Тарих

Соғыста қаза тапқандарды еске алды

Соғыста қаза тапқандарды еске алды

Осыдан тура 78 жыл бұрын маусымның 22-сі күні таңғы сағат төртте фашистік Германия әскері КСРО-ның батысынан басып кірген болатын. Сөйтіп екінші дүниежүзілік соғыстың оты тұтанған. Сол бір қасіретті жылдарда қазақ тапқан жауынгерлерді еске алған өскемендіктер Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойып, шейіт болған майдангерлер рухына тағзым етті.

Атаулы рәсімге соғыс және тыл ардагерлері, Шығыс Қазақстан облысы бойынша Ресей Федерациясының консулы және қала жұртшылығы жиналды.
– 22 маусым тарихтағы қаралы күндердің бірі. Дәл осы күні сұм соғыс басталған еді. Сұрапыл соғыста қаза тапқан батырлардың ерлігінің арқасында біз бейбіт күнде еш алаңсыз өмір сүріп жатырмыз. Біз қай уақытта болмасын өз батырларымызбен мақтанамыз, оларды үлгі тұтамыз. Өйткені біздер үшін олар жанын қиды, – дейді қалалық мәслихаттың хатшысы Александр Светаш.

Даңқ мемориалына жиналғандар қатарында облыстық ардагерлер кеңесінің, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының, «Азия Авто», «Үлбі металлургиялық зауыты», «Бипэк Авто», «Казцинк» секілді компаниялардың өкілдері мен қала тұрғындары болды.

– Біздің ашық аспан астында бейбіт өмір сүруіміз майданда жанын берген әкелеріміз бен аталарымыздың, әпкелеріміз бен әжелеріміздің арқасы. Сол себепті осындай шараларға қатысып, қаза тапқандарды еске алу, олардың рухына тағзым ету біз үшін парыз, – дейді қала тұрғыны Маржан Арманқызы.
Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойған көпшілік соғысқа қатысқан жерлесіміз Жұмақан Сужановтың әскердегі естеліктерін, сондай-ақ, Иван Панфилов, Бауыржан Момышұлы сынды тарихи тұлғалар жайлы айтқан тұщымды әңгімесін тыңдады.

Балауса Қожаева

Осы айдарда

Back to top button