Өскеменнің Согра кентіндегі жылыжайлар қияр егуден бас тартты. Негізгі себептерінің бірі – пандемияға қатысты шектеу шаралары. Қазір «Әлжан Агротрейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қиярдың орнына қызанақ өсіруді қолға алды.
– Мұндай шешімді қабылдауға түрлі факторлар әсер етті, – деп түсіндірді «Әлжан Агротрейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас есепшісі Жанна Жұмаділова. – Былтырғы көктемде қиярға деген сұраныс күрт төмендеп кетті. Өйткені көтерме сауда орнының дүкендер, дәмханалар мен мейрамханалар сияқты барлық негізгі тұтынушылары карантин кезінде қатаң шектеулермен жұмыс істеді, тіпті көпшілігі ұзақ уақыт бойы жабық тұрды. Сондықтан жылыжай кешенінде бұдан былай қызанақ егу туралы шешім қабылданды. Алғашқы өнім екі айдан кейін, яғни шамамен 10-15 наурызда деп күтіліп отыр.
Жылыжай маманының айтуынша, қызанақтың бір келісінің көтерме бағасы шамамен 600 теңге. Яғни, «Дина» базарында көкөніс сататын көтерме саудагерлер жылыжайдан қызанақты осындай бағамен сатып алады. Ал сол жерден жергілікті қызанақ ұсақ сауда нүктелеріне тарайды. Содан кейін жеміс-жидек піскен уақытта қызанақтың бағасы біршама арзандайды. Согра қызанақтарын ерте көктемнен бастап 10 қазанға дейін сату жоспарланып отыр.
Айтпақшы, Согра қиярлары карантинге байланысты өндірілмей, өткен күзде сөрелерден жоғалып кеткеніне қарамастан, көптеген дүкендердің сөрелерінде «Согра» деген жазуы бар қиярлар әлі қаптап тұр.
– Алдағы екі-үш жылда біз тек қызанақ өсіруіміз мүмкін. Ол жағы енді нарықтағы сұранысқа байланысты. Бірақ дәл қазір біздің жылыжайда қияр өсірілмейді. Кейбір сатушылар біздің атымызды пайдаланады, бірақ бұл біздің қиярымыз емес, – деп түсіндірді Жанна Жұмаділова.
Айжанат Бақытқызы