Мәдениет

«Студенттік көктем» байқауы төртінші рет өтті

«Студенттік көктем» байқауы төртінші рет өтті

Өскемендегі Металургтер мәдениет сарайында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған ІV облыстық «Студенттік көктем-2016» байқауы мәреге жетті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.
Дәстүрлі түрде жыл сайын өтіп келе жатқан бұл шараға биыл облыстағы 13 жоғары және арнайы орта оқу орнының студенттері қатысты.
– Өңірдің ең белсенді жастары қатысатын студенттер байқауын жылда өткіземіз. Облыс басшылығының атынан Сіздерді құттықтай отырып, Шығыс Қазақстан Абай, Мұхтар, Шәкерімнің Отаны екенін айтқым келеді. Өнерлілер сайысында бақтарын сынаған барша қатысушыларға тек шығармашылық табыстар тілеймін. Дүниеде көктемнен асқан көркем мезгіл жоқ. Сіздердің жастық көктемгі шақтарыңыз да мағыналы, тағылымды да сәнді өтуіне шын тілектеспін, – деді құттықтау сөзінде облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.
Фестивальдің басты мақсаты – оқу орындары арасындағы шығармашылық бәсекелестікті арттырып, студент жастардың шығармашылығының дамуына қолдау көрсету, студенттік қауымдастықтың азаматтық белсенділігін арттыру болатын.

«Студенттік көктем» байқауы төртінші рет өтті

Өнерпаздардың өнерін Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Ғибрат Азубаев, «Х-Factor» вокальдық байқауының жеңімпазы Евгений Выблов бастаған қазылар алқасы бағалады. Әртүрлі жанрда өнер көрсеткен шығармашыл ұжымдардың таланты мен тәжірибесін бағалау оларға оңайға соқпағаны белгілі. Көктемдей құлпырған көкөрім жастар сахнаны ерекше нұрландырды. Әртүрлі музыкалық аспаппен күмбірлі күй төгіп, мың бұрала биге басқан студенттердің қай-қайсысы да дайындықтарының мықты екенін бірден аңғартты.
– Биылғы студенттік көктем ерекше өтті. Студенттер өз шығармашылықтарын паш етті. Оқу орындарын бір-бірімен салыстырып көруге мүмкіндік туды. Байқау барысында өнерпаздардың таланттарын ғана әйгілеп қоймай, оқу орындарының арасында өзара бәсекелестік тудыруға тырыстық, – дейді облыстық жастар орталығының директоры Арайлым Есімбекова.
Қазылар алқасының шешімімен «Ең үздік кәсіби алаң» аталымын С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың өнерпаздары қанжығаға байлады. Ал арнайы орта білім беретін оқу орындарының арасында бұл аталымға Өскемен медициналық колледжі ие болды. «Үздік шығармашылық бағдарлама» аталымын Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың өнерпаздары, арнайы орта білім беретін оқу орындарының арасында бұл кезең бойынша Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі жеңіске жетті. Онлайн дауыс беру бойынша Семейдің мемлекеттік медициналық университеті ешкімге дес бермеді.
Іріктеу сыннан іркілмей өткен жастар гала-концертте өнер көрсетіп, бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттарға ие болды. Бір айта кетерлігі, аталған байқау облысымызда 4-інші мәрте ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ, жастар арасында қолдау тауып, сұранысқа ие іс-шаралар қатарына енгізілді.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button