«Дидардың» қонағы

Сүндет БАЙҒОЖИН, К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының әншісі: – Ауылдастарымның шашын 50 теңгеге қиятынмын

Сүндет БАЙҒОЖИН, К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының әншісі: - Ауылдастарымның шашын 50 теңгеге қиятынмын


Өскеменде өткен «Ақ Ертіс» халықаралық фестивалінде еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, опера әншісі, халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы Сүндет Байғожинмен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

«Баспана беріңіз» деп ешкімнің алдына барған емеспін

– Сізді тыңдармандарыңыз әлемге әйгілі әнші Тоти Даль Монте атындағы жүлдені иеленген тұңғыш қазақ ретінде таниды. Осы байқау арқылы операның отаны – Италияны мойындаттыңыз. Қазақ операсын бүкіләлемдік дең¬¬¬гейде мойындау үшін не істеу қажет?

– Қазақ операсын қазақтан артық кім орындасын?! Əйтсе де, халқымыздың төл операсын бүкіл əлемге танытуға мүмкіндігіміз бар. Мəселен, театрларымыздың шет мемлекеттерге гастрольдік сапарларын жиірек ұйымдастыру арқылы шетелдік көрермендердің көңілінен орын алуға болады. Онда тек арияларды ғана орын¬дап қоймай, сонымен қатар, үлкен қойылымдарды көрсетіп, дəріптеген жөн сияқты.

– Елбасының сөзіне жазылған Төлеген Мұхамеджановтың «Менің қалам» әнін орындап жүрсіз. Бұл әнді айту туралы ұсынысты сізге кім жасады? Неліктен сізді бұл әннің бейнебаянынан көре алмадық?

– Бірде Төлеген Мұхамеджанов ағамыз телефон шалып, «Менің қалам» әнін айтуға ұсыныс тастады. Маған әннің мәтіні бірден ұнады. Ән жарыққа шыққан сәтте «неге қазақ тілінде емес» деген пікірлерді жиі естідім. Негізі Елбасының қазақ тілінде сөз жазған әндері жетерлік. Әрі-беріден соң музыка тіліне аударманың қажеті жоқ. Өйткені, ән қай тілде болмасын, тыңдарманның жүрегіне жол табады. Ал кадрда көрінбегеніме келер болсақ, ең бастысы, әнді менің орындайтыным жазылған ғой. Бұл әннен кейін маған Төлеген Мұхамеджанов «Отан» деген әнін тарту етті.

– Үкіметтік концерттерде баритондар шеруінде ән айтып жүрсіз. Дәл осы құраммен ел аралап, концерттер өткізу жоспарыңызда бар ма?

– Бұл шеру үкіметтік концерттерге келген шетелдік қонақтарға жас әншілерді бір концерттің аясындағы қысқа уақыттың ішінде болса да көрсетіп қалу үшін ойластырылған жоба болса керек. Себебі, әншілердің бәрін жеке-жеке шығарса, уақыт жетпейді. Баритондар шеруінде бас қосып опера айтқанымызбен, бәріміз – жеке дауыстағы әншілерміз, оның үстіне, біріміз – Алматыда, енді біріміз Астанада жұмыс істейміз. Басымызды қосып, концерт берсек жақсы ғой, әрине. Ауыл-аймақты араласақ та тамаша болар еді.

– Сіз еңбек ететін Опера және балет театрының қызметкерлері баспана мәселесін қозғап, Үкіметке хат жолдағанын білеміз. Содан бері не өзгерді? Құпия болмаса, еңбекақыңыз пәтерді несиеге алуға жете ме?

– Осы театрда жұмыс істегеніме 14 жыл болды. Бірақ ешкімнен «баспана беріңіз» деп сұрап та, «пәтер бермей жатыр» деп шағым да жазған емеспін. Кейін бала-шағалы болғанда, пәтер керек екенін сездік (күліп). Жалақымыздың көлемін айтсам, күлкіңіз келеді ғой. Өйткені, айлығымыз шайлығымыздан аспайды.

– Орда бұзар отызға толмай жатып еліміздің еңбек сіңірген қайраткері атандыңыз. Астанадағы Қазақ Ұлттық музыка академиясына келіп, білім алуыңызға бұрынғы Арқалық қаласының әкімі Жомарт Түбекбаевтың ықпалы болған деседі. Осы қаншалықты рас?

– Жалпы, өнер жолына түсуіме ықпал еткен жандардың өтініші бойынша сол кездегі Арқалық қаласының әкімі көмек бергені рас. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде, әнші боламын деп мүлдем ойлаған емеспін. Өйткені, ер-азаматтың мамандығы отбасын асырай алатындай болуы тиіс. Алайда, «Адамның емес, Алланың айтқаны болады» деген сөздің жаны бар екен. Мектепте музыка пәнінен белгілі композитор Қалыбек Дербісалдиннің қарындасы Роза апайымыз сабақ берді. Бірде ол кісі менің ата-анама хабарласып: «Мына баланың дауысы жақсы екен. Бірақ қарлығып шығады. Ең қызығы, жоғары нотаға келгенде, дауысы ашылып кетеді. Сондықтан бұл баламен жұмыс істеу керек» депті. Қазір Роза апай Арқалықтағы №1 мектепте ұстаздық етіп жүр. Қаншама баланың бойында бұғып жатқан талантты ашып, қанатын қатайтқан ұстаздың мерейі біз үшін әрқашанда үстем болмақ. Алғашқы мұғалімім Роза апайдың қолдауымен 3-4-сыныптарда ақ қалалық концерттерде өнер көрсетіп, Қалыбек Дербісалдиннің патриоттық әндерін шырқап жүрдім. Кейін әкемнің жұмыс бабына байланысты Арқалықтан көшіп кеттік. Алайда, мектеп бітіретін жылы отбасылық жағдаймен қайтадан туған қаламызға қоныс аудардық. Сөйтіп, анама қаржылық жағынан көмектесу үшін қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығында жұмыс істеп, түрлі мерекелік мәдени шараларды жүргіздім. Сол кезде менің дауыс тембрімді байқаған қалалық мұражайдың директоры Жұмағали Өмірбеков қала басшысы Жомарт Түбекбаевқа «мына баланы Астанаға оқуға жіберу қажет» деп қолқа салыпты. Осылайша, елордадағы музыка академиясының дайындық курсына келгенмін.

Италиядағы байқауда бас жүлде алған тұңғыш қазақпын

– Дайындық курсынан өткен соң ғана академияға оқуға қабылдандыңыз ба?

– Арнайы музыкалық білімім болмағандықтан, алдымен дайындық курсынан өттім. Шынымды айтсам, оқуға алғаш келгенде, «құдайым-ау, мен қайда тап келдім» деген ойда болдым. Өйткені, Арқалықта мені бәрі әнші ретінде танитын, ал Астанада елеп жатқан ешкім жоқ. Балалықтың әсері ме екен, алғашқы жылдары дайындық курсын оқи алмадым. Сөйтіп, үшінші жылы оқудан шығарып жібермек болғанда, кафедра меңгерушісі Роза Тіленшиеваға барып, соңғы рет кешіруін өтіндім. Сөйтіп, сол жылы дайындық курсын ойдағыдай бітіріп, академияға грантқа түстім. Жоғары оқу орнында маған өзіндік оқыту тәсілі бар Қанат Әбдіқадыров ағамыз вокалдан дәріс берді. Студенттік шағымда Ержан Дәуітов ағамыздың жетекшілік ететін театрдың хорында жұмыс істедім. Кейін операға жас әншілер қажет болған кезде, маған «Біржан-Сарадағы» Қожағұлдың партиясы берілді. Небәрі он жеті жастағы маған Біржан салдың әкесінің партиясын ойнауды тапсырғанда, қобалжып, «бұл рөлді қалай ойнаймын?» деп қиналдым. Сөйтіп, театрдағы ең алғашқы рөлім Қожағұлдың партиясымен басталды. Сахнаға шыққанда қобалжығаным сонша, не айтқанымды білмеймін. Көз алдым қарауытып кеткендей күй кешкенім бар. Спектакльден соң Қанат ағаның қабағынан қарап-ақ, рөлімнің сәтсіз шыққанын түсініп, «Құрысын, енді әнші болмаспын» деп тас-түйін шешімге келіп қойғанмын. Алайда, ұстазым киелі өнер сахнасын тастап кетсем, ренжитінін білдіріп, дайындығымды күшейтуімді сұрады. Бұдан соң мен Италиядан тағылымдамадан өтіп келіп, америкалық консул Шарплестің партиясын орындадым. Сол кезде аталған қойылымды тамашалауға келген Мұхтар Құл-Мұхаммед «Енді бұл бала шетелге барып өнер көрсететін әртістердің қатарында болуы тиіс» деген ұсыныс айтыпты. Содан кейін мен Үкіметтік концерттерге қатысып, телеарналардан көріне бастадым. Осы орайда, марқұм Ермек Серкебаев ағамыздың да сахнадағы алғашқы қадамын Қожағұлдың партиясымен бастағанын айта кеткен орынды. Мұны маған Ермек ағаның өзі айтқан.

– Бибігүл Төлегенова атындағы халықаралық вокалистер байқауында жеті елден қатысқан 40 әншінің арасында бас жүлдеге ие болдыңыз. Операның отаны – Италия сізді мойындаған соң, сізге осы байқауға қатысудың қаншалықты қажеті бар еді.

– Италиядағы байқауға қатысып, бас жүлдені жеңіп алғанымда 22 жаста болатынмын. Бірақ бұл туралы біздің елдің бірде-бір бұқаралық ақпарат құралында жазылған жоқ. Мақтанғаным емес, бірақ, аталмыш байқауда жеңіске жеткен тұңғыш қазақпын. Италиядағы байқауда бағым жанған соң, елімізде өтетін опера әндерінің байқауына қатысқым келді. Себебі, бізде өткен байқаулардан бас жүлдені алған емеспін. Оның үстіне, Бибігүл Төлегенова атындағы байқау – біздегі опера әншілерінің ең ірі байқауы ғой. Сондықтан аталмыш байқауға қатысуды жөн деп шешіп, операда жүрген онжылдық еңбегімнің жемісі мен нәтижесін көрдім. Алғаш рет республикалық байқаудан алған жүлдем болғандықтан, жеңісімді ұстазым Қанат Әбдіқадыров ағама арнадым. Өйткені, ол кезде Қанат ағамыз Германияда ауруханада хал үстінде жатқан еді. Шын мәнінде, біз ол кісіні көзі тірісінде бағалай алмадық. Ең болмаса, «Еңбек сіңірген қайраткер» деген атақты да бермедік. Ал Қанат ағаның Астанадағы опера театрын құрудағы еңбегі зор дейді білетіндер. Мен сол сөзге имандай сенемін. Ол кісі өте момын, өз жұмысын үнсіз ғана атқарып жүре беретін адам еді. Ең қызығы, Қанат ағаға ең әлсіз деген студенттерді береді екен. Міне, сол әлсіздерден Қанат аға опера жұлдыздарын тәрбиелеп шығарды.

– Опера әндерінің барлығы дерлік шет тілінде шырқалады. Сізге өзге елдің тілінде ән айту қиындық туғызбай ма?

– Бір қызығы, біздің отбасындағылардың бәрі шет тілін тез үйренуге бейім. Ағам – арабтанушы, қазақ пен орыс тілін былай қойғанда, араб, ағылшын, қытай және француз тілдерін жетік меңгерген. Мен қазақ, орыс, жапон, итальян тілдерінде сөйлеймін, ағылшынша аздап қана білемін, қазір неміс тілін үйреніп жатырмын.

Ең алғашқы гонарарым – джинсы мен жемпір

– Мектепте белсенді, үздік оқушы болған шығарсыз?

– Мектепте қоғамдық жұмыстарға белсене араласатынмын. Сондықтан ұстаздарым маған оң көзқараспен қарады. Тіпті, мектепте оқып жүргенде-ақ жеке концертімді бердім. Ол кезде Таран ауданының Дощанов ауылында 7-сыныпта оқитынмын. Ән-күйден композитор Алтынбай Сейтқасымов есімді ағай сабақ берді. Ол кісі баянда өте жақсы ойнайтын. Өз жанынан шығарған әндерін үнемі маған орындататын еді. Сол кісінің ықпалымен мектептің мәжіліс залында алғаш рет жеке концертімді бердім. Сондағы алған алғашқы гонорарым – джинсы мен жемпір (күліп). Тоқсаныншы жылдары халықтың тұрмысы төмен болды ғой. Оның үстіне әке-шешем ажырасып, інім екеуіміз мал-жайға қарап, үйге ие болып қалдық. Сол кезден бастап өз күнімізді өзіміз көріп, тіпті, қосымша табыс та тауып жүрдік. Жетінші сыныпта оқып жүргенде, інімнің шашын түзетіп жүріп, шаш қиюды да үйреніп алдым. Содан бастап ауыл тұрғындарының барлығы маған 50 теңгеге шашын қидыртатын. Тоқсаныншы жылдары 50 теңгенің өзі әжептәуір ақша. Бірде Италияда Д.Россинидің «Севиль шаштаразы» операсын орындағанымда, балалық шағымдағы қиын сәттерім есіме түсіп, көңілім босағаны бар.

– Ата-анаңыз туралы не айтасыз?

– Әкем жас кезінде мандолинде, домбырада ойнаған екен. Бір таңғаларлығы, бұл аспаптарды ешкімнің көмегінсіз өзі үйреніп алыпты. Ал анам марқұм үйде үнемі ыңылдап ән айтып жүретін. Осыдан бірнеше жыл бұрын анам сырқаттан көз жұмды. Өкінішке қарай, дәрігерлер диагнозын таба алмады. Жемсау (зоб) деп диаг¬ноз қойған еді, сөйтсек, демікпемен ауырады екен. Оны ауруы әбден асқынып кеткенде бір-ақ білдік. Ал шетелге емдетуге қаражатымыз болмады. Соңғы рет сөйлескендегі анамның дауысы әлі құлағымнан кетпейді. «Мама, мен Төлеген Мұхамеджановтың «Отан» деген әнін жаздырдым. Маған қатты ұнады. Егер осы әнді орындасам, танымал болатын шығармын», – деп телефонмен сол әнді айтып берген едім. Сонда анам: «Балам, расымен де тамаша ән екен! Жұлдыз болсаң, бола ғой», – деп қуанған еді. Қазір осы әнді орындаған сайын анамның бейнесі көз алдыма келеді.

– «Операға дайынмын» деген сенім қашан пайда болды?

– Бала кезімнен әнге әуес едім. Өсе келе үлкен сахнаға шығып, операдан көрінетінімді сезіп жүрдім. Бұл өнер үлкен жауапкершілікті талап ететіндіктен, әлі күнге дейін шеберлігімді шыңдауға бар күшімді салып келемін. Опера әртісі «100 пайыз дайынмын» деп ешқашан айта алмайды. Себебі, əр шығарма жанды дауыста шырқалатындықтан, күнделікті дайындықты талап етеді.

– Сіздіңше, көрерменнің операны қабылдау деңгейі қандай?

– Астанадағы мәдени орта дамып келеді. Қашан көрсең де, зал лық толы. Біреу сүйікті әншісін көруге асығады, енді біреулер əсем ғимараттың іші-сыртында суретке түсу үшін келеді деген сөздерді ойлаймын. Дегенмен, халық театрға нағыз өнерді бағалағаннан барады деп сенемін. Жанды дауысқа деген ыстық ықыласты ерекше байқаймын. Бізді әрдайым шабыттандырып, алға жетелеп жүрген – көрермендердің қошеметі.

– Классикалық музыканың әлеуетін көтеретін кімдер?

– Әншінің өзі, əрине. Опера – бүкіләлемдік өнер, сондықтан, дауыс халықаралық стандартқа сай келуі тиіс. Ол үшін үнемі ізденісте болған жөн. Білімін тереңдету үшін шетелге барып, тәжірибе жинап, әрдайым алға ұмтылатын қыз-жігіттер де еліміздегі классикалық музыканың дамуына өз үлесін қосарына күмəнім жоқ. Жалпы, өнерді есеппен емес, ессіз сүйе білген өнерпаз ғана үлкен жетістіктерге жетері анық.

Тымақты ерекше жақсы көремін

– Сізді «екінші Ермек Серкебаев» деп айтып жатады. Мұны қалай қабылдайсыз?

– Бұл пікірді теледидардағы бір бағдарламада Бибігүл апай айтқан болатын. Мұндай теңеу – мен үшін үлкен мәртебе. Қайталанбас дара тұлғалардың көзін көріп, батасын алғаныма қуанамын.

– Ақпараттық технологиялардың дамуы театрға келушілердің қатарын сиреткен жоқ па? Қазір барлығын теледидар мен интернет алмастырып жатыр ғой…

– Театрға келу-келмеу əркімнің өз ер¬кінде, əрине. Дегенмен, таза дауысты ешбір микрофон, ешқандай техника жеткізе алмайды. Көзбен көріп, құлақпен тыңдап, жүрекпен сезінгенге не жетсін?! Осыны түсінгендердің қатары көбейіп келеді.

– Бірнеше келі тартып тұратын ауыр костюм, париктер… Шаршатпай ма?

– Сахналық киімдердің ішінде өзіміздің ұлттық бас киіміміз – тымақты ерекше жақсы көремін. Қазақи болмысымызды ашатын əдемі дүние. Жалпы, тымақ болсын, шапан болсын, ауыр киімдер денеге салмақ түсіргенде, дауысқа да əсері болады. Кəдімгідей тер төгеміз. Сол арқылы өнерімізді өз-өзімізге тағы бір мəрте дəлелдейміз.

– Кейіпкердің болмысын, табиғатын, ойын дәл беру үшін не маңыздырақ? Актерлік шеберлік пе, әлде, дауыс па?

– Біз сезімді дауыспен білдіреміз. Жы¬ла¬сақ та, күлсек те… Біздің қаруы¬мыз – дауыс. Образға барынша кіріп айт¬сақ, кейіпкердің болмысын аша түсеміз. Сондықтан, дауыс пен актерлік шеберлік қатар үндестік табуы шарт.

– Астана өміріңізге қандай өзгерістер алып келді?

– Мектепті бітіргелі бері өмірім осы Астанада өтіп жатыр. Жоғары білім алдым, қызметке орналастым, елорда төрінде орналасқан «Астана Опера» театрында өнерімізді өрлетуге атсалысып жүрген жайымыз бар. Бастысы, еліміздің игілігіне еңбек етіп, абыройын асыруға барымызды салып жатырмыз.

– Өскеменнен алған әсеріңіз қандай?

– Ерке Ертіс пен Үлбі өзенінің қақ ортасында орналасқан Өскемен – әсем қала екен. «Тасты таулардың құшағындағы» бұл қала маған ерекше әсер қалдырды. Өскемендегі аспанмен астасқан ғимараттың өзі көздің жауын алады. Болашағы зор қала деп сенемін.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан – Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button