Сүт сауу көлемін ұлғайтты
Азамат Темірбеков
Биыл жыл басынан бері ұландықтар 8,3 мың тонна сүт тапсырған. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген аудан әкімі Ренат Құрмамбаев хабарлады.
Экономикасының басым бөлігі ауыл шаруашылығына негізделген Ұлан ауданында бүгінгі күні жеке қосалқы шаруашылықтардан сүт сатып алу жұмыстары қарқын алған. Атап айтсақ, бүгінде осындай жұмыспен айналысатын 12 сүт қабылдау пунктіне жыл басынан бері 8,3 мың тонна сүт тапсырылған.
– Сүтті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасының арқасында бүгінгі таңда ауданда тауарлы-сүт фермаларының саны екі есеге артып, осындай фермалар саны 11-ге жетті. Қазіргі уақытта оларда 2188 бас сауын табыны ұсталуда. Сегіз айдың қорытындысы бойынша облыс кәсіпорындарына олар тоғыз мың тоннадан астам шикізат тапсырған. Сонымен қатар қазірде «Багратион» шаруа қожалығы базасында 300 басқа арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Аталмыш нысан құрылысының аяқталуы келесі жылға жоспарланып отыр. Айта кетсек, былтыр «Багратион» шаруашылығы Украинадан 120 миллион теңгеге «Голштина» тұқымды 110 бас ірі қара мал сатып алды, – дейді Ренат Құрмамбаев.
Бұдан бөлек, «АгроВостокЛТД» шаруа қожалығы 800 басқа және «Жайнақ» шаруа қожалығы 123 басқа арналған жаңа тауарлы-сүт фермаларының құрылысын бастаған екен.
Ағымдағы жылдың басынан ауданның шаруа қожалықтары жалпы сомасы 2,3 млрд. теңгеге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау алып, нәтижесінде ауыл шаруашылығы техникасының паркін 44 бірлікке, яғни 900 млн. теңгеге жаңартқан.
– Өсімдік шаруашылығында ағымдағы жылы егіс алқаптары өткен жылмен салыстырғанда 2,8 мың гектарға ұлғайтылып, 126,4 мың гектарды құрады. Оның ішінде 47,3 мың гектарға біржылдық және көпжылдық жемшөп дақылдары, 39,4 мың гектарға дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, 39,0 мың гектарға майлы дақылдар, 0,7 мың гектарға картоп және көкөніс дақылдары егілді, – дейді Ренат Құрмамбаев.
Оның айтуынша, қосымша жер учаскелерін бөлу нәтижесінде картоптың егіс алаңы 530,3 гектарды, ал көкөніс және бақша дақылдары 200 гектарды құрады.
Күзгі орақ науқаны қызып тұр. Бүгінгі күні аудан аумағындағы ауыл шаруашылығы құрылымдары 37,3 мың гектар алқаптан дәнді дақылдар жинап, орташа өнімділік гектарына 10,2 центнерді құрады.
– Аудан бойынша азық-түлік корпорациясымен 1800 тонна бидай, 1800 тонна күнбағыс, 100 тонна арпа бойынша жоспар құрылып, жеті меморандумға қол қойылды, – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ ауданда ауыл шаруашылығы жерлерінің заңнамаға сәйкес пайдаланылмайтын телімдерін анықтау және қайтару және тиімді пайдалану бағытында да жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде. Атап айтсақ, бұл бағыт бойынша 2022 жылдың басынан бастап жер пайдаланушылардың жер құқықтарынан өз еркімен бас тартуына байланысты босалқы жер санатына жалпы алаңы 2173,6 гектар жер учаскесі, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 10 жер учаскесі ауыстырылған.
Учаске берілген мерзімнің аяқталуына байланысты жалпы ауданы 4500 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы 40 жер учаскесі мемлекеттік меншікке қайтарылды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстары қарқынды жүргізілуде. «Qoldau.kz» порталының көмегімен жайылымдық жерлердің ұтымсыз пайдаланылуына мониторинг жүргізілді. Тиісті тексерулер жүргізу үшін 14,5 мың гектар жайылымды ұтымсыз пайдалану туралы 74 акт жасалып, 18,1 мың гектар алаңда қосымша 20 тексеру актісі жасалды, – дейді Ренат Құрмамбаев.
Оған қоса, «zher.gharysh.kz» геосервисінде егістік жерлерді пайдалануға космомониторинг жүргізіліп, он мың гектар жерге одан әрі тексеру жүргізу үшін талдау жасалуда. Қазіргі кезде пайдаланбай жатқан жерлерге салынған салық мөлшері 20 есеге арттырылды. Соның нәтижесінде жерді пайдаланбай отырған кейбір шаруа қожалықтарына үш миллион теңгеге дейін салық салынды. Сондай-ақ қосымша 16 жер учаскесі бойынша тексеру жұмыстары қолға алынған.