқожин басқарған.
Сыбанқұл да, Сарт та Әбілпейіз ханның немерелері, Сыбанқұл Әбілпейіздің үлкен ұлы болып есептелетін Ханқожаның баласы. «Есептелетін» дейтін себебіміз, Ханқожа Әбілпейізге өгей бала болып келеді. Наймандардың билеушісі болған Барақ сұлтан (Тұрсын ханның ұлы) өлгенде, оның жесірі Шаған ханымды Әбілпейіз алған (Құрбанғали Халид. «Тауарих хамса». Алматы, 1992 ж.,169). Ханқожа Шаған ханыммен бірге ілесіп келген Барақтың баласы болғанымен, өзі Әбілпейізді әке деп қабылдаған әрі мұрагерлік жолмен билікті де сол алған (Андреев И.Г. Описание Средней орды киргиз-кайсаков, Павлодар 2006, 57). Ал Сарт Шаған ханымнан туатын Әбілпейіздің өз баласы Жошының ұлы.
Сыбанқұлдың қазақ арасындағы батырлық беделі жоғары еді. Орыс әскери шенеуніктерінің бірі Беленицкий Омбы облысы басшысына 1832 жылы қыркүйекте жазған мәлімдемесінде: «Тәкаппар, көмек іздегендерге жайсаң, достарына адал, жауларына қорқынышты, іс-әрекеттерімен еліне сыйлы, қандастары арасында даңққа бөленген Сыбанқұл, өзіне деген халықтың құрметіне масаттанып, Сарт сұлтанмен округ билігі үшін бәсекеде болды. Сыбанқұл барымтамен, қарақшылық жортуылмен айналысып, Сартты әрекетсіз адам деп кіналайтын. Саясатқа жүйрік Сарт оның билікке ұмтылған ниетін жақсы білетін, сондықтан күшпен емес, ақылмен қарсы амал қарастыратын. Нәтижесінде, қашандағыдай ұрда-жық адуындықты айлалы ақыл жеңіп шықты» – деп Сыбанқұл мен Сартқа мінездеме берген (Коншин Н.Я. Материалы для истории Степного края. Семипалатинск, 1905.2).
Аға сұлтандыққа Сарт Жошыұлы сайланып, ойлаған мақсатына жете алмаған Сыбанқұл сұлтан Қытаймен шекаралас аймақтардағы қазақ руларын орыс патшасына бағынбауға үгіттеп, жасақ жинап «бүлікшіл» сұлтан атанды. Орыс отаршыларының дуан салып, округ ашып, ел ішіне дендеп ене бастауы еркін көшіп үйренген орта жүз қазақтары арасында дүрбелең туғызды. Сондықтан, Сыбанқұлды қолдаушылар да аз болмаған.
Сыбанқұл көтерілісі туралы жазғандар (негізгі жазған Коншин) оның Ресейге қарсы қозғалысты бастап шығу себебін аға сұлтан лауазымын ала алмағандығынан, сайлауда жеңіске жеткен Сарт сұлтанмен жеке басының араздығынан деп түсіндіреді. «Шайка Сыбанкула», «хищных киргиз», «скопище» деген сөз тіркестеріне толы мұрағатта сақталған құжаттар патша үкіметінің, оның шенеуніктерінің көзқарасын білдіретіндігі айтпаса да түсінікті. Сол мұрағатты пайдаланып, көтеріліс тарихын жазғандар да басқа ұлттың өкілдері. Сондықтан бұл халықтық қозғалысты тек Сыбанқұлдың жеке басының наразылығы деп көрсету, берісі дәйексіз пікір десек, арысы сол көтеріліске қатысқан қаншама халықты ескермеу, елемеу, тіпті қорлау болған болар еді.
Бодандықтан бас тартуға үгіттеді
Сыбанқұл аға сұлтан Сартпен де шығыспай, орыс үкіметімен араздасып, Ресей ықпалындағы жерден Қытай иелігіндегі Тарбағатай өңіріне 1833 жылы кетті. Егер тек лауазымға бола өкпелесе, бар-жоғы үш жыл мерзімге сайланатын аға сұлтандықтың келесі сайлауын күту Сыбанқұлға қиын ба еді? Оның үстіне, Көкпектіден жаңадан дуан ашу туралы мәселе де көтеріліп жатқан болатын. Көкпектіні орталық жасап, округ ашу туралы ұсыныс жасап жүргендердің бірі – осы Сыбанқұлдың өзі болатын. Көкпектіде округ ашылған жағдайда егін салып, орыстан медаль алып, шаруа тындырып жатқан Сыбанқұлдың аға сұлтан болуға мүмкіндігі мол еді ғой. Тіпті, Аягөзде сайлауға түссе де, Сарт өлгеннен кейін Сыбанқұл «елдің соңы» бола қоймас еді. Сондықтан лауазымға таласу, басараздық көтерілістің басты себебі еді деу дұрыс болмайды.
Округтер ашылып, болыстар құру жұмыстары жүргізіле бастағанда-ақ орыс шенеуніктері мен казактардың озбыр іс-әрекеттерінен еркіндіктің бастан мүлдем кеткенін жұрттың көпшілігі түсінді. Түсінді де, көшпелілердің ежелгі әдетіне салып ауа көшті.
Сыбанқұл да Ресей отаршыларының шеңгелінің қатты екенін, жазылған заң мен шеттегі шенеуніктердің ісі сай емес екендігін сезісімен округтен іргесін аулақ салды. Орысқа әлі бодан болмаған теріскей Тарбағатайдағы байжігіттерге барып сұлтан болды. Сол жақта жүріп сауда керуендеріне шабуыл жасап, орысқа бағынған ауылдарды Қытай аумағына көшуге үгіттеді. Кейбір орыс билігіне қараған ауылдарға да шабуыл жасап, малдарын тартып алған кездері болды.
Қозғалыс жайындағы алғашқы деректер 1835 жылдың 29 қаңтарында назар-мұрын болысының билеуші сұлтаны Есім Жошыұлының және басқа болыстардың басқарушылары Қалифан, Самрат, Тұрсын Жошиндердің Сыбанқұл Ханқожиннің үгіттеуімен назар-мұрындардың бір бөлігінің Қытай аумағына қарай бөліне көшуге дайындалып жатқандығы туралы Дуанға жазған хабарламасынан басталады. «Султан Сыбанкул ныне откочевав в род Давке (Тәуке. Авт) Байджигитской волости находится на месте называемой Чурга (Шорға. Авт) на самой черной дороги (так киргизы называют трактовую, по которой торговцы ходить с товарами в Китайский Чугучак.) и вызвав к себе людей Назаровской волости приглашает прикочевать к нему обещая им за съе отыскать зимние и летние кочевки» (ООМА. Қор 3, тізім 1, іс 1463;) деп Сыбанқұлдың нақты тұрағы мен елді арандатушылық әрекетін баяндайды. Сонымен қоса, осы хатта Сыбанқұлдың сұлтандардың өздерін де орыс бодандығынан бас тартуға үгіттеп жүргендігін, егер орыстар тарапынан қуғын бола қалса, былтырғы күзде казактардың мылтықтарын, найзалары мен қылыштарын тартып алған қыржыларды («представляет в приказ киргиз Кирджинской волости, которая в прошлую осень отобрали у казаков ружья, копья и сабли») қорғауға жіберемін деп сендіріп жүргенін айтады. Қазіргі кезде Назар болысынан Жанай руының ширегі, осы болысқа қарайтын старшын Арабай Сағындықов басқаратын жәмбикелер де ірге көтеріп жатқандығын хабарлайды. Сондай-ақ, әр ауылдан 5-6 шаңырақтан Сыбанқұлға кеткендер бар көрінеді. Егер Приказ шара қолданбаса, болыста мал да, жан да қалмайды деп ескертеді.
Өз жұртын құтқару құрметіне той жасапты
Патша үкіметінің жақсы жолға қойылған пошта байланысының арқасында Қытаймен шекараға жақын қазақтардың «бұзылып» жатқандығы жайлы хабар ауылдан Приказға, одан әрі Семейдегі шекара бастығына, Омбыға, Тобылдағы генерал-губернаторға айналасы бір аптада жетіп, ақпанның ортасында арнайы нұсқау алған хорунжий Масласов 40 казак, бірнеше уряднигі бар жазалаушы отрядты бастап назар-мұрын болысының шегіне келеді.
Жазалаушы отряд келгенге дейін Қарғыба өзені бойында отырған қазақ ауылдарында ел ағалары кеңесіп жатқан болатын. Сыбанқұлдың тұтқынында болып келген болыс Есім Жошыұлының іс жүргізушісі Насыр Бакиевтің берген түсіндірмесі көп жағдайлардың бетін ашады. Насыр Бакиев – Есім сұлтанның дуан тағайындаған хатшысы, жасы 40-та, мұсылман, орысша, татарша да сауатты. Ол тұтқында өзін Абиловпін деп айтқан, түсініктемесінде де сол атты пайдаланған.
Оның айтуынша, назар болысының биі Тілеміс Базаров халықты Қытайға көшу райынан қайтаруды ақылдасу үшін Есім сұлтанды шақырып келуге ағайындары Қарымсақ Шағыров, Тұрсынқожа Бакин мен Тәтімбекті жібереді. Есім оларға дуанға жіберген хатына жауап күтіп отырғандығын айтып, бармайды. Қасындағы іс жүргізушісі Абиловты сондағы жиынға қатысуға поручик Тілеміс Базаровтың аулына жібереді.
Абилов келгенде Тілеміс пен оның үлкен ұлы Тана жоқ екен. Екі кіші ұлы Қожахмет пен Есенгелді қасындағы қазақтармен Абиловтың киімін шешіндіріп, өзін байлап тастайды. Бір-екі күннен кейін байлауын шешіп, оның орнына қолына темір кісен салып, жиын өтіп жатқан Тілемістің үйіне алып келеді. Көп адам жиналған үйдің қақ төрінде Тілемістің қасында Сыбанқұлдың өзі отыр екен. Тілеміс Абиловты Сыбанқұлға «не істесең өзің біл» деп береді. Сыбанқұл төлеңгіттеріне Абиловты назарлықтардың өзіне деп әдейі тіккен үйіне апарыңдар деп бұйырады.
Жиыннан келген Сыбанқұл округте қанша әскер бар, өзіңді бұл қызметке кім қойды, Масласов қанша адаммен келе жатыр деген сияқты сұрақтар қойып, Абиловты тергеуге алады. Бұған Абилов округтегі әскер саны 500 деп, әдейі өсіріп айтады. Сыбанқұл «өлтіремін» деп қорқытқан соң Масласовтың 40 казакпен келе жатқанын амалсыз айтуға мәжбүр болады.
Мұхаметбек Асылбеков,
Семей қаласындағы Шәкерім атындағы мемлекеттік университетінің М.Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер ғылыми орталығының жетекші маманы,
Ғалымбек Базарбеков,
Семей мемлекеттік медицина университетінің тарихшысы
(Жалғасы бар)