Ауыл шаруашылығы

 Суармалы алқаптарды тиімді пайдаланып  отырмыз ба?

  Дақылды топыраққа сеуіп, оны орғанға дейін шаруаны  алаңдататын мәселенің бірі – егіс алқаптарын суару екені  белгілі. Бұл, әсіресе, биылғыдай жаңбырсыз жылдары келелі мәселеге айналатыны рас. Егіс суаруда технологиялық жағынан кенжелеп қалған елде проблема еселене түсетіні де анық. Осы себепті бүгінгі әңгімені дәнді дақыл өсіруге климаты мүмкіндік беретін Шығыстағы аталмыш саланың жағдайына арнамақпыз.    

Көлемі еселеп азайған

«Судың да сұрауы бар», – деп қазақ тегін айтпаған. Иә, бүгінде  әсіресе трансшекаралық өзендерге экономикасы тікелей байланған облыстарда ол – басты проблема. Десек те, бұл мәселе біздің елде бірқатар деңгейде басқаша шешімін тапқан. Атап айтсақ, түрлі сатыдағы мемлекетке қарасты шаруашылықтар тек өзен-көлдің суын ғана кәдеге жаратып қоймай, қыстан қалған қалың қарды да пайда көзіне айналдырып жатады.

Ал Алтайдың алты ай қысының ақ жамылғысын кәдеге жарату Шығыс өңірі үшін жаңалық емес. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген ақпаратына сенсек, биыл суармалы жерлердің 40,7 мың гектары пайдаға жаратылған екен. Дегенмен, бұл облыстағы суармалы жерлердің 20,8 пайызын ғана құрайды. Құзырлы басқарманың осыған дейін берген ақпаратында 2019 жылы бұл көрсеткіштің 94,7 мың гектарды құрағаны, яғни суармалы алқаптың 47 пайызының пайдаланылғаны көрсетілген болатын. Бұл көрсеткішке қарап, көпшілік өткен жылмен салыстырғанда, суармалы жерлерді пайдалану көрсеткіші төмендеп кеткен екен деп ойлап қалуы мүмкін. Бұған не себеп болды деп ойлайсыз? Оның себебі – қалған 54 мың гектар алқаптың жайылмалы суару тәсілімен көктемгі мезгілде бер рет қана суарылуы.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Жер ресурстарын басқару агенттігі елімізде 1991 жылмен салыстырғанда суармалы жер көлемінің 298 мың гектарға азайып, 575 мың гектарының ауылшаруашылық айналымынан шығып қалғаны туралы ақпарат берген болатын. Осы уақыт аралығында бос алқаптардың көлемі 8 есеге ұлғайған. Тоқсаныншы жылдары еліміздегі суармалы жер көлемі барлық егістіктің 6 пайызын құрап, егіншілік өнім­­дерінің 30 пайызы осындай алқаптарда өндірілсе, бүгін­де бұл көрсеткіш бірнеше есеге жуық төмендеп кеткен.

Жалпы, еліміздегі ауыл шаруашылығы алқаптарын суару жүйесінің кенжелеп қалғанын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің биылғы Жолдауында айтып өткен болатын. Бүгінде технологиялық тұрғыдан ескірген суару жүйесінің осы салаға үлкен кедергі келтіріп отырғанын атаған мемлекет басшысы суару мақсатындағы судың 40 пайызының далаға кетіп жатқанын алға тартты. Онсыз да су тапшылығының зардабын тартып отырған еліміз бұған жол бере алмайды деген Президент осы саланы нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттеуді қамтамасыз етіп, заманауи технологиялар мен инновацияны енгізу үшін экономикалық ынталандыру шараларын әзірлеу қажеттігін баса айтты.

Бірнеше көзден суарылады

– Нақты пайдаланылатын суару алаңын айқындау мақсатында ауыл шаруашылығы басқармасы тұрақты суарылатын алаңды анықтау жұмыстарын жүргізді, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Әділет Тулеутаев. – Нәтижелері бойынша суару арнасына тікелей жақын орналасқан және вегетациялық кезеңінің соңына дейін суармалы сумен қамтамасыз етілген шаруашылықтар пайдаланғаны анықталды. Су түпкі су тұтынушысына жетпейтіндіктен, суармалы жерлер жайылма суару тәсілімен пайдаланылады, яғни көктемде 54 мың гектар жер бір рет суарылады.

Оның айтуынша, нақты суарылып, пайдаланылатын 40,7 мың гектар алқаптың 13,5 мың гектарына бидай, 7,3 мың гектарына  көкөніс, 3,9 мың гектарына  майлы, ал 16 мың гектарына мал азығы дақылдары егіледі екен. Сондай-ақ облыс аумағындағы суармалы жерлердің 24,4 мың гектары «Қазсушар» РМК облыстық филиалының нысандары бойынша суарылса, қалған 16,3 мың гектары суарудың автономды көздері арқылы, яғни Ертіс, Қарасу, Оба өзендерінен суарылады.

– Биыл жаңағы 40,7 мың гектар алқапты суаруға 105,8 млн. текше метр су жұмсалды, – деп қосты Әділет Тулеутаев. –Аймақтағы негізгі суармалы нысандар «Қазсушар» РМК-ның балансында. Қазіргі уақытта мекеменің теңгерімінде жеті су қоймасы, 27 су торабы, 83 магистральдық канал бар. Ал нысандарға бекітілген жер алаңы 125 357 гектар.

Алты су қоймасы салынуы мүмкін

Жалпы, қолда бар суару жүйесінің қалыпты жұмыс істеуі оның жай-күйіне де байланысты екені белгілі. Осы ретте оларға жүргізілетін жөндеу жұмыстарын да айта кеткен жөн болар. Ауыл шаруашылығы басқармасының ақпаратына сүйенсек, 2014-2016 жылдары аралығында Тарбағатай ауданының Тебіске өзеніндегі «Көктоғам» және «Жаңа-Тоғам» магистральды каналдары, Базар өзеніндегі су жинағыш, Зайсанның Жеменей өзеніндегі гидроторап қайта жаңғыртылған. Осы жұмыстардың арқасында 7,7 мың гектар алқап қалпына келтірілген.

Ал соңғы 4 жыл ішінде, жалпы сомасы 6,2 млрд. теңгеге Зайсандағы Үйдене бас су тоғаны, Үйдене су қоймасы, Көкпектідегі Кіші Бөкен, Үлкен Бөкен, Көкпекті өзендеріндегі су тораптары, Жармадағы  Шар су қоймасы, Тарбағатайдағы Қарғыба өзеніндегі су бөгеттері қайта жөндеуден өткізілген. Сөйтіп, жеті нысанның жөнделуі 21,2 мың гектар ауданды қалпына келтірді.

– Ауыл шаруашылығы мақсатындағы су қоймалар «Қазсушар» РМК-ның балансында болуына байланысты су қоймаларға жыл сайынғы жөндеу жұмыстары аталған мекемемен жүргізіледі, – деп қосты Әділ Тулеутаев.

Дегенмен, «Қазсушар» мекемесі осы көрсеткішпен тоқтап қалмайтын сыңайлы. Қолда бар су ресурстарының көлемін ұлғайту, суармалы жерлерді сумен қамтамасыз етуді жақсарту, су қорын ұтымды пайдалану мақсатында 2018-2021 жылдары облыс аумағында 6 су қойма салу жоспарланған. Олардың үшеуі Тарбағатай ауданының Орта Ласты, Құсты және Қарғыба өзендерінің бойында салынса, қалған үшеуі Үржар ауданының Көктерек және Қарабұта өзендері мен Зайсанның Кендірлік өзендерінде салынбақ. Дегенмен, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының хабарлауынша, әзірге бұл жобалар бойынша қаржыландырудың болмауына байланысты, құрылыс жұмыстары әлі басталмаған екен. Ал су қоймалар салынған кезде оларды күтіп-ұстау республикалық бюджет есебінен жүргізілетін көрінеді.

Заманауи технологиялар қолданылады

Шығысқазақстандық шаруалар соңғы жылдары егіс алқаптарын суарудың бірнеше түрін кеңінен енгізе бастады. Осындай әдістің прогрессивті түрлерінің бірі ретінде тамшылатып суару белсенді түрде енгізілуде. Қазіргі таңда тамшылатып суландыру көлемі 972 гектарды құрайды. Бұл әдісті Бесқарағай, Ұлан, Күршім, Үржар аудандары мен Семей қаласының шаруашылықтары енгізуде.

– Тамшылатып суарудың ең негізгі артықшылықтарының бірі – топырақты ылғалдандырудың ерекше нәтижесінде суару суын үнемдеу. Бұл режим арқылы өсімдіктердің тек тамыры ылғалдандырылады. Судың тереңге сіңіп кетуін, булануын және жер бетіндегі судың шығынын айтарлықтай төмендетеді. Сондай-ақ қатарларды суаруда судың өнімсіз шығындары алынып тасталады. Бұл әсіресе ыстық және құрғақ климатта құнды, – дейді Әділет Тулеутаев.

Сондай-ақ облыстағы шаруа және фермер қожалықтары 8,9 мың гектар алқапта суарудың су үнемдеу технологиясы – жаңбырлату әдісін де қатар қолдануда. Ауыл шаруашылығы басқармасының ақпаратына сәйкес, қазіргі таңда облыс бойынша АҚШ, Германия, Голландия сынды елдерден әкелінген «Фрегат», «Валлей», «TL» сияқты машиналарды Көкпекті, Шемонайха, Үржар аудандары мен Семей қаласының шаруалары пайдаланып отыр.

– Аталмыш әдістерді пайдалану, енгізу мақсатында мемлекет тарапынан облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне суармалы суды жеткізу бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын арзандату бойынша субсидия бөлінеді. Бұл бағытта биыл 200 млн. теңге мөлшерінде субсидия бөлініп, игерілуде, – деді Әділет Тулеутаев.

Оның айтуынша, субсидиялау қағидаларына сәйкес, тариф көлеміне байланысты шығынның 50-85 пайызы өтелетін көрінеді.

Бүгінгі таңда суармалы жерлерді сумен қамтамасыз етудің негізгі проблемасы – магистральдық және шаруашылықаралық каналдардың техникалық жай-күйінің төмендігі болып табылады. Сол себепті, мәселені шешу үшін облыстағы осындай арналар «Қазсушар» РМК-ның теңгеріміне, яғни мемлекет меншігіне берілуде. Бұдан бөлек, өңірдегі суармалы жерлерді кезең-кезеңімен қалпына келтіру жоспарланған. Атап айтсақ, облыстың суармалы жерлерін 2030 жылға дейін дамытудың өңірлік іс-шаралар жоспары бекітілген. Аталмыш жоспарға сәйкес, Азия даму банкінің қаражаты есебінен 82,25 мың гектар суармалы жер қалпына келтіріліп, жалпы суармалы алаңы 51,2 мың гектарды құрайтын 8 жаңа су қоймасы салынып, «Қазсушар» РМК бойынша ауданы 157,7 мың гектар болатын жаңа гидротехникалық жүйелер құрылысы жүргізіледі.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button