Денсаулық сақтау

Стационарларды ұйымдастыру әдістері өзгереді

      Еліміздің медицина қызметкерлері алты ай бойы қауіпті вируспен күресіп келеді. Инфекцияға қарсы күресті «Семейдің медициналық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының жетекші мамандары да жалғастыруда. Олардың арасында шұғыл медицина кафедрасының ассистенті, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары категориялы терапевт-дәрігер, Семей өңірінің штаттан тыс бас пульмонологы Жанар Оразалина да бар.

Стационарлардың жұмысы басталғалы ол алдыңғы шепте жүрген медиктерге консультативтік көмек көрсетіп келеді.  Дәрігер Жанар Оразалинаның қызметінің нәтижесінде көптеген өмірді сақтап қалды десек, артық айтқандық емес.

 

– Мен бұл жұмыстан тыс қала алмадым, – дейді Семей өңірінің бас пульмонологы. – Өзіміздің әріптестерімізге, азаматтарға көмектесу мақсатында барлық күш-жігерімді, білімім мен тәжірибемді ортаға салдым. Алайда менің жұмысым «қызыл белдеуде» істеген  басқа барлық буындағы медицина қызметкерлерінің қызметінен өзгешерек. Мен медицина ұйымдарының персоналдарына кеңес беремін. Жуықта перинаталды орталыққа бардым, онда инфекция жұқтыруы мүмкін акушерлік-гинекологиялық патологиясы бар науқас болды. Науқаста ковидті пневмонияның типті белгілері болғандықтан, мен ПЦР қорытындысын тоспастан, пациентке де, оны емдеуші дәрігерлерге де кеңес бердім.

Жоғарыда айтқанымыздай, Жанар Маратқызы «қызыл белдеулердегі» ауыр науқастарды емдеуге көмектеседі. Сонымен қатар ол КВИ-мен күресте бұдан басқа да,  маңызы аз емес жұмыспен айналысады. Мысалы, өлім нәтижелерін зерттеу жөніндегі республикалық комиссияның құрамында ол пневмониямен сырқаттанушылыққа мониторинг жасайды және кеңес береді, оның ішінде Аягөз, Абай, Үржар, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма аудандарын да қамтиды. Жанар Оразалина – Қазақстан респираторлық медицина ассоциациясы және пульмонологтар мен торакальді хирургтер қауымдастығының мүшесі, қазір Қазақстанда белсенді түрде жасалып жатқан COVID-19-дан болған пневмонияны емдеу хаттамасының авторлары мен рецензенттерінің бірі.

Пульмонологтар мен торакальді хирургтер қауымдастығы «КВИ: диагностикадан емдеуге дейін» атты ғылыми-тәжірибелік вебинар өткізді. Оған Қазақстаннның жетекші респиратологтары, пульмонологтары, инфекционистері мен ревматологтары қатысты.

– Мен коронавирустық инфекциямен ауырған ауыр науқастарды емдеуде биологиялық препараттарды қолдану бойынша өзімнің жеке тәжірибеммен бөлістім, – дейді кейіпкеріміз. – Елімізде пневмонияны емдеу хаттамалары баяғыда-ақ жасалғанымен, COVID-19-бен күрес жағдайында өзгертулер енгізілуде. Қазір ғылыми ортада бұл нозология тек инфекциялық ауруларға ғана қатысты емес, сондай-ақ ревматологияға қатысы бар, жүйелі васкулиттер аспектісінде қаралады деген пікір айтылуда. Басқаша айтқанда, әңгіме қан тамырлары жүйесінің ауқымды қабынуы мен зақымдануы туралы болып отыр. Осылайша, ковидті пневмониямен күресте басты рөл ревматологтарға да тиесілі болады. Мәселе мынада: ковидті пневмониямен күресте антибиотиктер емес, антикоагулянттар, антиагреганттар, глюкокортикостериодтар мен гормондар сияқты  ревматологияда қолданылатын препараттар көмектеседі.

Семей өңірінің бас пульмонологы атап өткендей, кәдімгі пневмония мен коронавирус инфекциясынан пайда болатын пневмония арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Сол себепті емдеу алгоритмі де әртүрлі. COVID-19 кезінде бірінші қатарға вирусты зақымданудың белгілері, иіс пен дәм сезбеу, мұрынның бітелуі, кеуде тұсындағы ауырлық шығады, кейін пациенттерде демікпе білінуі мүмкін.

– Бұл симптомдар өкпе тіндеріне гемоглобинмен оттегінің баруына вирустың тосқауыл қоюынан пайда болады. Қарапайым сөзбен айтқанда, бұл – тіндердің  оттегі жетіспеушілігі. Осының салдарынан өкпелердің базалы және бүйір бөліктері зақымданады. Рентген мен томография суреттерінде бұл «мұздатылған шыны» сияқты көрінеді. Екі өкпе де зақымданады және ауру өте тез өршиді.

Өкпенің зақымдану ауқымына қарамастан, бұл қайта орнына келетін процесс, пациентте бәрін қалпына келтіруге мүмкіндік бар, тек дұрыс ем-дом мен ұзақ оңалуды қажет етеді. Жанар Оразалина біздің өңірдегі тек COVID-19 жағдайындағы пневмонияны емдеумен белсенді түрде айналысып қана қоймай, оларды оңалтумен айналысатын дәрігерлердің бірі екенін атап өткен жөн.

– Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, өздеріміздің зерттеулерді ескере келе, біздің отандық дәрігерлер мұндай пневмонияны емдеудің табысты емдеу алгоритмін жасап шықты. Оның үстіне, бұл дерт күннен-күнге түсініктірек болғандықтан оны емдеу әдістері де артып келеді. Мұның оңалтуға қатысы бар, пневмонияның орташа, ауыр және өте ауыр түрлерін айтқанда, көп нәрсе осыларды дұрыс оңалтуға байланысты болады. Қалпына келтіру барысында ағзаны үнемі тексеріп отыру өте маңызды, – деп түсіндірді Жанар Оразалина.

Науқастарды оңалтуда басымдық курорттық-сауықтыру еміне беріледі, карантиндік шектеулерді босаңсытқан сәттен бастап бұл бағыттағы жұмыс белсенді жүріп жатыр. Алайда дерттің қаншалықты ауқымды тарағанын ескере отырып, осындай емге мұқтаж барлық науқастарды қамту мүмкін емес екенін түсіну керек. Сол себепті де медицина қызметкерлері пациенттерді оңалту бағдарламаларын қалалық медициналық ұйымдардың жанында енгізіп жатыр. Бағдарламаға терапевт, пульмонолог мамандардың қабылдауы, емдік денешынықтыру, массаж және физиотерапия кіреді. Оңалтудың алғашқы кезеңінде қанды күре тамыр ішінде лазермен тазалауға арналған арнайы аппараттар, қанды озондау аппараттары қолданылады. Қажет болған жағдайда белгілі бір препараттар да тағайындалады, алайда бұл дәрігердің қатаң  бақылауында болады.

Жанар Оразалина қазір науқастар саны азайғанымен, медиктер жұмыстарын бәсеңсітпегенін, олар болуы мүмкін екінші толқынға дайындалып, карантиндік стационарларды ұйымдастыру әдістерін өзгертіп жатқандарын айтады.

– Бұрын стационарлар инфекциялық, провизорлық және карантиндік деп бөлінетін. КВИ-1 – бұл COVID-19 расталған жағдайдағы инфекциялық стационарлар болды. КВИ-2-де пациенттер COVID-19 бар-жоғына қарай бөлінеді. Ал КВИ-3 – бұл коронавирус инфекциясын емдеуге қатыспаған көпбейінді медициналық ұйымдар. Қазір емдеу орындары болжамды екінші толқын қарсаңында қайта құрылып жатыр, олардың әрқайсысында осы үш бөлімше де болады. Олар өздерінің негізгі бейіндері бойынша жұмыс істей береді, осы жерде пациенттерді бөледі, емдеу ұйымында инфекциялық бөлімше де ашылады, – деп тарқатып айтып берді Семей өңірінің бас пульмонологы.

Медицина қызметкерлерінің COVID-19 инфекциясының таралуына жол бермеудегі күш-жігеріне қарамастан, вирустың таралуына тосқауылды тек санитарлық талаптарды қатаң сақтау ғана қоя алады. Жанар Оразалинаның жеке пікірі де осындай. Жоғары категориялы терапевт-дәрігер сонымен қатар өз бетімен емделу мен дәрі-дәрмекті негізсіз қолданудың зияны туралы да еске салды.

Әзірлеген – Кәмал  Естай

Осы айдарда

Back to top button