Облыс әкімі: бағыт-бағдар

Скринингтік бағдарлама кеңейтілетін болды

Өңірде обыр ауруының анықталу деңгейі – 57 пайыз, бұл республикалық көрсеткіштен екі пайызға жоғары. Скринингтер мен ерте диагностика қатерлі ісік ауруын нөлдік және алғашқы сатыда анықтауға мүмкіндік беріп, өлім-жітім санын айтарлықтай азайтты.

Бұл мәліметтер аймақ басшысы Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен онкологиялық ауруларды ерте диагностикалау мәселелері бойынша кеңесте айтылды.

Мұндай нәтижеге облыстық онкологиялық орталықты заманауи жабдықтаудың және дәрігерлердің, әсіресе жоғары технологиялық медициналық көмектің әр түрін меңгерген хирургтардың біліктілігін үнемі арттырудың арқасында қол жеткізілді. Қазір орталық дәрігерлері Германия мен Израиль клиникаларында гамма-пышақпен жұмыс істеу бойынша оқуда.

– Жыл соңына қарай біз онкологияда жоғары технологиялық медициналық көмектің сегіз түрін қолданамыз, республика бойынша барлығы тоғыз, бұл – жақсы көрсеткіш. PACS жүйесі өзін жақсы дәлелдеді, соның арқасында аймақ тұрғындарына енді өз елді мекендерінен кетудің қажеті жоқ – барлық қажет медициналық суреттер мен құжаттар орталық дәрігерлерінде бірнеше минут ішінде көрсетіледі, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы скринингтік бағдарламаны кеңейту алгоритмін әзірлеуді және ашық есік күндерін өткізу тәжірибесін жалғастыруды тапсырды, өйткені бұл шаралар онкологиялық аурулардың алдын алуға ықпал етеді.

Сондай-ақ Өскеменде маммология орталығының ашылатыны, қазір қажет жабдықтардың алынып жатқаны айтылды. Жаңа маммографтарды Риддер қаласының, Глубокое және Катонқарағай аудандарының медициналық мекемелері алмақ.

 DIDAR ақпарат

 

Осы айдарда

Back to top button