Президент тапсырмасы

Өскеменнің инновациялық бағыттағы дамуы көңіл көншітпейді

Өскеменнің инновациялық бағыттағы дамуы көңіл көншітпейді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ үстіміздегі жылдың 11-қазанында өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде атқарушы билік органдарына бірқатар маңызды тапсырмалар жүктеген болатын. Осыған орай Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов пен оның орынбасарлары жергілікті актив алдында аталмыш міндеттердің іске асырылу барысы туралы есеп берді. Жиынға төрағалық еткен аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ қалалық әкімдіктің бір ай бойы осы бағытта атқарған ісін қатаң сынға алды.

Өңірдегі экономикалық өсімнің қарқынын үдету ең алдымен облыс орталығына, оның мемлекеттік бағдарламаларды орындау, Индустрияландыру картасына енген жобаларды іске қосу, шағын және орта бизнесті қолдау және дамыту сияқты ауқымды шараларды атқаруына тікелей байланысты. Алайда, дәл осы көрсеткіштер бойынша Өскеменде артта қалушылық байқалады.

Жиында қала әкімі Темірбек Қасымжанов облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жөнінде кең көлемді баяндады. Мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері өнеркәсіп саласында 513 миллион теңгенің өнімі шығарылыпты, бұл былтырғы межеден 8,5 пайызға артық. Ал үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Өскеменде жалпы құны 252 миллиард теңге болатын 16 инвестициялық жоба іске асырылуда. Сондай-ақ, жиынтық сомасы 4 миллиард теңгені құрайтын бірнеше әлеуметтік насандар салынып жатыр, олар – Жеңіл атлетика манежі, Жекпе-жек сарайы, бассейн, сәуле терапиясы орталығы. Осы жылдың соңына дейін облыс орталығында аумағы 93 мың шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға берілмек. Осы ретте қала әкімі жауапсыз мердігерлердің кесірінен бірқатар құрылыстардың мерзімінен кешігіп әрі сапасыз жүргізіліп жатқанын да тілге тиек етті.

Бүгінгі таңда Өскеменде 2284 шағын және орта бизнес нысаны жұмыс істеп тұр, олардың саны өткен жылмен салыстырғанда шамамен 20 пайызға кеміген. Жұмысы белсенді емес 600 кәсіпкерлік субъектісін жою жөнінде шешім шығарылып, материалдары сотқа жөнелтіліпті.

Қала әкімінің айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру мен салық жинауда оң өзгерістер байқалады, «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламалары да жоспарға сай орындалуда. Бірақ, мәселелер де жоқ емес. Мысалы, ауруханаларда дәрігер мамандар жетіспейді, қаланың көшелері, жеке үйлер мен саяжайлар орналасқан аумақтары әлі де болсын толық жарықтандырылмаған. «Терможаңғырту» бағдарламасы бойынша 123 үйді жөндеген мердігерлердің дені өз жұмыстарын сапасыз атқарыпты. Мұнымен қоса, Өскеменде қылмыстардың саны былтырға қарағанда 20 пайызға көбейіп кеткен.

Өз есебінде Өскемен әкімі аймақ басшысы тарапынан жүктелген 17 тапсырманың 13-і орындалғанын, қалған төртеуі бойынша жұмыстың жалғасып жатқанын да атап өтті.

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ құрылыс жұмыстарының қарқынына қатысты біраз сын айтты, салынып жатқан тұрғын үйлердің бәрі есепке алынбайды, кәсіпкерлер де құрылыспен айналысуға құлықсыздық танытуда.
– Мәселен, Семейде тек биыл ғана жергілікті кәсіпкерлердің қаржысы есебінен үш емхана ашылды. Ал Өскеменде бизнесмендер тарапынан бірде-бір әлеуметтік нысан салынған жоқ, – деді облыс Әкімі.

Аймақ басшысы қалалық әкімдіктің инвестиция тарту, өндірісті дамыту, шағын және орта бизнес нысандарын көбейту бағытындағы жұмыстарын да сынға алды. Өскемен аталмыш көрсеткіштер бойынша еліміздің өзге облыс орталықтарына жол беріп отыр. Сондай-ақ, аймақ басшысының пайымынша, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енген 16 жоба Өскемен сынды әлеуеті зор қала үшін аздық етеді.

– Индустрияландыру картасына облысымыздан енген жобалардың жартысына жуығы Өскеменнен болуы тиіс. Алайда, қаланың инновациялық бағыттағы дамуы көңіл көншітпейді, оған бірден-бір себеп – не «Алтай» технопаркі, не конструкторлық бюро мардымды жұмыс істеп отырған жоқ, – деп қадап айтты аймақ басшысы.
Келесі кезекте есеп берген қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов та ғылымның соңғы жетістіктерін өндіріске енгізуде кемшіліктердің бар екенін мойындады.

Облыс Әкімі қалада мердігер ұйымдарға қатысты бақылаудың әлсіз жүргізілетініне де қынжылысын білдірді. Шаһарда құрылыс саласына қомақты қаржы бөлінеді, дей тұрғанмен нысандардың көбі мерзімінде салынып бітпейді, тұрғындар тарапынан олардың сапасына да айтылып жатқан өкпе-реніштер аз емес.

– Терможаңғырту бағдарламасы бойынша үйлерді жөндеу кезінде кемшіліктерге жол берген жауапсыз мердігерлер мәселесін қашан шешесіздер? Олқылықтардың орнын қалай толтырмақсыздар? – деп сұрады аймақ басшысы.
Қала әкімінің орынбасары Владимир Головатюк бұл іске мүмкіндіктерінше демеушілерді тартып жатқандарын жеткізді. Сондай-ақ, Өскемендегі сегіз үйді сапасыз жөндеген мердігерлерге қатысты істер сотқа берілген екен.
Өңір басшысы қалалық әкімдіктің тұрғын үйлер мен мекемелерді суық және ыстық суды есептеу құралдарымен жабдықтау жұмысын өте нашар бағалады. Аталмыш көрсеткіш бойынша Өскемен еліміздегі қалалар арасында ең соңғы орынды алады, шаһардағы тұтынушылардың тек 40 пайызында ғана есептегіш құралдар бар.

В.Головатюк облыс орталығындағы экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған іс-шараларға, биыл ғана жөнделген Қазақстан мен Қабанбай батыр көшелерінің сапасына, өзге қалаларға қатынайтын әуе рейстерін ашуға қатысты да нақты жауап бере алмады.

Бердібек САПАРБАЕВ қала әкімінің орынбасары Владимир Головатюктің есіне қаланы абаттандыру мен көріктендіру, облыс орталығындағы қоғамдық көлік аялдамаларын жаңарту және коммерциялық нысандарды түнгі мезгілде жарықтандыру сынды өзінің тапсырмалары әлі күнге дейін орындалмай отырғанын да салып, «Сіз соңғы кездері жұмысыңызды жөнді атқармай жүрсіз!» деп түйіндеді ойын.

Активпен кездесу барысында қаладағы қоғамдық-саяси жағдай да әңгіме арқауына айналды. Қала әкімінің орынбасары Бұлбұл Бакинованың айтуына қарағанда, атқарушы биліктің және азаматтық қоғам мен үкіметтік емес ұйымдардың арасында өзара тиімді әріптестік орнаған. Сонымен қатар, қазіргі кезде жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу бойынша қалалық бағдарлама әзірлену үстінде. Аймақ басшысы қылмыстардың алдын алу жөніндегі кеңестің құрылуы игі бастама екенін және оны жалғыстыру қажеттігін атап өтті. Мұнымен қоса, қоғамдық ұйымдармен, полицияға көмек көрсетуші ерікті жасақтармен бірлескен жұмысты да ширата түсу керек.

Жиында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ алда келе жатқан ұлық мерекелер – Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік күніне дайындықтың барысын да сұрастырып білді. Бұл орайда, Бұлбұл Бакинова тиісті жұмыстардың жүріп жатқанын, атап айтқанда іс-шаралар жоспары бекітіліп, облыс орталығын безендіру басталып кеткенін мәлім етті.

Аймақ басшысы мейрамдар қарсаңында барлық жерде тазалық пен тәртіп орнатуды, осы мақсатта сенбіліктер ұйымдастыруды жүктеді. Сонымен қатар, ол қалалық білім бөліміне «Туған жерге – тағзым» акциясына мектеп түлектерін көптеп тартуды және «tylек.kz» сайтының мәліметтер базасын ұдайы толықтырып отыруды тапсырды.
– Өскеменнің экономикасын қарқынды дамытуға қажет мүмкіндіктер мен әлеуеттер жеткілікті, тек соларды тиімді қолдану үшін жергілікті атқарушы билік жүйелі түрде жұмыс істеуі тиіс, – деді кездесуді қорытындылаған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button