Өскемендегі спорт кешенін ауруханаға айналдыра ма?
Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі коронавирус жұқтырғандарды жатқызатын ауруханаға айнала ма? «Уатсапта» тараған «шуға» қатысты облыстық спорт басқармасы ресми мәлімдеме жасады.
Жуықта интернет желісінде әлдебір спорт кешенінің ішіне төсек-жабдықтар қойылып жатқан видео тарады. Видеоны таратушылар «Бұл Ольга Рыпакова атындағы спорт кешені. Мұнда COVID-19 жұқтырғандар жатқызылады», – деді.
Алайда спорт басқармасы мұны теріске шығарды.
– Интернет желісінде таратылған видео біздің облыста түсірілмеген және өңіріміздегі спорт кешендерінің ешқайсына қатысы жоқ. Қазір Ольга Рыпакова атындағы спорт кешенінде отыз шақты спортшы жаттығып жатыр. Жаттығуды жүргізуге санитария дәрігерінің рұқсаты да бар, – деген басқарма басшысы Денис Рыпаков тұрғындарды жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды. «Кез келген ақпартты алдымен тексеріп алуларыңызды сұраймын», – дейді ол.
Әкімдік ұсынған мәлімет бойынша, қазір облыста вирус жұқтырғандардың жалпы саны – 742. Сондай-ақ науқастарға орын жеткілікті. Вирус жұқтырған адамдар инфекциялық ауруханалар мен уақытша стационарларға жатқызылған.
Тасқын Болатұлы