Экономика

Сүт индустриясының кешенді бағдарламасы қолға алынды

Сүт индустриясының кешенді бағдарламасы қолға алынды

Алдағы алты жылда аймақта қайта өңдеу кәсіпорындарына өткізілетін сүт көлемі 150 мың тоннаға жеткізіліп, сүт өндіру деңгейі 2,8 есеге көбеймек. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалығымен өткен «Ауылда кәсіпкерлікті өркендетудің бүгінгі жағдайы мен болашағы» атты семинар-кеңесте өңірдің ауыл шаруашылығын алға бастыруға ықпал ететін басқа да бірнеше бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруға орай тапсырмалар беріліп, таяу жылдары қолға алынуы тиіс іс-шаралар айқындалды.

Қабылдау пункттерін көбейтіп, құрғақ ұнтақтан құтыламыз

Сүт индустриясының кешенді бағдарламасы қолға алынды

Бүгінде облыста 714 ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, 12 мыңнан астам шаруа қожалықтары, 530 қайта өңдеу кәсіпорындары мен цехтары бар. Облыс орталығында 700-ден астам ауыл кәсіпкерлерінің басын қосып, ауылдың бүгіні мен болашағын бағдарлаған алқалы жиын аясында аталған шағын және орта бизнес субъектілері шығарып, өндіріп жатқан ауыл шаруашылығы тауарларының көрмесі өткізіліп, облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ 60-тан астам кәсіпорынның азық-түлік, өнеркәсіп өнімдерімен танысып, оларды шығарып жатқан жергілікті кәсіпкерлермен жүздесті.
Өткен жылы ауыл кәсіпкерлеріне төрт мемлекеттік бағдарлама: «Агробизнес-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Бизнестің жол картасы-2020», «Су ресурстарын басқару» бағдарламалары бойынша қаржылай қолдау көрсетілді. Ауыл кәсіпкерлерін қолдауға сонымен бірге 14 салалық бағдарлама, 17 инвестициялық бағыт бойынша қолдау көрсетіліп, оған барлығы 41 млрд. теңге жұмсалған.

Сүт индустриясының кешенді бағдарламасы қолға алынды

Семинар-кеңестің пленарлық отырысын ашқан облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ атқарылып жатқан, көрсетіліп отырған шаралар мен көмек, қолдаулар айтарлықтай болғанымен, аталған саладағы қол жеткізген нәтижелердің көңіл көншітерліктей еместігін еске салды. Қазіргі күні ауыл шаруашылығындағы 13,3 мың кәсіпкерлік субъектілерінің 936-сы іс-әрекетсіз тоқтап тұр. Соның салдарынан өткен жылы облыстың тек жеті ауданында ғана 127 мың гектар пайдаланылмай жатқан егіс алқаптарының бары анықталған.
– Ауылдағы шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлердің 25 пайызы ғана мал өсірумен, қалған 75 пайызы түгелдей егіншілікпен айналысуда. Ұсақ шаруашылықтардың көптігі де ауыл шаруашылығын дамытуға кедергі келтіруде. Несие алуға қажетті кепілдік қорының жоқтығы, субсидиядан қағылып қалу, индустриялық-инновациялық технологияларды енгізбеу сияқты мәселелердің бәрі осы ұсақ шаруашылықтарға тән болып отыр, – деген облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ аймақтың ауыл шаруашылығы саласын дамытуға кері әсерін тигізіп отырған басты проблемаларды атап көрсетіп, осы мәселелерді шешуден туындайтын міндеттерді саралады.
Мал шаруашылығы бойынша былтыр 285 мал бордақылау алаңының 42-сі, 56 тауарлы-сүт фермасының да 38-і ғана субсидия алған.
Өткен жылдан бастап облыста сүтті бағыттағы мал басын көбейтіп, сүт индустриясын өркендетудің кешенді бағдарламасы жүзеге асырылуда. Қазір облыс сүт өндіруден еліміз бойынша бірінші орында тұр. Өткен жылы 776 мың тонна сүт өндірілген. Соған қарамастан аймақтағы сүт өңдеу зауыттары өз қуатының 35 пайызы көлемінде ғана жұмыс істеп жатыр.
– Соңғы алты жылда небәрі алты тауарлы-сүт фермасы салынып, сауынды сиыр саны мың басқа, сүт өндіру үш мың тоннаға ғана артқан. Осыған қарап біздің ірі деген сүт өңдеу кәсіпорындарының белорустық, ресейлік құрғақ сүт ұнтағымен жұмыс істеп, тұрғындарды осындай өніммен қамтамасыз етіп жатқанына таңғалуға болмайды. Осыған орай өзімізді өз өнімімізбен қамтамасыз ету мақсатында облыста сүт өндірісінің кешенді бағдарламасы қолға алынып, жүзеге асырылуда, – деді облыс әкімі.
Сауынды сиыр санын көбейтем, сүт фермасын ашам дегендер енді жобалық сметалық құжат, бизнес жоспар, қосымша жер бөлу, қаржы көзін іздестіру сияқты мәселелермен бас қатырып, уақыт өткізбейді. Оның бәрі жергілікті атқарушы билік тарапынан тегін жасалып, тиімді етіп ұйымдастырылмақ. 2015-2016 жылдары 28 тауарлы-сүт фермасын қайта жарақтандырып, тоғыз сүт фермасын салу жоспарланып отыр. Сауынды сиыр саны алты мың басқа көбейтіліп, сүт өңдеу кәсіпорындары қуатының жүктемесі 54 пайызға жеткізілмек. Сөйтіп, облыс тұрғындары көзжауын алар құтыдағы құрғақ ұнтақтан өндірілген сүттен құтылатын болады.
Аудандарда сүт қабылдау пункттерін ашу сүт фермаларын салумен қатар жүргізіледі. Қазір барлық сүттің 72 пайызын ауыл тұрғындары өндіріп отырғанымен, оны өткізетін жер жоқ. Сүт өндірісін дамытудың кешенді бағдарламасының екінші бағыты бойынша Көкпекті, Жарма, Бородулиха аудандарында биылдан бері 27 сүт қабылдау пунктін ашу жұмыстары басталып кетті. Алдағы жылдары Шемонайха, Глубокое, Катонқарағай, Ұлан, Үржар аудандарында да 50 сүт қабылдау пункті ашылмақ. Сондай-ақ, қазір аймақта білім беру, денсаулық сақтау мекемелерін облыстағы сүт өңдеу кәсіпорындарының сүт және сүт өнімдерімен қамту қолға алынып отыр. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен өңірдегі қайта өңдеушілерден 7,5 мың тоннадан астам сүт өнімдерін сатып алуға 1,8 млрд. теңгеден астам қаржы бөлініп отыр.

Алдымен азық қорымен қамтамасыз ету міндеті тұр

Бес бағыттан тұратын сүт өндірісін дамытудың кешенді бағдарламасының бір бағыты мал азығының мол қорын жасауға арналған. Сиырдың сүті – тілінде. Құнарлы, нәрлі мал азығынан басқа шөп-шалам сауын малының жұмырына жұқ болмайды. Мал азығындық құнарлы дақылдарды өсіру үшін тамшылатып, жаңбырлатып суарылатын суармалы алқаптардың көлемін арттыру көзделініп отыр. Алдағы төрт жыл ішінде 25 млрд. теңгенің 18 суару нысаны жөнделіп, 62 мың гектар алқапты сумен қамтуға мүмкіндік туғызылмақ. Биыл Үржар, Тарбағатай, Зайсан аудандарындағы алты суару имараттары қайта жарақтандырылмақ.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ аудан әкімдерінің назарын алдымен суармалы алқаптардан түсетін өнімді арттыруға аударды. Аудан әкімдері жаңадан құрылатын 37 сүт фермасының, ауыл тұрғындары малдарының құнарлы мал азығымен қамтылуын қамтамасыз етуі үшін осы суармалы жерлердің түсімі мен тиімділігін арттыруға мән беруі тиіс.
Мал азығын молайту мақсатында егіс алқаптарындағы мал азығындық дақылдар түрлерінің үлесін 25 пайызға дейін ұлғайту қарастырылған. Оның ішінде третикале тәрізді нәрлі, шығымды дақылдарды молынан өсіру ойластырылуда.
Облыс әкімі облыста сүт қана емес, қымыз өндіруді өркендетуге де баса көңіл бөлу қажеттігін айтып, осы өндірістерді дамытуға орай мемлекеттен беріліп жатқан қаржылай қолдауларды тиімді пайдалануды тапсырды. «Құлан» бағдарламасы бойынша биыл облысқа 700 млн. теңге бөлініп отыр.
– Соңғы жылдары қой басының да өсімі байқалмайды, 2,2 млн. деңгейінде қалып қойып отыр. Өз нарығымызда қойдың еті мен терісіне сұраныс төмен болуы себепті қой етін 150 мың тонна тұтынушылық мүмкіндігі бар Ресей, Қытай еліне экспорттауды ұйымдастырумыз қажет. Ол үшін автомобиль жолының, темір жолдың бойында жатқан Аягөз, Абай, Үржар, Тарбағатай аудандарында заманауи ет комбинаттарын салуды қолға алуға тиіспіз. Осы жобаны жүзеге асыру үшін Аягөз ауданының әкімдігі инвестор іздестіруді жалғастыруы қажет, – деп аймақтың ауыл шаруашылығын өркендетудегі өзекті мәселелерді көтеріп, міндеттер жүктеген облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ аудан әкімдеріне ауылға жас мамандардың келуіне жағдай жасап, жалға берілетін баспаналармен қамтылуына мүмкіндік тудыруды тапсырды.

Сүт индустриясының кешенді бағдарламасы қолға алынды

Семинар-кеңесте «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС басшысы Фарид Әбітаев, Самар ауылында ара өсіріп жатқан кәсіпкер Қайрат Тұңғышбаев, Бородулиха ауданының әкімі Григорий Акулов, ветеринарлық қадағалау және бақылау комитеті облыстық аумақтық ауыл шаруашылығы инспекциясының басшысы Кенжеғазы Тоқтасынов, «ҚазАгроФинанс» АҚ филиалының басшысы Тимур Сапарғалиев, тағы да басқа ведомстволық мекемелер мен қаржы институттарының өкілдері, кәсіпкерлер өз кәсіптерінің, жұмыстарының жетістіктерімен бөлісіп, мал шаруашылығын, сүт өндірісін дамытудың өзекті мәселелерін ортаға салды.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button