Технология

Сұйық металдан жасалған робот

Ынтымақ Толқын

Америкалық және қытайлық ғалымдар бірлесе отырып сұйық металдан роботтың жаңа түрін жасады. Аталмыш құлтемірдің әсіресе медицина саласына тигізер пайдасы мол.

Заман дамыған сайын технологияның жетілген түрлері де күн санап артып келеді. Әсіресе адамның қолғанаты болатын роботтар жарыққа шығуда. Солардың бірін әрі бірегейін қытайлық ғалымдардың командасы АҚШ-тағы Карнеги Меллон университетінің мамандарымен бірлесе отырып жарыққа шығарды. Бұл құлтемірдің өзгелерден ерекшелігі – сұйық күйден қатты күйіне және дәл солай керісінше құбыла алуында. Ғалымдарды осындай ғажайып робот жасауға бәрімізге жақсы таныс «Терминатор» фильміндегі Т-1000 кейіпкері шабыттандырған.

Робот магнитті неодим-темір-бор микробөлшектерінен, галлиймен біріктірілген, бөлме температурасы саналатын 29,8 градуста еритін металдан жасалған. Белгілі бір формаға келтірілген робот оған берілетін магнит өрісінің әсерінен ешқандай қосалқы жылудың көмегінсіз бастапқы пішінін жоғалтады.

Ғалымдар құлтемірді таныстыру барысында оның қабілетін үш түрлі жолмен көрсетті. Біріншісінде – робот темір тордың арғы жағына қойылып, сұйық күйге ену арқылы бергі бетіне еш қиындықсыз өткен. Ал екіншісінде – адам ағзасына дәрі тасымалдаған. Соңғысында – бос қалған оқтың ішіне еніп, қуысты толтырған.

Ғалымдардың айтуынша, роботтың тигізер пайдасы мол. Медицина саласында адам қолы бармайтын жерлерге оны жіберу арқылы ағзадағы артық заттарды еш кедергісіз шығаруға болады. Өз кезегінде бұл жаңалық дәрігерлердің жұмысын тіптен жеңілдетпек. Науқастың ағзасына түскен зиянды заттарды алу үшін ота жасаудың керегі шамалы болмақ.

Сонымен қатар күнделікті тұрмыста да адам баласының мүмкіндігі шектеулі жерлерде аталмыш құлтемір тасымалдаушы қызметін атқармақ. Оның үстіне, ол белгілі бір затты көтеру үшін ұсақ бөлшектерге бөлінуге де қауқарлы.

Осы айдарда

Back to top button