Ауыл шаруашылығы

Сүт өнімдерінің тоғыз түрін шығармақ

Облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин жұмыс сапарымен Көкпекті ауданында болғанда, агралық мәселелерді талқылап, «Елім-ай – Көкпекті» жобасының жұмысына инвестиция тарту мәселесін қарастырды. Жұмыс сапары барысында Дүйсенғазы Мусин Көкпектідегі кооперативтер құру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп жатқан аудандық кәсіпкерлер палатасының жұмысына оң баға берді.

– Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысын қолдау мақсатында мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырылуда. Мысалы, мал бордақылау, егін шаруашылығымен айналысатын кооперативтерге субсидиялар төленеді. Сондай-ақ, салықтық жеңілдіктер қолдануға, жеңілдікті несиелер мен ұзақ мерзімді несиелерді пайдалануға, лизингке техника алуға, мүлікті кепілге салу үдерісін қарапайымдатуға, тағы басқа процедураларды іске асыруға қол жеткізіледі. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін құру бойынша жұмысты белсенді жүргізу қажет. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласын субсидиялаудағы өзгерістер мен қағидалар, кооперативтерді қаржыландыру мен көктемгі дала жұмыстарына ақшалай қаржы бөлу жөніндегі мәселелерге жіті көңіл бөлген жөн, – дейді Дүйсенғазы Мусин.

Қазір Көкпекті ауданында 61 кооператив құрылған. Бұл облыс көлеміндегі құрылған кооперативтердің жалпы санының 30 пайызын құрайды екен. Ал аудандағы сүт және сүт өнімдері көлемін ұлғайту жұмыстары бойынша «Өрнек» ЖШС, «Намыс» және «Елім-ай» шаруа қожалықтарының жетекшілері үш жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Аудан әкімінің орынбасары Марат Теміржановтың айтуынша, келесі жылы Үкілі қыз ауылында 300 ірі қара басқа арналған тауарлы-сүт фермасы жұмысын бастамақ.

– Өткен жылы «Өрнек» ЖШС-нің басшысы Ержан Қойгелдин «Ырыс» бағдарламасы бойынша «100 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын құру» жобасын жүзеге асыру үшін 56 миллион теңге алып, оған асыл тұқымды 100 бас сиыр сатып алды. Ал «Намыс» шаруа қожалығының басшысы 50 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын құруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, «Елім-ай» ЖШС-ның жетекшісі Т.Бекбердинов те бұл істі қолға алмақ, – дейді Марат Теміржанов.

Бүгінгі таңда көкпектіліктер күн сайын облыс орталығына 1 тонна 700 литр сүт өңдеуге жіберіп тұрады. Қазір аудандағы сүт өнімдерін өңдеумен айналысатын «Қалиханұлы» және «Серік» шаруа қожалықтарының жұмысы нәтижелі түрде жүргізілуде. Алдағы уақытта Көкпекті ауданында сүт өнімдерінің тоғыз түрі шығарылады деп жоспарлануда. Дүйсенғазы Мусин болашағы бар шаруа қожалықтарына сүт бағытындағы жобаларды жүзеге асыруға барынша қолдау көрсету керектігін тапсырды.

Клара Қайыпжанқызы
Көкпекті ауданы.

Осы айдарда

Back to top button