Экономика

Субсидия егілген гектарға емес, өнген өнімге берілмек

Субсидия егілген гектарға емес, өнген өнімге берілмек

2016-2017 жылдардан бастап ауыл шаруашылығына көрсетіліп келе жатқан мемлекеттік қолдау-субсидия берудің талаптары мен шарттары өзгеріп, мал, егін шаруашылығы және қайта өңдеу саласын субсидиялау тәртібі жаңа жүйе бойынша жүргізілетін болады.
Мемлекеттік қаржылай қолдау саясатына енгізілгелі отырған бұл өзгерістер бюджет қаржысын тиімді, ысырапсыз жұмсау мақсатында қолға алынып жатыр.
Облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусиннің аймақтағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары, өкілдерімен өткізген жиынында белгілі болғандай, егін шаруашылығымен айналысып жатқан тұлғаларға әр гектар үшін төленіп келе жатқан субсидия келер жылдан бастап алынып тасталмақ. Гектар үшін төленіп келген субсидия енді шаруашылықтың егістік алқабының түсіміне, еккен тұқымнан алынған өнім көлеміне қарай төленетін болады.
Өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, қайтадан жасалғалы отырған ауыл шаруашылығын субсидиялау туралы жаңа заң актілерінде саланың мемлекеттік қолдауды аса қажет ететін басым бағыттарын айқындап көрсетіп, барлық бағытқа субсидия мөлшерін белгілеу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі әр өңірдегі шаруашылықтардың ұсыныс, тілектерін ескермек. Беріліп келе жатқан кейбір субсидияландыру бағыттары алынып тасталып, біразының мөлшері қайта белгіленіп, жүйенің басқа да кем-кетіктері толықтырылғанымен, ауыл шаруашылығына жыл сайын бөлініп отырған субсидиялардың жалпы көлемі ешқандай кемімейді, қайта көбейе түспек.
Өнімнің өсіп-өнуіне бірден-бір әсер ететін гербицид, минералды тыңайтқыштар мен тұқымды сатып алуға кеткен шығынды жабуға берілетін субсидия мөлшерін қазіргі деңгейінен арттырып, барынша молайта түсу әлеуеті зор ауыл шаруашылығын жедел дамытып, шаруашылықтардың өркендеуі үшін шынайы қолдау болары сөзсіз. Жанар-жағармайға, малды жайлауда бағуға, мал шаруашылығын дамытып, техника сатып алуға кеткен шығындардың белгілі бір бөлігін жабуға да мемлекеттен берілетін қаржы қажет. Оның үстіне тікелей субсидиялауға шектеу қоятын ДСҰ шарттары қазақстандық шаруашылықтарды қаржылай қолдаудың, демеудің бүгінгіден басқа жолдары мен тетіктерін іздестіруді алға қойып отыр. Жаңа жүйе аясындағы субсидиялаудың ережелерін түзіп, қабылдауда облыстың ауыл шаруашылығы саласындағылардың бәрінің де мүдделері ескеріліп, басқарма мен оның аудандық, қалалық жерлердегі бөлімдерінің, ауыл шаруашылығы қауымдастықтарының субсидия беру, сол арқылы саланың тиімділігін арттыру бағытында зерттеу, талдау жұмыстарын жүргізуі қажеттігі туып отыр. Шекаралас аймақта орналасқан біздің облыс кәсіпорындары мен шаруашылықтарының өнімдері шеттен келетін өнімдермен еркін бәсекелесе алып, экспортқа кедергісіз шығарылуы үшін субсидия бөлу саясатында жергілікті жердегі шаруашылықтардың ерекшелігін есепке алып, ескеруі қажет.
Қазіргі күні облыста сиыр етін өндіру – 3,8, шошқа еті – 11, сүт – 5,8, жүн 0,7 пайыз көлемінде субсидияланып отыр. Бұл Беларусь, Ресей мемлекеттеріндегіден әлдеқайда аз. Айталық, сиыр етін өндірушілерді мемлекеттік қолдау үшін малдың саны көп болуы, арнайы бордақылау алаңы қажет етіледі. Осындай талаптар шағын мал шаруашылықтарын субсидиялаудан қалып келеді. Облыста тауық етін өндіруге 85 пайыз көлемінде мемлекеттік қаржылай қолдау көрсетіліп отыр. Субсидия көмегінің нәтижесінде өңірде құс шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Жиынға қатысушылар өңірден министрлікке жолданатын ұсыныстарда облыс шаруашылықтары үшін субсидиялаудың шеңберін барынша кеңейте түсу мүмкіндіктерін қарастырды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсембай Селиханов, облыс кәсіпкерлері палатасының директоры Игорь Шацкий, «Агро» облыс шаруалары қауымдастығының төрағасы Жомарт Манақов, «Восток Молоко» ЖШС басшысы Сейілжан Сайлаубаев, «Шалабай» асыл тұқымды шаруашылығының басшысы Қуаныш Сүлейменов, басқа да шаруашылықтар мен қайта өңдеу кәсіпорындарының басшылары субсидиялаудың жаңа жүйесінде ауыл шаруашылығының қай бағытына, қай жағына көңіл бөліп, қаншалықты қаржы қарастыру қажеттігі туралы осы (жоғарыдағыдай) тақылеттес ұсыныстарын айтты.
Облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин ұсыныстарды қараша айына дейін әзірлеп, дайындауды және агрокешен мәселелеріне қатысты мәселелерді тоқсан сайын талдап, талқылап отыруды тапсырды.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button