
Елімізде коронавирус жұқтыру көрсеткіші азая бастағаны байқалады. Өткен тәулікте ел көлемінде 14 мың адамның ПТР тесті оң нәтиже көрсетті. Естеріңізге сала кетейік, ең жоғары 16 284 науқас 20 қаңтарда тіркелген-ді. Бүгінгі таңда Түркістан облысынан басқа облыстардың барлығы әлі де «қызыл» аймақта. Біздің облыста 23 қаңтардағы мәлімет бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырған 290 адам анықталды. Тәулік ішінде вирустық пневмониямен ауырғандар тіркелген жоқ.
Өңірде ПТР диагностикалық зерттеу нәтижелері COVID-19 диагнозын растаған ең көп жағдай Семей (141) мен Өскемен (110) қалаларында анықталды. Аудандар арасында Глубокое мен Үржарда тоғыз адам, Тарбағатай, Ұлан, Шемонайха, Бородулиха, Жарма, Аягөз аудандарында бірлі-жарым науқастар тіркелді.
Соңғы мәліметтер бойынша, пандемия басталғаннан бері облыста коронавирусты жұқтырған 43102 адам ауру белгілерімен, 11066 адам симптомсыз тіркелді. Жалпы тіркелген жағдайлар саны – 54168.
Дегенмен індетке байланысты жағдай әлі де тұрақталған жоқ. Еліміз бойынша стационарларда барлығы 152 мың адам ковидтен емделіп жатыр. 386 пациенттің жағдайы ауыр, 124 науқастың жағдайы өте ауыр деп бағалануда. 71 пациент ӨЖЖ аппаратына қосылған.
Індеттен сақтанудың тиімді әрі сенімді жалғыз жолы – вакцина салдыру болғандықтан, екпе салдыру науқанына басты назар аударылып келеді. Қазіргі таңда Қазақстанда 9 126 541 адам вакцинаның бірінші компонентін, 8 690 027 адам екі компонентін де салдырды.
Облыстық денсаулық басқармасының мәліметі бойынша, алғашқы 21 000 доза вакцина медициналық ұйымдарға таратылып, жақын арада барлық емханаларда халыққа қолжетімді болады. Бұл вакцина коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинацияның толық курсынан кейін ревакцинация жүргізуге арналған. Мамандардың айтуынша, ревакцинация вакцинацияның толық курсынан кейін алты айдан ерте жүргізілмейді. «Спутник light» – бұл векторлық вакцина, оның құрамы «Спутниктің» бірінші компонентіне ұқсас.
Естеріңізге сала кетейік, облыста 154 мыңнан астам азамат ревакцинациядан өтті. Comirnaty Pfizer/BioNTech вакцинасын 170 611 адам алды, жүкті әйелдер арасында 16- дан 37 аптаға дейін – 4 532, бала емізетін – 12 627, сондай-ақ 12 жастан асқан балалар мен жасөспірімдер – 151 547. Бұдан басқа, бұрын хабарланымыздай, Comirnaty /Pfizer вакцинасы әзірге 60 жастан асқан адамдар мен медицина қызметкерлеріне ревакцинация үшін қолжетімді. Осы препаратты үшінші, бустерлік доза мақсатында 1565 адам салдырды. Comirnaty /Pfizer препаратының барлық санаттағы азаматтар үшін қашан қолжетімді болатыны әзірге белгісіз.