Өскеменнің экологиясын сауықтырудың жолдары қандай?
Облыстық прокуратурада Өскемен қаласының экологиясын сауықтыру мақсатында жүргізілген тексерулердің нәтижелерін талқылаған кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Оған облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев, Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов, сонымен қатар, осы мәселеге жауапты мекемелердің басшылары, кәсіпорындар мен жылу орталықтарының жетекшілері, экологтар қатысты.
Облыстық табиғат қорғау мамандандырылған прокуратурасының прокуроры Бақытжан Ізғұттиновтың айтуынша, облыстық статистика департаментінің мәліметтерінде қаланың атмосферасына жыл сайын 62 мың тонна ауаны ластайтын заттектер шығарылатыны көрсетілген. Оның 35 мың тоннасын күкіртті ангидрид, 13 мың тоннасын көмір қышқылы және 6 мың тоннасын азот қышқылы құрайды екен. Негізгі ластаушылардың қатарында «Қазцинк» ЖШС, «АЭS Өскемен ЖЭО» АҚ, «АЭS Согра ЖЭО» ЖШС, «Өскемен жылу жүйелері», «Промстрой» ЖШС, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ, «Қамқор Локомотив» ЖШС, «Май» АҚ, «Востокмашзавод» АҚ, «ҮМЗ» АҚ сынды кәсіпорындар бар.
Баяндамашының айтуынша, талдау нәтижелері статистика органының мәліметтері шындыққа жанаспайтынын көрсетеді. Бұл көрсеткіштер аталған кәсіпорындардың өздері жасап, ұсынған есеп негізінде ғана құрастырылған. Есептердің нақтылығын ешкім тексермейді. Бұған қоса, автокөліктердің және жеке секторлардың ауаны ластау үлесі туралы мәліметтер мүлдем жоқ көрінеді. Өкінішке қарай, олардың мөлшері жыл өткен сайын арта түсуде.
Экологиялық ахуалдың нашарлауының тағы бір себебі – қоршаған орта сапасының мақсатты көрсеткіштерінің жоқтығына байланысты екен. Қолданыстағы Экологиялық кодекстің 20-бабына сәйкес, аталмыш мақсатты көрсеткіштерді даярлау қоршаған ортаны қорғау саласындағы жергілікті атқарушы органға жүктеліп, облыстық мәслихат бекітуі тиіс. Алайда, күні бүгінге дейін дәл осындай мақсатты көрсеткіштер Өскеменде дайындалмапты.
– Жыл сайын көлік құралдарының көбеюі де жағдайды қиындата түсуде. Олардың саны 2005 жылмен салыстырғанда 24%-ға артқан. Ал облыстық экология департаменті, жол полициясы, көліктік бақылау басқармасы ауаны шектеулі нормадан тым асыра ластап жүрген көлік құралдарын анықтауға құлықты емес. Соған орай, облыстық прокуратура іріктеу жүйесі арқылы төрт күнде 100 автокөлікті тексеріп, олардың тең жартысы талаптарға сәйкес болмай шықты, – дейді Бақытжан Ізғұттинов.
Өскеменнің экологиясы тұрғындар денсаулығына да айтарлықтай қауіп төндіріп отыр. Уәкілетті органдардың мәліметтеріне сүйенсек, қала тұрғындарының арасында онкологиялық, тыныс жолдары ауруларының саны көбеюде, бала туу азайып, адам өлімі жиі тіркелуде.
Салық заңнамасында да экологияға қатысты мәселе бар. Мәселен, санитарлық ереже белгілеген атмосфераға шығарылатын лас заттардың жалпы саны 701 болса, солардың он алтысынан ғана алым алынады. Салық кодексі қабылданғанға дейін 228 зиянды қалдықтан алым алынған. Осының салдарынан бюджетке өте ірі көлемде қаржы түспей қалған. Облыстық салық департаментінің мәліметтеріне сәйкес, 2012 жылы «ҮМЗ» АҚ ауаға шығарған қалдықтар үшін 981 мың теңге, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ 2,4 млн, «Қазцинк» ЖШС 704 млн. теңге төлеген.
2008 жылмен салыстырғанда «АЭS Өскемен ЖЭО» АҚ-нан түскен түсім сомасы 62%, «АЭS Согра ЖЭО» ЖШС-нен 65%, «Промстрой» ЖШС және «Май» АҚ-нан 50%-ға дейін азайған. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, көршілес Ресей Федерациясының Салық кодексінде атмосфераға шығарылатын зиянды заттар үшін 225 заттан алым алынады. Украинада 100%-ға дейін алынады екен.
Экология мәселесіндегі прокуратура анықтаған тағы бір кемшілік – «АЭS Өскемен ЖЭО», «АЭS Согра ЖЭО» мекемелерінің жұмысында техникалық регламенттің бұзылғаны анықталған. Яғни, оларда түтін газдарының сапасын анықтау аспаптары мен жүйелері орнатылмаған, газ тазалау құрылғыларымен жабдықталмаған. Күл тазалау жабдықтарында сынған жағдайда хабарлау жүйелері жоқ. Осы тектес кемшіліктер «Өскемен жылу жүйелері» АҚ-да да кездеседі. Сондай-ақ, есепке алынбаған көмірді пайдалану фактілері кездескен.
Облыстық экология департаментінің бастығы Қанат Мұсапарбеков прокуратура тарапынан жасалып отырған тексерулердің орынды екендігін атап, жиналғандарды Өскеменнің экологиясын бірлесе жақсартуға шақырды. Сондай-ақ, ол облыс Әкімінің қолдауымен экологиялық қауіпсіздік орталығы құрылып, сол арқылы экология мәселесіне жауапты мекемелер тиімді шаруаларды қолға алып жатқандығын атады. Дегенмен, салалық департамент басшысы ағымдағы жылда ауаны ластаушы кәсіпорындардың берілген лимиттен асып кеткендігін атап көрсетті.
– Сіздер принципті түрде жұмыс істегенде жағдай басқаша болар еді, неге талап етпейсіздер? Оларды міндеттеу керек. Сол кәсіпорын басшыларының елдің алдында жауапкершілікті сезінетін уақыттары әлдеқашан жетті. Экологияны жақсартуға қатысты нақты жобаны әзірлеңіздер, – деді облыс прокуроры Бағбан Таимбетов.
Облыс прокурорының тарапынан мұндай талап облыстық табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Қадылбек Сапарғалиевке де, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және қадағалау департаменті бастығының міндетін атқарушы Мәдениет Тұрабаеваға да, «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының директоры Нұржан Әкрамовқа да, ішкі істер департаментінің жол полициясы басқармасының бастығы Петр Никифоровқа да, облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Сергей Поповқа да қойылды.
Экологияны жақсартуға байланысты сөз алған «Қазцинк» ЖШС-нің бас экологы Борис Колпаков, «АЭS Өскемен ЖЭО», «АЭS Согра ЖЭО» мекемелерінің басшылары Жәнібек Жұмәділ мен Ержан Қоңырбаев та бір айдан соң нақты іске құрылған жобаларымен келіп, есеп беретін болады.
Облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев прокуратура өткізген жиынның маңыздылығын атап, Өскеменнің экологиясы қашанда күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе екендігіне тоқталды. Сонымен қатар, бұл мәселеде ауаға қалдық заттарды шығаратын кәсіпорындар басшыларын өз істерінде барынша жариялы болуға шақырды.
– Мысалы, «Қазцинк» ЖШС-ін алар болсақ, олар ауаға шығаратын газ мөлшерін тұтып қалатын, азайтатын сүзгі-қондырғыларды орнатпауда деп айта алмаймыз. Сол секілді, экологияны қорғау мәселесіне келгенде аз ақша да шығарып жатқан жоқ. Тек сол жұмыстардың бәрі де халыққа, облыс орталығының тұрғындарына неге жариялы түрде айтылмасқа? Неге баспасөз, теледидар арқылы жарияланбасқа? Сіздер сол жағын ақсатып жатырсыздар, бірлесе, неғұрлым жариялы түрде жұмыс істесек, мәселенің алдын алу да соғұрлым жеңіл болмақ. Бұл айтылғандардың бәрі барлық қалдық шығарушы кәсіпорындар мен экология мәселесімен шұғылданатын тиісті мемлекеттік мекемелерге тікелей қатысты, – деді Ермек Көшербаев.
Сондай-ақ, қоғамдық кеңес өкілдерінің айтқан ұсыныс-пікірлері де жобаларды әзірлеу барысында назарға алынатын болды.