Экология

Су тасқынының алдын алуға мүмкіндік береді

Еліміздің Шығыс бөлігінің аумағында өзендер мен көлдердің көптігі және қысқы мезгілде өңірде қардың қалың түсетіні баршаға мәлім. Табиғаттың осы жағдайына байланысты көктем уақытында сол өзен-көлдерге жақын орналасқан елді мекендер тұрғындары көктемгі су тасқынына кәдімгідей ерте бастан дайындалады. Тіпті, алыстағы ауылдарды айтпағанда, облыстың екі үлкен қаласы Өскемен мен Семейді де су тасқыны айналып өтпейді.

Сондықтан өзендердің жағалауын бекітіп, биіктетуге, мұз кептеліп, бітеліп қалған өзен арналарын тазартуға жыл сайын жергілікті бюджеттен миллиондаған теңге қаражат бөлінуде. Ал елді мекендерді су басқан жағдайда, одан келер шығын тіпті шаш етектен болмақ. Мұндай жағдайды облыс тұрғындары бұған дейінгі жылдарда бірнеше мәрте бастарынан өткізген.

Бұған дейінгі облыста болған ірі су тасқындарының зардабы түрткі болды ма, әлде басқа себебі бар ма, әйтеуір, көктемгі еріген қар суымен, толассыз жаңбырмен бірге келетін аймақтағы осы мәселені алдын ала болжау үшін Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ғалымдары 2018 жылдан бері жаңа бір жобаны бастап кетіпті.

Негізгі идеясы университет ректоры Жасұлан Шаймардановқа тиесілі аталған жоба «Шығыс Қазақстан облысы өзендеріндегі су тасқыны жағдайы мониторингінің ақпараттық-талдау жүйесін әзірлеу» деп аталады.  Яғни, бұл жұмыс – облыстағы төтенше жағдайлар кезінде аумақтарды су басуды болжаудың ақпараттық-талдау жүйесін құруға арналған зерттеу. Жүйені жобалаудың негізгі тәсілдері мен зерттеудің алғашқы нәтижелері де көпшілікке ұсынылған. Айта кетерлігі, жоба облыстық төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп жүзеге асырылуда және оны толықтай іске асыруға техникалық университеттің жетекші мамандарынан құралған жұмыс тобы жауапкершілік алған. Сондай-ақ жобаға университеттің «Шығыс Қазақстандағы су тасқындарын болжау және бағалау» ғылыми мектебі де қатысуда.

– Біз бұл жобаны 2018 жылы көктемде бастадық. Наурыз айында алынған мониторинг мәліметтеріне сәйкес облыстың өзендеріндегі су деңгейі көтеріліп, біршама аумақты су басты, оның ішінде қалалар мен ауылдардың аумақтарына да су кірді. Мұның соңы айтарлықтай шығын әкелді. Ауа райы жағдайына күн сайын бақылау жасап отырдық. Оны біз жасаған арнайы графикалардан көруге болады. Одан шығатын қорытынды, ауа температурасы күрт жоғарылаған сәтте қардың еру қарқыны да артады, өзендердегі су деңгейінің көтерілуіне әкеп соғады. Зерттеулер нәтижесінде ауа-райы облыстағы өзен-көлдердегі жалпы су деңгейіне тікелей әсер ететінін дәлелдеп шықтық. Оған ешкімнің дауы болмады. Енді ауа-райына қарай отырып, алда болар тасқынның алдын алуға болады. Алынған зерттеулерге сай өңірдегі өзендердің тасуы бойынша мәліметтер базасының кестесін жасап шықтық, – дейді жоба авторларының бірі, университет оқытушысы Руслан Четтыкбаев.

Руслан Қайратұлының айтуынша, арнайы кестеде ауа температурасы, салыстырмалы ылғалдылық, қардың неше рет жауғаны, уақыты, топырақтың жоғарғы қабатының жағдайы, топырақ қабатының түндегі температурасы, қардың қалыңдығы және өзге де қосымша мәліметтер енгізілген. Бұл жүйедегі ең маңызды фактор тасқын кезінде су алатын аумақтарды болжап отыру үшін аталған кестені үнемі жаңа мәліметтермен толықтырып тұру.

Енді университет ғалымдары зерттеудің келесі кезеңіне өтіп, жобаны толықтай компьютерлік сандық модельдеуге көшірмек. Айтуларынша, өзендегі гидравликалық модельдеу және су басу аумақтарын модельдеудің кешенді бағдарламалары әлемнің көптеген елдерінде және ТМД мемлекеттерінде кеңінен қолданысқа енгізілген. Ғалымдар облыстың өзендер жүйесін толықтай компьютерлік сандық модельдеуге көшіру және бағдарламалық кешендерді қабылдау үшін Ертістің біраз бөлігін тәжірибе алаңына кіргізген.

Университет ғалымдарының еңбегінің нәтижесінде өңірдің сандық картасы, тасқынды болжаудың нақтыланған математикалық моделі, облыстың QGIS тестік порталы әзірленген. Сондай-ақ Шығыстың өзендер жүйесінің сандық моделін құру бойынша да жұмыстар жалғасуда.

Осы айдарда

Back to top button