Ауыл шаруашылығы

Сүт өндіруді еселеп арттырады

Азамат Темірбеков

 Алтай ауданында сүтті мал басын арттыруға бағытталған жаңа жоба іске асырылып жатыр.

Бұл туралы аудан басшысы Ернар Мұстафинның басшылығымен өткен әкімдік отырысында айтылды. Алтай өңіріндегі сүтті мал шаруашылығының 2025 жылға дейінгі дамуы жайын талқылаған жиын барысында аталмыш саланың қазіргі жай-күйіне де назар аударылды.

Алтай ауданында өсімдік шаруашылығының жақсы дамығаны бесенеден белгілі. Дей тұрғанмен, аудан тұрғындарын жыл он екі ай жұмыспен қамтуға септігін тигізетін мал шаруашылығы да өзіндік деңгейде маңызды рөл атқарады. Бүгінгі таңда мұндағы ауыл шаруашылығы құрылымдарында ұсталатын малдың басым бөлігі сүтті бағыттағы ірі қара болып келеді. Осыған орай, сауылатын сүт пен мал шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайтуға бағытталған түрлі тұқымдық түрлендіру шаралары да мықтап қолға алынған. Дәл қазіргі уақытта аудан бойынша сүтті мал басын тұқымдық түрлендіру бағытында бір шаруашылық – «Средигорное-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысады.

Оған қоса, сауылатын сүт көлемін арттыруға бағытталған тағы бір тың инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, «Мойылды-Байқоңыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қуаты жылына 6 мың тонна сүт өндіретін мың басқа арналған тауарлы-сүт фермасын салуды бастап кеткен. Осылайша, аудан шаруалары алдағы уақытта сүт өндірісін еселеп арттыру жұмыстарын қызу қолға алды.

 

Осы айдарда

Back to top button