Инфрақұрылым

Су құбырлары жаңартылмақ

2022 жылдың қыркүйегінде Шемонайха қаласындағы Теміржолшы шағын ауданында сметалық құны 124,9 миллион теңге болатын су құбыры желілерін жаңарту жобасы жүзеге аса бастаған. Аталмыш бағыттағы жұмыстардың басталуына байланысты облыстық бюджеттен бір миллион теңге көлеміндегі қаражат бөлінген.

Тапсырыс беруші Шемонайха ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі.

Артынша, сол жылдың 7 қазанында Шемонайха ауданының қаржы бөлімі мердігер ұйымның ұйғарымына сәйкес, мемлекеттік сатып алу жариялап, оның қорытындылары бойынша «Live Stroy Invest» ЖШС жеңімпаз болып танылған.

Алайда 2022 жылғы желтоқсанда «Alyans XXI» ЖШС әлеуетті өнім берушісі конкурс қорытындыларының хаттамасына дау айту туралы талап-арыз берген. Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқарамысынан хабарлады.

– Істі қараған облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 12 қаңтардағы №6394-22-00-4/902 шешімімен конкурс қорытындылары туралы хаттаманың күші жойылды. Көп ұзамай «Live Stroy Invest» ЖШС сот шешіміне апелляциялық шағым түсірді. Облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты аталмыш апелляциялық шағым бойынша алдын ала тыңдауды 2023 жылдың сәуір айына тағайындады, – деп мәлім етті облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы сумен қамту және су бұру бөлімінің меңгерушісі Рауан Тұрысбек.

Оның айтуынша, облыстық мәслихаттың 2022 жылғы 14 желтоқсандағы №21/192-VII шешіміне сәйкес, биыл аталған жобаны аяқтауға облыстық бюджеттен 123,9 миллион теңге бөлініпті.

 Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button