Ауыл шаруашылығы

Сүдігер жыртты

Сүдігер (зябь) жырту. Бұл сөздің кейінгі буын жастар үшін тосын ұғым екені шындық. Совхоздар таратылып, «балапан – басына, тұрымтай – тұсына» дегендей, әркім өз бетінше тірлік жасауға көшкеннен бері біздің өңірде егіншіліктің бұл тәсілі қолға алынудан қалған болатын. Басқа аймақтардағы жақсы дамыған іргелі шаруашылықтар болмаса, ауданымыздағы азды-көпті егін салатын шаруалардың мұндай қадамға қаржы мен уақыт шығындауға құлқы да, жағдайы да бола бермейтіні түсінікті еді.

Күршімдегі іргесі 2012 жылы қаланған «Ақшағанов» шаруа қожалығының осыған дейін мал өсіріп, қолдағы түлік атаулыны молайтуға шындап көңіл бөліп келгенінен хабардар едік. Өткен жылдан бастап қожалық жетекшісі Талғат Ақшағанов жер еміп, егістікпен айналысуға белді бекем буып кіріскен екен. Өзінің бар мүмкіндігін сарқа пайдаланып, егіс көлемін ұлғайтуға күш салған Талғат Сіләмұлы биыл барлығы 240 гектар жерді баптап, күздің жайлы күндерін барынша тиімді пайдаланып қалуға тырысуда. Диқандыққа ынтамен бет бұрған шаруа алдымен келер жылғы мол өнімнің кепілі – сүдігер жыртуды қолға алды. Өзі жоғары білімді агроном болса да, Талғат тәжірибесі мол, ересек әріптестерінің ақыл-кеңесін тыңдап, жұмыс технологиясын барынша мұқият қадағалап отыруды мақсат еткен екен. Мұның, әрине, шаруа үшін өте пайдалы болары сөзсіз.

– Сүдігер жыртудың егістік үшін пайдасы аса мол, – деп пікір бөлісті бізбен осы саланың кәнігі маманы Н.Екібасов. – Күздің жайлы күндерінде асықпай, уақытты кең пайдалана отырып жыртылған жердің қопсып, бойына ауа мен ылғалды емін-еркін сіңіретіні түсінікті. Көктемде еріген қар суының да босқа ағып кетпей, осы бос топыраққа жақсы сіңетіні рас. Сондай-ақ ерте көктемде соқамен қопарғаннан гөрі культиватор  жүргізіп, дегди бастаған топырақты ұсатып өткен соң дереу тұқымды сеуіп тастаса, бұл дәннің тез көктеп, бой алып өсіп кетеріне сенім мол.

– Заманның талабына сай тірлік жасауға тәуекел еттім, – дейді Талғат Сіләмұлы. – Өйтпесек, мал да өспейді, дән де көктемейді. Қолымда бір отар қой, біраз жылқы мен сиыр бар. Міне, осылар үшін жем табудың өзі қияметке айналып барады. Есептеп отырсам, өткен қыста 2 млн 700 мың теңгеге жем сатып алған екенмін. Бүйте берсек, алысқа ұзамайтынымыз хақ. Енді күнбағыс пен астықты да өзім өндіріп, мал азығын да өзім даярлап отырмасам, төккен тердің нәтижесін көре алмайтын сияқтымын…

Оң-солын оймен шолып шыққан соң, Талғат алдымен егістік алқапқа су жеткізу мәселесін шешіп алғанды жөн көрді. Осылайша, ол тілеулес азаматтардың басын қосып, қолда бар техниканы жұмылдырып, Мульковое ауылындағы тоғандарға баратын Саратов каналының бойындағы және өзіне қарасты «Учхоз» учаскесі маңындағы арық атаулыны тегіс тазалап, егістікке су жеткізетін құбырларды бүтіндеп, суармалы егістікке қолайлы жағдай туғызды. Мұның пайдасы маңайдағы егін егетін шаруаларға да тиіп, олар Талғатқа шынайы алғыстарын айтып жатыр.

Т.Ақшағановтың иелігінде бір ДТ-75 маркалы шынжыр табанды, бір МТЗ-82 маркалы доңғалақты трактор бар. Жақында К-701 қуатты тракторын сатып әкеліпті. СК-5 маркалы екі ескі комбайн бар екен, Талғат оларға қыстай күрделі жөндеу жасап, келесі орақ науқанына қапысыз даяр етуді жобалап отыр. Самар ауданындағы Аққала ауылында тұратын белгілі диқан ағасы Мүтәлап көмекке МТЗ-1221 маркалы жаңа тракторын тракторшысымен бірге жіберген екен. Бұл азамат қазір уақытпен санаспай, барынша өнімді жұмыс атқарып жатыр.

– Өткен жылы өзіме тиесілі 80 гектар жерге бидай мен күнбағыс сеуіп, әжептәуір пайда таптым, – дейді Талғат Сіләмұлы. – Тың жер жақсы өнім берді. Биыл конкурсқа қатысып, осы алқапқа жақын маңдағы 160 гектар жерге қолым жетті. Енді осының барлығын толықтай игеруге тырысып, сүдігер жыртқызып жатырмын. Алла қосса, келер көктемде 100 гектар жерге  бидай, 70 гектар алқапқа сұлы себейін деп отырмын. Тұқымды жер қара, күн жылыда жеткізіп алдым. 5 тонна дизель отынын Үлкен Нарын өңірінен литрін 260 теңгеден сатып әкелдім. Қазіргі кезде бұрынғы тәжірибелі механизаторлардың қаны жерге тамбай кетті ғой, сондай адамдарды іздеп тауып, науқан уақытында келісім бойынша жалдап отырамын. Қазіргі кезде егістік алқабында осындай тәжірибелі мамандар Болатхан Нәсимолдин мен Рамазан Байбеков еселі еңбектің үлгісін көрсетіп келе жатыр.

Талғат егістік алқаппен шектесіп жатқан ертеректе алма бағы болған 5 гектар аумақты да сатып алғанын айтады. Алма ағаштарының қалғанын күтіп-баптап, қалпына келтіріп, қосымша жеміс ағаштарын егуді межелеп отырған еңбекқор азаматтың бұл бағытта да ауқымды жоспарлары бар екен. Су емін-еркін келіп тұрғанда шаруаның ығын тапқан адамның қандай дақылды, нендей жемісті болса да өсіруге мүмкіндігі бар ғой. Еңбек десе ерінбейтін, әрдайым ізденісте жүретін Талғаттың бұл шаруаны да ойдағыдай жүзеге асыратынына біз шын көңілімізбен сеніп тұрдық.

– «Көңілдегі көрікті ойды базардағы нарық бұзады» дегендей, қаражаттың тапшылығы қол байлайды, – дейді Талғат. – Әйтпесе көкейімізде кезегін күтіп жатқан жоба-жоспарлар баршылық. Біздегі несиелер малы пәленбай жүзден, мыңнан асқан шаруаларға ғана беріледі. Ол неге тіршілікті жаңадан бастаған, мал өсіруге шындап ниет қылған адамдарға берілмейді? Егер көлемді несиеге қол жеткізе алсақ, асыл тұқымды мал, жаңа техника сатып алып, нетүрлі ірі қадамдарға тәуекел етпейміз бе. Сонда өзіміз де айтарлықтай кәсіп тауып, өзгелерге де пайдамыз молынан тиген болар еді. Амал қанша, біз сияқты жас талап, жаңа қарқын жандарға ондай мүмкіндік берілмей отыр.

Шынында да, мемлекет беріп жатқан мол несиенің ағынын осы Талғат сияқты шынымен талаптанып, ынтамен еңбектеніп жатқан азаматтарға қарай неге бұрмасқа? Бұл жайды әлгіндей игіліктер қолында тұрған аузы дуалы, қолы қарымды ағайындарға құлаққағыс еткенді жөн көрдік. Бір жерде жұмыс істейтін адам табылмай, сарсаңға салып жатқанда, тағы бір жерде еңбек десе, ішкен асын жерге қоятын адамдардың қолын жоқшылық байлап отыр ғой.

Ендеше, мұндай олқылық пен келеңсіздік атаулыны бір жүйеге келтіретін уақыт жетті дегіміз келеді.

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы

 

Осы айдарда

Back to top button