Денсаулық сақтау

Соңғы демі үзілгенше скальпелі қолынан түспеген хирург

Соңғы демі үзілгенше скальпелі қолынан түспеген хирург


Кез келген актер сахнада, кезекті рөлін ойнап тұрғанда қайтыс болуды армандайды деген қағида бар. Бұл – өнер адамының өмірдегі өз жолын қателеспей таңдағандығының дәлелі болса керек. Менің кейіпкерімнің мамандығы театр әлемінен алыс болса да, өз саласындағы танымалдығы мен шеберлігі жағынан ең мықты деген артистерден артық болмаса, кем емес еді. Ең бастысы, мамандығын жазбай таңдаған деп сеніммен айта аламыз. Өйткені ол кісі өмірінің соңғы сәтіне дейін ажалмен арпалысып, науқасқа операция жасап тұрған кезінде құлаған… Ақырғы демі үзілгенше өзінің «алтын қолдарынан» шипа іздеп келген жанға көмектесуге тырысты.

Кезінде атағы облысты қойып, бүкіл республикаға кең тараған көрнекті хирург Әскертай Түселбаев жайында көп естігеніммен, таныстығым жоқ еді. Белгілі хирургтің біліктілігі мен білімі жайында ертегіге бергісіз небір әңгімелер айтылатын. Еңбек демалысы кезінде өзі туып-өскен Күршім ауданы мен шалғайда жатқан басқа да елді мекендерге барып, жас хирург мамандарға шеберлік сыныптарын өткізгенін, ауылдың тұрғындарына операция жасағанын білетінбіз. Еліміздің түкпір-түкпірінен соңғы үміті ретінде сол кісіні арнайы іздеп келушілердің қарасы көп екенін еститінбіз.

– Бірде ол кісіні сонау Талдықорғаннан он жеті жастағы баласын ерткен бір ана іздеп келді. Бозбала кішкене кезінде сіркесуын ішіп қойып, өңешін күйдіріп алған екен. Осыншама жыл ол тамақты асқазанға жалғанған түтікше арқылы ішіп келген. Жігіт сол уақытқа дейін аузымен тамақ ішіп, астың дәмін сезіп көрмепті. Профессор Түселбаев жасаған бірнеше сағатқа созылған ауыр операциядан кейін науқас бала өз аузымен тамақ іше алатын дәрежеге жетті. Ол кісі әсіресе өңешке, кеуде қуысына жасалатын күрделі оталардың нағыз шебері болатын. Өкпе ісіктеріне сәтті операция жасайтын. Жалпы, ол кісіні әмбебап хирург деуге болады, кез келген ішкі органға ота жасай беретін, – деп есіне алады профессордың шәкірттерінің бірі, облыстық аурухананың хирургия бөлімінің хирургі Марат Қосамбеков.

Әскертай Сіләмұлы жұмысын таңғы алтыда бастаған көрінеді. Облыстық ауруханаға сонау «Ивушка» гастрономынан (Виноградов көшесі – А.Е) күнделікті жаяу келеді екен.

– Ол кісінің ұйымдастырушылық қабілеті керемет еді. Аудандардағы хирургтердің басын біріктіріп, хирургтердің облыстық қауымдастығын құрды, – деп жалғастырды сөзін Марат Қосамбеков. – Ол кездерде қазіргідей телемедицина дамымаған, шалғайдағы әріптестеріміз кеңестерін телефон арқылы алатын. Біз өзімізді осындай ірі тұлғамен жұмыс істегенімізге бақыттымыз деп санаймыз.

Атақты хирургтің шәкірттері бүгінде кең-байтақ Отанымыздың түкпір-түкпірінде адал қызмет атқарып келеді. Өңірдің бүгінде бетке ұстар оташыларының барлығы да – науқастарын «алтын қолдарымен» ғана емес, жылы сөздерімен де емдей білген білікті профессордан тәжірибе алған мамандар. Сондықтан да болар, аймақтың хирургия саласы республика бойынша үздіктердің қатарынан саналады. Облыстық аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі, облыстың бас хирургы, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор, белгілі хирург Марат Башабаев та осы кісіден оқып-үйренген.

– Біз Әскертай Сіләмұлындай керемет білімді де білгір басшының қол астында жұмыс істегенімізді мақтан тұтамыз. Ол кісіден үйренген мол тәжірибемізді халықтың игілігіне жаратуға тырысып бағудамыз, – дейді Марат Башабаев.

Қызмет жолын енді бастаған жас маманның өз ісінің нағыз шебері болатынын таныған Шығыс Қазақстанда хирургияның, оның ішінде жүрек хирургиясының іргетасын қалаған көрнекті хирург Бруно Рейш екен. Ол кісі аудандарды аралап жүріп, Семей медицина институтын тәмамдағаннан кейін Тарбағатай ауданында қызмет істеп жүрген жас хирургпен танысып, өзіне жұмысқа шақырады. Осылайша, 1979 жылы облыстық ауруханаға қатардағы хирург болып келген Әскертай Сіләмұлы қажырлы еңбегінің, біліктілігінің арқасында бөлім меңгерушісі, облыстың бас хирургы дәрежесіне дейін өседі. Өңірдің хирургия саласының қалыптасып, өркендеуіне үлес қосқан Әскертай Түселбаевтың ел алдындағы адал еңбегі еленіп, медицина ғылымдарының докторы атанды, профессор атағы берілген. Қазақстан Президентінің Жарлығымен «Шапағат» медалімен марапатталды. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтауға қосқан үлесі үшін» кеуде белгісінің иегері. Қазақстанда эндохирургияның іргетасын қалап, оның дамуына атсалысқаны үшін және елімізде жалпы хирургия саласының кең қанат жаюына бір кісідей қызмет еткені үшін Сызғанов атындағы ұлттық хирургия орталығының Алтын медалімен екі мәрте марапатталған.

Көрнекті дәрігер спортпен де шұғылданған екен. Зейнеткерлікке шыққанға дейін облыс дәрігерлерінің волейбол командасында ойнаған. Жас кезінде гимнастикамен айналысып, спорт шеберлігіне кандидат та атаныпты. Қыста шаңғы тебумен әуестенген.

Әскертай Сіләмовтің сыныптасы, бала кезден бергі досы Шерияздан Ақшалов ақсақал да ол кісі жайында жылы естелік айтады. Күршімдегі интернаттың қара нанын бөліп жеген құрдасымен кейін жанұялы болғаннан кейін де араласқан екен. Дос-жарандардың ешқайсысының көңілін қалдырмай, сөзін жерге тастамай, қолынан келген көмегін көрсетіп келіпті.

– Әскертай адал дос еді. Қазір жарты дүниеден айырылып қалғандай күй кешудеміз. Жұбайы Қаншайым екеуінің қыздары мен немерелері бүгінде Астана, Алматы қалаларында қызмет істейді. Өзі соңғы екі жылда Алматыдағы Сызғанов атындағы ұлттық хирургия орталығында жұмыс істеп, соңғы сәтіне дейін қолынан скальпелін шығарған жоқ. Сол операция бөлмесінде құлаған, – дейді күйзеліспен Шерияздан аға.

Жетінші желтоқсанда атақты хирургтің өмірден өткеніне бір жыл толыпты. Артында қалған ұрпақтары мен әріптестері, дос-жарандары, Күршім ауданының белсенді азаматтары еліміздің хирургия саласының өркендеуіне айтарлықтай үлес қосқан Әскертай Түселбаевтың есімі Күршім ауылындағы бір көшеге берілсе, өзі қызмет еткен облыстық аурухананың диагностикалық орталығының қасбетіне мемориалды тақта орналастырылса деген өтініштерін айтады. Алайда, құзырлы органдар мұндай естелік белгілерді тек бес жылдан кейін ғана қоюға болады деген заң талаптары бар екенін алға тартыпты. Бес жыл да көп уақыт емес, тосуға болар. Дегенмен, естелік тақтаны орнату үшін жеке кәсіпкерлер демеушілік танытып жатса, мұндай шектеу қою қисынсыз сияқты. Өйткені білікті хирургтің халқына берген шипасының мерзімі шектеусіз ғой.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button