Экология

Өскеменге желдеткіш мұнара орнатыла ма?

Өскеменге желдеткіш мұнара орнатыла ма?


Тау етегінде орналасқан Өскемен тұрғындары үшін жапырақты сыбдырлатар үп еткен жел соқпай тұратын тымық күндер үйреншікті жайт. Қала аумағында орналасқан өнеркәсіп орындарынан, қыс бойы түтіндететін 23 мыңға тарта жеке тұрғын үйден, 100 мыңнан астам көліктен бөлінген улы газ шаһардың тымырсық ауасын одан сайын қоюлатып келеді. «Қаланың мұндай географиялық орналасу жағдайы Өскеменнің ауасын күштеп желдететіндей арнайы іс- шаралар жасауды талап етеді. Облыстың саяси күштері осы мәселені шешуге назар аударса деймін», – дейді облыстық экология департаментінің директоры Дмитрий Кавригин.

БҰЛ -ӘЛЕМДЕ БАР ТӘЖІРИБЕ

Облыстың бас экологы Шығыс Қазақстан облысының экологиялық мәселелері көтерілген дөңгелек үстелде зиянды газдардан арыла алмай келе жатқан Өскеменге қала ауасын жасанды жолмен желдетіп, газдан тазартып тұратын арнайы құрылғы орнатуды ұсынды. Бірақ облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Владимир Головатюктің ойынша, бұл ұсыныстың жүзеге аса қоятындығы неғайбыл.

-Сіздер оны қалай жасамақсыздар? Он жылдай бұрын ҮМЗ мамандары Красин кенті мен қаланың екі ортасындағы тауға қуатты желдеткіштер орнатуды ұсынған болатын. Бірақ бұл жүзеге асатындай шынайы дүние емес. Одан да шығарындыларды азайту керек!-деді жаңа ұсынысқа қарсы уәж айтқан қоғамдық кеңестің төрағасы.

Үлбі металлургиялық зауыты экологтарының айтуынша, қалаға желдеткіш құрылғысын қою ешқандай қиял ғажайып емес.

-Бұл ұсынысты біз ұсынған жоқпыз. Бұл есептеулерді Ресейдегі атмосфера оптикасы институты жүргізді. Ұшақтар мен зымырандарға қойылатын қуатты желдеткіш құрылғыларының көмегімен ауаның кез келген қозғалысын: тымық ауадан бастап дауылға дейін жасауға болады. Сонымен қатар бұл тәсіл қазір әлемде жүзеге асырылып та қойды. Әлемдегі ең лас қала Пекиннің ортасында үлкен мұнара орнатылған. Оның әрбір қабатына белгілі бір бағдарлама бойынша қаланы желдетіп тұратын желдеткіш қондырғылар қойылған. Бұл әрине, қымбатқа түседі. Сондықтан мүмкін біз әзірге бұған дайын емеспіз, -деді «ҮМЗ» қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы Дмитрий Слободин.

Облыс орталығында орта есеппен жыл сайын жүзден астам жел соқпайтын қолайсыз ауа райы жағдайы тіркелініп келеді. Тар көшесі мен тымырсық аспанын газ тұмшалағанда Өскеменнің ауасы кәдімгідей ауырлап, шаң-тозаңды далада демалудың өзі мұңға айналады. Экология департаментінің ұсынысы жүзеге асып, қала тазарып, халықтың денсаулығы жақсарып жатса, құрылғыларды орнатуға кеткен қыруар қаржының орны мың еселеп толары даусыз.

ТӨЛЕМДЕР ТҮГЕЛДЕЙ ЭКОЛОГИЯНЫ ЖАҚСАРТУҒА ЖҰМСАЛМАҚ

Өскеменге лас ауаны тазартатын желдеткіш құрылғы орнатуға қазір ақша жоқ болғанымен, алдағы жылдары артығымен табылып қалуы мүмкін. Себебі, келер жылдың соңында қабылданғалы отырған жаңа экологиялық кодекс бойынша кәсіпорындардан қоршаған ортаны ластағаны үшін алынып жатқан экологиялық эмиссиялар төлемі бұдан былай толықтай тек экологиялық бағдарламалардың іс-шараларына жұмсалмақ. Бүгінде облыс, қала бойынша ластаушы кәсіпорындардан жыл сайын бюджетке бірнеше миллиардтаған ақша түсіп жатқанымен, олардың жартысының жартысы ғана экологиялық шараларға бағытталуда. Сонымен қатар ол қаржының көбі республикалық бюджетке кетіп жатқаны және бар.

Өскеменде облыс экологиясының мәселелеріне байланысты өткен дөңгелек үстелге қатысқан «Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы» бірлестігі төрағасының орынбасары Елдос Абақанов қаралып, ұсынылып жатқан жаңа экологиялық кодекстің тұжырымдамасында эмиссиялық төлемдерді мақсатты пайдалануға, экологиялық ахуалды жақсартуға пайдалану қарастырылып отырғандығын жеткізді.

-Шығыс Қазақстан облысында жыл сайын қоршаған ортаға 129 мың тоннадан астам зиянды шығарындылар шығарылып келеді. Соған қарамастан облыс кәсіпорындарынан эмиссиялық төлемдерге бөлініп жатқан қаржы мөлшерінің 10 пайызы ғана экологиялық шараларға жұмсалуда. Экологиялық төлемдер бұл – салық емес, табиғат қорғауға арналған қаражат. Егер бұл төлемдер осы уақытқа дейін басқа мақсаттарға, оның ішінде әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалып келсе, енді жаңа кодекс қабылданғаннан кейін біз оны мақсатты пайдалануға, экологиялық мәселелерге жұмсауды жоспарлап отырмыз, алдымен 50, одан әрі толық 100 пайыз көлемде. Қоршаған ортаны қорғауда кешенді экологиялық рұқсат беру тетіктері бар. Бұл әлемдегі ең озық экологиялық модельдің бірі, бірақ бізде әлі жұмыс істеп жатқан жоқ. Егер кәсіпорын қоршаған ортаға зиянын төмендететін заманауи технологияларды қолданып, барлық экологиялық іс-шараларды атқарып, өндірісін қайта жаңғыртса, онда ол миллиондаған экологиялық эмиссия төлемдерінен, айыппұлдардан, барлық тексерулерден босатылады, – деп түсіндірді жаңа экологиялық заңнаманың артықшылықтарын Елдос Абақанов.

Жаңа экологиялық кодекстің енді бір ерекшелігі қоршаған орта үшін екі жақтың да: ластаушы кәсіпорын мен жергілікті облыс, қала, аудан әкімдіктерінің де жауапты болатындығында. Кодекске енгізіліп отырған нақ осы бап экологияның түйінді мәселесін шешуде бизнес пен биліктің бірлесе жұмыс істеуін талап етпек. Сонымен бірге елді мекендегі қоршаған ортаға қатысы бар кез-келген өзгеріс: көшелерді кеңейту, көркейту, тағы басқа да жайттер тұрғындармен талқыланып барып қана жүзеге асырылмақ.

Өскеменге желдеткіш мұнара орнатыла ма?

КЕШЕНДІ ЖОСПАРДА КӨЗДЕЛІНІП ОТЫРҒАН ЖҰМЫСТАР

Елімізде қоршаған ортаға аса көп зиянын тигізіп келе жатқан төрт өңір бар: Алматы, Астана, Қарағанды және Шығыс Қазақстан. Облыстың экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында жасалып отырған «Қоршаған ортаны сауықтырудың 2022 жылға дейінгі кешенді жоспарында» көрсетілгендей үш жыл ішінде өңірдің ТҮКШ саласының талайдан бері жыр болып келе жатқан мәселесінің бірі шешіліп, 15 елді мекеннің, сондай-ақ Өскемен мен Семейдің кәріз жүйесі мен тазалау имараттары қайта жаңғыртылмақ. Көптеген елді мекендер мен ірі қалаларда көгалдандыру, көріктендіру шаралары жүргізіліп, жолдары кеңейтіліп, жөнделмек.

Жоспар аясында ластаушы кәсіпорындардың өздерінде де қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылады: Бұқтырма, Семей цемент зауыттары өндірістеріне газдан тазалау жүйелері мен заманауи сүзгілер орнатылады, Өскемен ЖЭО биыл қазандықтардан бөлінетін азот оксидін азайту шараларын бастамақ. Риддер металлургия кешенінде күкіртті газды азайтуға мүмкіндік беретін «ГидроПолиМет» жобасы бойынша өнімді ауада сілтілеу әдісімен жұмыс істейтін зауыт құрылысы басталды. Жобаның құны – 22 миллиард теңге. Ауаға бөлінетін газды төмендететін өзгеше өндірісті кейін Өскемен металлургия кешеніне де енгізу жоспарланып отыр. 2022 жылға дейін ТМК-да өндірістен бөлінетін газды тазартудың озық жүйесі іске қосылмақ.
«Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы» бірлестігінің төрайымы Айгүл Соловьева қоршаған ортаны сауықтырудың үш жылға арналған кешенді жоспарында алға қойылып отырған шараларды орындауға, жергілікті жердегі экологиялық мәселелерді республика деңгейінде шешуге өз тараптарынан қолдау көрсететінін айтты.

Аймақтағы экологиялық ахуалды жақсартуға немістер де қол ұшын беруге әзір. Шығыстың экологиялық жағдайы талқыланған дөңгелек үстелге Германиядағы Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы өкілі, халықаралық сарапшы Томас Хельм де шақырылыпты. Сарапшы облыс басшыларына, кәсіпкерлерге өз елінде өміршеңдігін көрсеткен бірнеше экологиялық заманауи тұжырымдар мен шараларды ұсынды. Бүгінде Германия өндіріліп жатқан барлық энергияның 30 пайызын жаңартылған энергия көздерінен алып отыр. Негізінен, жел мен биомассаны өңдеуден. Қазіргі күні Аденауэр қорының қолдауымен Қарағандының маңында күн энергиясы паркі ашылып, жұмыс істеп тұр. Германиялықтардың баламалы қуат көзін табудағы өзге де жетістіктерін тізбектеген Томас Хельм облыста су, күн энергиясын пайдалануға мол мүмкіндік бола тұра оған жете көңіл бөлінбей отырғанын, өздерінің Өскемен мен Семейдегі ЖЭО-ларды қайта жаңғыртуға, алдыңғы қатарлы технологиялармен жабдықтауға, қаржыландыруға мүмкіндіктері барын жеткізді. Германияның Рур ауданындағы ЖЭО-ын мысалға алған ол ластаушы кәсіпорынның заманауи технологияның нәтижесінде қоршаған ортаға қауіпсіз нысанға айналып отырғанын әңгімелеп, түсіндіріп берді. Озық технологияларды, «Жасыл» технологияларды жетілдіріп жатқан ұқыпты елдің біздің облыстың экологиясын жақсартып, сауықтыруға, табиғатымызды тиімді пайдалануға септігі тиері сөсіз екенін ұқтық. Ал, бұл салада күрмеулі күйінде тұрған мәселе аз емес.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button