Скринингтік тексерулерге қомақты қаржы жұмсалмақ
Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ
Биыл Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан /ӘМСҚ/ облыста профилактикалық медициналық тексерулер мен скринингтер жүргізуге 3,4 млрд теңгеден астам қаражат жоспарланған. Оның ішінде балаларды скринингтен өткізу де бар.
ӘМСҚ облыстық филиалында скринингтік тексерулерді өткізіп алмау неге соншалықты маңызды және мұны қалай жасауға болатынын айтып берді.
–Профилактикалық тексерулердің арқасында қатерлі ауруларды ерте анықтап, уақтылы емдеуді бастауға болады. Скринингтен ондай аурулар бойынша есепте тұрмайтын, белгілі бір жастағы тұрғындар ешқандай шағымы болмаса да өтуге тиіс. Тексерілуден учаскелік медбикенің шақыруымен өзі тіркелген емханада өтуге болады. Скринингтік жасқа жеткен азаматтар емханаға өз бетінше жүгіне де алады, – деді облыстық ӘМСҚ директоры Нұрлан Қыдырбаев.
Шалғай ауылдарда тұратындарды тиісті тексерулермен жаппай қамту үшін облыста жеті жылжымалы медициналық кешен бар. Олардың көмегімен скринингтер, кәсіби тексерулер, жай тексерулер де жүргізіледі, сондай-ақ сол елді мекендерде қажетті медициналық көмек көрсетіледі.
Көптеген азамат скринингтік тексерулерден өтуге «уақыт жоқ, жұмыстан босатпайды» деген сылтау айтады. Тұрғындардың есіне мынаны сала кеткенді жөн көрдік. “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” кодекстің 87-бабына сәйкес, жұмыс берушілер жұмыскерлерді лауазымы мен орташа жалақысын сақтай отырып жұмыс уақыты ішінде скринингтен өтуге босатуға тиіс. Бұл шара сонымен қатар адамның өзінің денсаулығына жауапкершілігін де көрсетеді. Бірқатар мемлекетте азаматтар скринингтік тексеруден өтпей, артынан сол аурумен ауырып қалса, онда науқас ақылы түрде емделуге мәжбүр болады. Елімізде әзірге бұл тексерулер тегін жүргізілгендіктен «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген» дұрыс.
Скринингтік зерттеулердің түрлері және мақсатты топтар
30 – 39 жас аралығындағы әйелдер мінез-құлық қауіп факторларын ерте анықтау үшін скринингтен өтеді. Темекі шегу, дұрыс емес диета, физикалық белсенділіктің төмендігі немесе алкогольді шамадан тыс тұтынуға байланысты пациентке пайдалы ұсыныстар беріледі. Скрининг кезінде пациенттің денсаулығына бағалау жүргізіледі. Созылмалы аурулар немесе олардың даму қаупі анықталған жағдайда пациентті дәрігерлер бақылауына алады, қажетті емдеу-диагностикалық іс-шаралар жүргізіледі.
30 – 70 жас аралығындағы әйелдер жатыр мойны обырын ерте анықтау үшін тексеруден өтеді, соның ішінде ПАП-тест немесе терең диагностика – (видео) кольпоскопия, биопсия және гистология тексерістерінен өтеді, арнайы мамандардың кеңесін алады.
40 – 70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер артериялық гипертензияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін және глаукоманы ерте анықтау үшін скринингтен өтеді. Қан қысымы, холестерин, қан глюкозасы және дене салмағының индексі анықталады. Скрининг осы аурулардың өршуін болдырмауға және тәуекел тобындағыларды бақылауға, қажет болған жағдайда есепке алуға және емдеу мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
40 – 70 жас аралығындағы әйелдер сүт безі обырын ерте анықтау үшін тексеруден өтеді – екі проекцияда маммографияға түседі. Қажет болған жағдайда тереңдетілген диагностика – нысаналы маммография, сүт бездерінің ультрадыбыстық зерттеуі, трепанобиопсия, пункциялық немесе аспирациялық биопсия, гистология жасалады, бейінді мамандардың консультациясы беріледі.
50 – 70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер гемокульт сынағы арқылы колоректальды қатерлі ісікті ерте анықтау үшін тексеруден өтеді. Қажет болған жағдайда тереңдетілген диагностика жүргізіледі – жалпы бейнеколоноскопия, оның ішінде анестезиямен, эндоскопиялық шымшу биопсиясы, гистология, мамандардың консультациясын алады.
Егер скринингтен өтуге қатысты қосымша сұрақтар болса, учаскелік дәрігерге немесе емханаңыздағы пациенттерді қолдау қызметіне қоюға болады.
Егер жағдайды жергілікті жерде шешу мүмкін болмаса, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына мына байланыс арналары арқылы жүгінуге болады – fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot.