Студенттік театрлар фестивалі
Өскеменде С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің 70 жылдық мерейтойы аясында «Аманжолов университеті: Менің сүйікті білім ордам» атты республикалық студенттік театрлар фестивалінің шымылдығы түрілді. Оған еліміздегі алты жоғары оқу орнының студенттік театры қатысып, бақтарын сынауда.
– Бүгін біз ерекше бір шараға жиналып отырмыз. Барлықтарыңызға университетіміздің 70 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған республикалық студенттік театрлар фестиваліне қош келдіңіздер деймін. Әрине, театр өнері ежелгі Грециядан бастау алған болатын. Ал өзіміздің ұлттық театр өнерінің тарихы 1917 жылдан басталады. Сол жылы Абай ауданындағы Ойқұдық ауылында М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» қойылымы сахналанған болатын, – деп сөзін бастаған университет ректоры Мұхтар Төлеген фестивальға қатысушыларға жеңіс тіледі.
Фестивальдың шымылдығы Алматы қаласынан келген Тұран универитетінің «TeArt» студенттік театрының «Қарагөз» қойылымымен ашылды. Жазушы-драматург М.Әуезовтің психологиялық иірімі мол драмасын жас актерлер барынша сәтті алып шықты. Ал Семей медициналық академиясы студенттерінен құралған «Кемел» театры «Ромео-Джульеттаны» көрермен назарына ұсынды.
– Бұл фестиваль студенттік театрлардың арасында өтіп жатқаннан соң, қойылымның ұзақтығы 30 минуттан аспауы тиіс. Өйткені қанша айтқанмен, студенттік театр кәсіби театр емес қой. Үлкен шығарманы неғұрлым қысқа да нұсқа етіп сахналауы тиіс. Сахнадағы минимализм стилі сақталады. Үлкен декорация да болмайды. Қазылар алқасы студент өнерпаздардың актерлік шеберлігін, сахнадағы жүріс-тұрысын бағалайды. Ал біздің С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттік театры фестивальда өнер көрсеткенімен, жүлдеге қатыспайды, – дейді «Шабыт» студенттік театрының жетекшісі Ертай Хасенұлы.
Фестивальда сондай-ақ Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің «Қарагөз» студенттік театры, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Шаңырақ», І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің «Жас түлек», С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің «Ақ желкен» және С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың «Шабыт» студенттік театры өнер көрсетті.
Жалпы бұл С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті қабырғасында өтіп отырған республикалық деңгейдегі екінші фестиваль. 2019 жылы Жастар жылы аясында «Ұлы өнер – Ұлт жаңғыруы» атты республикалық студенттік театрлар фестивалі өтіп, оған еліміздегі сегіз қаладағы 10 жоғары оқу орнынан 12 театр қатысқан болатын.
Мейрамтай Иманғали