Ауыл шаруашылығы

Сүт зауыттары шикізатқа неге зәру?

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен өткен аймақтың ауыл шаруашылығын дамыту мәселелеріне арналған селекторлық кеңесте мал, егін шаруашылығын өркендетудегі өзге де өзекті мәселелер талқыланды.

Сүт зауыттары шикізатқа неге зәру?

Мал тұқымын асылдандырмай, алысқа бармаймыз

Кеңесте баяндама жасаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Дүйсембай Селиханов соңғы төрт жыл ішіндегі көрсеткіштер аймағымызда ауыл шаруашылығы өнімдерінің (жұмыртқадан басқа) көбейіп келе жатқанын көрсетіп отырғанын айтты. Соның ішінде ет өндіру былтырғыдан 4,2 пайызға, сүт өндіру 1,8 пайызға артқан. Өңірдің ауыл шаруашылығы саласында мал шаруашылығының алып отырған үлесі 60 пайызды құрап отыр. Биыл агроөнеркәсіп кешені бойынша жүзеге асырылып жатқан 125 инвестициялық жобаның 64-і – мал шаруашылығы бағытындағылар.

Елімізде ет өндіруді көбейтіп, осы өнімді экспорттауды арттыруға орай қойылып отырған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру үшін облыста етті, сүтті бағыттағы асыл тұқымды мал шаруашылықтарының саны ұлғайтылу үстінде. Қазір 232 асыл тұқымды шаруашылық бар. Соның 47-сі етті бағыттағы, 25-і сүтті бағыттағы мал шаруашылықтары. Ара шаруашылығында – 38, марал шаруашылығында 11 асыл тұқымды шаруашылық құрылған. Бүгінгі күні мал шаруашылығындағы асыл тұқымды ірі қараның көлемі 6,9 пайызға жеткен.

Экспорттық бағыттағы ірі қара етін өндірумен «Агрофирма Приречное», «Сахновское», «Қалбатау», «Шалабай», «Алғабас», «Багратион», «Елім-ай Көкпекті» сияқты жеті ірі шаруашылық айналысып жатыр. Биыл осы және өзге де шаруашылықтар шетелден 518 бас асыл тұқымды мал әкелген екен. Сонымен бірге «Сыбаға» бағдарламасы бойынша шаруашылықтар өткен сегіз айда бес мың басқа жуық ірі қара сатып алған. Етке өткізілетін ірі қараны бордақылауға арналған 261 мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр.

Осы уақытқа дейін 52 тауарлы-сүт фермасы іске қосылған. Биыл тағы осындай бес, келер жылы сегіз тауарлы-сүт фермасы ашылмақ. Көлемі төмендеп кеткен жұмыртқа өнімін көбейту мақсатында Семейдегі «Ақтөбе – Ертіс» серіктестігінде жылына 43 миллион дана жұмыртқа шығаратын құс фабрикасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Фабрика 2014 жылы іске қосылады.

Қысқасын айтқанда, мал басының саны жағынан республикада алдыңғы үштікте тұрған облысымызда мал шаруашылығын одан әрі дамыту бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар көп. Әйтсе де статистикалық мәліметтерге қарағанда, Аягөз, Катонқарағай, Ұлан, Үржар аудандары мен Семей қаласы маңындағы шаруашылықтарда ірі қараның саны екі-үш пайызға төмендеп кеткен. Ал, Глубокое, Жарма, Көкпекті, Ұлан, Үржар, Шемонайха аудандары мен Семей қаласы маңындағы шаруашылық құрылымдары шетелдік асыл тұқымды ірі қараны сатып алуға орай өздерінің берген тапсырыстарынан бас тартқан көрінеді. Жыл басында он ауданның 18 шаруашылығынан 568 млн. теңгеге шетелдік асыл тұқымды ірі қара сатып алуға тапсырыс берілгенімен, тоғыз айдың ішінде бес шаруашылық қана 41 млн. теңгенің малын сатып алған. Қалған он бір шаруашылық (жоғарыда аталған аудандардағы) бас тартқан. Осы мәселеге байланысты облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ:

– Облысты қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ете отырып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуда мал басын көбейтуге басты көңіл бөлу керек. Ауыл тұрғындарына алты ай емес он екі ай жұмыс істей алатындай мүмкіндік туғызып, мал шаруашылығын өркендету қажет. Бөлінген субсидияны игере алмай жатқан аудан, округ әкімдерінің қиындықпен сұратылып алынған қаржының сұрауы барын ұғатын кездері жетті. Асыл тұқымсыз алысқа бара алмаймыз. Асыл тұқымды мал барлық малдың алты пайызын ғана құрап отыр! Бұған аудан әкімдері жауапты. Тиісті қадағалаушы органдармен бірлесе отырып әр аудандардағы мал басы санына да нақты есеп жүргізу қажет. Облыс Әкімінің орынбасары Владимир Кошелев пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы екі ай ішінде, желтоқсанда өтетін кеңейтілген кеңеске дейін айтылған мәселелердің қорытындысын шығаруы тиіс, – деді.

Ветеринарлық қызметке көңіл бөлмейтіндер бар

Мал басын көбейту ең алдымен мал дәрігерлік қызметтің жақсы жолға қойылуын талап етіп отыр. Облыста бруцеллез ауруы былтырғымен салыстырғанда азайғанымен, Көкпекті, Тарбағатай, Аягөз аудандарында керісінше көбейіп кеткен. Облыстық ауыл шаруашылығы аумақтық инспекциясының бастығы Кенжеғазы Тоқтасынов Көкпекті ауданында мал дәрігерлік талаптар дұрыс сақталмай келе жатқандығын, мал сою, өлекселерді көму орындарын ашуға көңіл бөлінбей отырғанын жеткізді.

Облыс басшысы кеңесте бруцеллез, аусыл ауруынан шығынға ұшыраған малдың орнын толтырып (аусыл ауруынан өлген малдың өтемақысы қазір тұрғындар мен шаруашылықтарға толық төленіп біткен), сонымен қатар егістік құрылымын өзгертіп, жыл сайын күнбағыс пен бидайды еге бермей, бүгінгі күні сұраныс тудырып отырған соя, рапс, қарақұмық сияқты дақыл түрлерін көбірек егуді қолға алу қажеттігін де атап айтты. Көршілес Ресейде осыдан екі жыл бұрынғыдай қарақұмыққа деген сұраныс тағы да артып тұрған көрінеді.

Селекторлық кеңесте Бердібек САПАРБАЕВ мемлекет қаржысына салынып, жөнделген гидротехникалық имараттардың да суармалы жерлерді суаруда дұрыс пайдаланылмай жатқандығын сынға алды. 2007 жылдан биылға дейін сегіз гидротехникалық имарат қайта жаңартылғанымен, Зайсан ауданындағы Кендірлік, Тарбағатай ауданындағы Қандысу, Үржар ауданындағы Қарақол су қоймалары жартылай ғана пайдаланылуда. Аймақта мал өрістері, жайылымдары қайтадан пайдаланыла бастағанымен, мал қыстақтарында малшылар мекендеп, тұратындай қажетті жағдайлар, су көздері жоқ. Бір кезде малға толған жайлаулар, қыстақтар пайдаланылмай иен жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігіне аймақтағы қыстақтарды қалпына келтірудің қаржылық шығын көлемі жасалып, ұсынылған екен. Жоспарланып отырған біраз жұмыс қаражатты керек етуде.

– Ауыл тұрғындарымен кездесулерде мал жайылымының, өрістің жоқтығын алдымен айтады. Бос жатқан, иесіз жатқан жерлерді анықтап қана қоймай, оларды үлестіріп беру жұмыстарымен де айналысу қажет. Мал азығының қорын молайту – бүгінгі күннің ең басты шаруасы. Егіске жаңа технологияларды енгізу қажет, – дей отырып, ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы маман тапшылығы, округтерді ветеринарлық пункттермен толық қамту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жұмыстарын жетілдіру қажеттігін баса айтқан облыс Әкімі облыстық білім басқармасына жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша қажеттілігі артып отырған ауыл шаруашылығы мамандарын оқытып, даярлауға тапсырма бергенін айтты. Дегенмен ірі шаруашылықтар өздеріне керекті кадрды өздері оқытуы тиіс. Ұсақ шаруа қожалықтарының маман даярлау түгілі тыңайтқыш сатып алуға да шамасы жетпей жатыр. Сондықтан мұндай шаруашылықтарды біріктіріп, мүмкіндігін арттырудан басқа жол жоқ. Облыс Әкімі шаруашылықтарды ірілендіру жұмыстарын жалғастыруды ерекше тапсырды.

Ауылдарға арзан өнеркәсіп тауарларын апару керек

Еліміз бойынша Шығыс Қазақстан сүт өндіруден алдыңғы орындарда келеді. Алайда облыстағы сүт өңдеу кәсіпорындары шикізатқа – сүтке зәру болып отыр. Неге? Осы сауал облыс басшысы тарапынан ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы мен облыс Әкімінің орынбасары В.Кошелевке қойылғанымен мардымды жауап алынбады. Ал ауыл тұрғындары қолдарындағы сүтін өткізетін жер таппай отыр. Сатып алатын сүт зауыты табылса, арзанға ғана алуда. Бәрін қойып «Эмиль», «Восток молоко», «Исток» сияқты ірі сүт зауыттары құрғақ сүт кеуегін сүтке айналдырып, саудалауға көшіпті. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша жаңа өндіріс орнын ашқан «Восток молоко» зауыты шикізат тапшылығын көріп отыр. Соның салдарынан кәсіпорын жартылай қуатында ғана жұмыс істеп тұр. Басқалары да осындай жағдайда. Сүт өңдеушілер тұрғындардың өндіріп отырған сүтін сатып алуға неге құлықсыз? Облыс басшысы сала басшысына ауыл тұрғындарының сүтін жинауды ұйымдастыру мәселесін, сүт өндірудегі өзге де түйінді проблемаларды зерттеп, шешуді тапсырды.

Кеңесте облыстық тұрақтандыру қорының жұмысы туралы «Ертіс» ӘКК басқарма төрағасы Нұрлан Садықов баяндап берді. Қазір тұрақтандыру қорына бір млрд. теңгеден артық қаржының 15 мың тоннадан астам азық-түлігі сатылып алынған. Ірі қалаларда өткізіліп жатқан сенбілік жәрмеңкелермен қатар өнімдер арнайы автокөліктер арқылы тұрғындарға тікелей сатылуда. Осындай алты автокөлік қызмет көрсетіп жатыр. Корпорация басшысы бүгінгі күні мұндай көліктердің қажеттілігі артып тұрғандығын айтты. Өйткені он пайызға дейінгі үстемемен саудалауға ниет білдіруші сауда нүктелерінің саны өте аз. Сондықтан өнімдер көліктермен ауыл-ауылға, қалаларға апарылып саудалануда.

Корпорацияны автокөлікпен қамту мәселесінің шешілетінін айтқан облыс Әкімі алдағы уақытта ауылдарға арзан азық-түлікпен қоса бағасы төмен өнеркәсіптік тауарларды да апарып сатуды жолға қою қажеттігін еске салды. Тұрақтандыру қорындағы арзандатылған ұнды пайдаланбай отырған аудан әкімдеріне нан бағасын қымбаттатпаудың алдын алу шараларын жасауды да қатаң тапсырды. Әкімдердің жұмысын бағалауда бағаны тұрақтандыру шараларының жүргізілуіне басты көңіл бөлінбек.

Селекторлық кеңесті қорытындылаған облыс Әкімі ауыл шаруашылығын дамыту бағытында алда тұрған тағы да басқа маңызды міндеттерді орындауға байланысты және өз өңірлерінде кемшіліктерге жол берген аудан әкімдеріне оларды жою жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button