Ауыл шаруашылығы

Су үнемдеудің тың тәсілін қолданды

Азамат Темірбеков

Биыл Тарбағатай ауданында суармалы егістікте су үнемдеудің жаңа технологиясы алғаш рет қолданылды. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқаптардың көлемін жылдан-жылға ұлғайтып келе жатқан өңір үшін бұл – мол өнім алудың тиімді жолы.

«Су үнемдейтін тиімді технология енгізіп, мелиорация және суару жүйесін қалпына келтіру керек», – деп өзінің сайлауалды бағдарламасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласында шұғыл қолға алынуы тиіс міндеттің бірін атап көрсетті. Бүгінгі таңда бұл мәселеге шығысқазақстандық шаруалар да ерекше ден қойып, көпшілігі іске кірісіп те кеткен.

Иә, Тарбағатай ауданында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемінің кейінгі жылдары ұлғайып келе жатқаны байқалады. Мұның бір айғағы – ауыл шаруашылығы өнімдерінің былтырғы көрсеткішінің өткен жылдарға қарағанда 14 пайызға артуы.

Қазіргі уақытта тарбағатайлық шаруалардың дәнді дақылдардан бөлек, бақша және мал азықтық дақылдарын өсіруді де қатар дамытып жатқан жайы бар. Атап айтсақ, былтыр ауданның ауыл шаруашылығы дақылдарының өңделген егістік алқаптары 6,9 мың гектарға жеткен, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 500 гектарға көп. Жалпы, бүгінгі таңда Тарбағатай ауданының шаруашылықтары негізінен мал азықтық базаны қалыптастыруға басымдық беруде. Атап айтсақ, қазірде аудан аумағындағы ауыл шаруашылығы алқаптарының сексен пайызынан астамына азықтық жүгері, жоңышқа мен басқа да көпжылдық шөптер өсіріледі.

Сонымен қатар ауданда суармалы егістік мәселесі қолға алына бастады. Бұл бірнеше жыл қатарынан болған құрғақшылыққа байланысты қыза түсті. Төрт түлікті төлдеген кезде ғана қораға қамап, қалған уақытта тебіндетіп қытымыр қыстан аман-сау алып шығатын тарбағатайлықтар соңғы жылдары табиғи шабындықтардан мардымды мал азығын ала алмайтын болды. Шөптің бітік шығуына деген сенімнен гөрі, шықпай қала ма деген күдік басым бола түсті.

Жақында Тарбағатайдың дамуы жайында арнайы баспасөз мәслихатын өткізген аудан әкімі Дархан Жөргекбаев та осы мәселе жайында айтып, қазір суармалы су тапшылығы проблемасының өте күрделі екенін атап өткен болатын. Тарбағатай ауданында осы бағытты қамтамасыз етуге арналған үлкен гидроқұрылыстардың бірі Қандысу су қоймасы екені белгілі. Дей тұрғанмен, аталмыш нысанға жүргізілген сараптама оның апаттық жағдайдың алдында тұрғанын анықтаған. Осыған байланысты, аудан басшылығы Су ресурстары комитетімен бірлесе отырып оны қалпына келтіруге бағытталған жұмыстарды бастап кеткен. Бұл жоба іске асқан уақытта Тарбағатай ауданы бойынша 7,5 мың гектар алқапты суаруға мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде аудан аумағындағы малдың қыстық азығын қиналмай жинауына, шаруалардың мал басын сапалы етуіне жағдай жасамақ.

Дей тұрғанмен тарбағатайлық шаруалар бар мәселені аудан басшылығына арта салып, қол қусырып отырмай, суармалы егістіктерге шамалары келгенше жаңа технологияларды енгізіп жатыр. Осындай шаруашылықтардың бірі – «Дарабоз» қожалығы биыл алғаш рет үнемдеу технологиясын қолдануды бастап кетті. Жүз гектар аумақта жаңбырлатып суару әдісін қолданған шаруашылық егістіктен жақсы түсім алды.

 

Осы айдарда

Back to top button