Өзекті

Өскеменде жарықсыз отырған үйлер бар

Облыс орталығы – Өскеменде сапалы электр энергиясына жарымай отырған жүзден астам шаңырақ бар. Оның онға жуығында мүлде жарық жоқ. «Жайлауда мал баққандай «движок» қосып отырғанымыз осы», – дейді өздері.

Бұл жақта ток шәйнек қосылса, бір үйдің, ал «сварка» қосылса, мұқым ауылдың шамы сығыраяды. Бірақ тұрғындар осының өзіне әдеттегі мөлшерден 1000-2000 теңге артық төлеп келеді.

 

Солай деуге бола ма?

Мүлде электр энергиясы тартылмаған отбасының бірі – Ермек Қанафин есімді азаматтың шаңырағы. Олардың Меновное ауылының құрамында, Алматы тас жолының келесі бетіндегі елді мекеннен үй сатып алғанына бес ай болған. Содан бері күнде жанармай бекетіне қатынап, 10 литр бензин алып отырады. Себебі кешкісін генератор қосады. Ал бензинді қаланың екінші шетінде тұратын көлігі бар ағасы тасып жеткізіп береді.

– Барынша үнемдеп, «движокты» кешкісін ғана қосамыз. Дегенмен қазір күн қысқарды. Сағат 16:00-ден ары қарай жарықсыз отыру мүмкін емес. Оған қоса ауа райы суытты. Пеш жаға бастадық. Біздің үйдікі «ақылды пеш» болғандықтан, ол да тоқсыз жұмыс істемейді. Сол себепті бұрынғыдан көбірек бензин керек бола бастады. Бір литр бензиннің бағасы қазір 155 теңге, – деді тұрғын Ермек Қанафин.

Елді мекендегі жүзден астам шаңырақ жекеменшік трансформатордан электр қуатын алып отыр. Ермек Қанафин оған қосыла алмаған. Себебі жауапты мекемелер «Үй мен трансформатордың ортасынан жоғары кернеулі желі өтіп жатыр» деп, оның жанынан сым тартуға рұқсат бермеген. Алайда дәл осы жоғары кернеулі желінің астымен жүргізілген басқа сымдар бар.

– Өскемен әкімдігінің ТҮКШ бөлімінің басшылығы электр энергиясын тартуға Шығыс Қазақстан аймақтық энергетика компаниясынан әне рұқсат алып береміз, міне рұқсат алып береміз деп уақыт өткізіп келеді. Бес ай бойы сабылып жүрсек те, еш нәтижеге жете алмадық. Қарапайым халықтың қамын ойлайтын жауапты адам таппадық, шыны керек, – деп налиды отағасы.

Ермек Қанафиннің кәмелет жасына толмаған екі баласы бар. Бір баласының мүмкіндігі шектеулі.

– Қыс болса қыр астында. Бес күн бойы жауған мына жаңбыр да одан әрмен абыржытып тұр. Шыр-пыр болып жүргеніміз содан ғой. Мұндай суық әрі жарықсыз үйде бала да сабақ оқып жарыта ма? Қазір бәрі онлайн деп үйде отыр емес пе… Құдайдың құтты күні әкімдік табалдырығын тоздырдық. Тіпті өткен жолы барғанымызда лауазымы үлкен адамның бірі: «Ол жерден үйді неге алдыңдар?» – деп өзімізді састырды. Бізге осы жерді, осы үйді заң аясында берді емес пе! Құжат дұрыс. Заңсыз салып алған емеспіз. Ендеше, ол кісіге солай деуге бола ма? – деп күйінішін білдірді жанармай бекетінен келген үй иесінің ағасы Ерболат Қанафин.

 

Көмірді неге таси алмай отыр?

Көшеге жиналып шыққан бір топ көрші бізге елді мекеннің бар мәселесін әңгімелеп берді.

«Асфальт жолымызбен ызғытып келіп қалдыңыздар ма?» деп қалжыңдай қарсы алды ауыл тұрғындары.

– Қиыршық тас төсеп береміз деп жылда айтады. Осында тұрып жатқаныма бес жыл болды. Өзіміз жиналып тас төккенімізден пайда болмады. Ол тез-ақ жерге еніп кетеді. Топырағы сондай жаман бұл жердің. Арнайы әдіспен жаймаса болмайды. Жаңбыр жауса, өздеріңіз көріп тұрсыздар, жаяулар шөптің арасымен жүреді, көліктер мүлде шықпайды, – деді Қуаныш есімді азамат.

– Көмірдің уақыты келді. Бірақ біз әлі алмай отырмыз. Себебі мибатпақ жолымыз үшін жүк көліктері тасу бағасын қымбаттатады, – деді тұрғын.

Олардың айтуынша, үйдің ішінде жоқ жарық көшелерге тартылған. «Түнде аула самаладай жарқырап, ал үйдің іші қарауыта күңгірттеніп тұрады» дейді тұрғындар.

– Анау тұрған оқтай түзу, әдемі бағаналар көше шамдарінікі. Ал мына бір-біріне жалғанған қисық ағаштар – өзіміздің қолмен орнатқанымыз, үйіміздікі. Қаншалықты талапқа сай екенін кім білсін. Қатты дауыл соқса, құлап қалып жатады, – деді Қанат есімді азамат.

Ауыл тұрғындары, жоғарыда жазылғандай, жекеменшік трансформаторға қосылып отыр. Бұған алғашында қосылу үшін әр үй басы 150 мың теңгеден қаражат төлеген. «Қазір елді мекен үлкейген сайын трансформаторға түсетін жүктеме артады. Үйде ток шәйнек қосса, шам сығырайып қалады. Бір шетте «сварка» қосылса, мұқым ауылдың жарығы сөнеді».

– Қазір электр энергиясының бағасы, шамамен, айына алты мың теңге шығады. Қалыптан 1000-2000 теңге артық төлеп отырмыз. Сөйте тұра, шам сығырайып қана жанады. Балаларымыз онлайн оқып қарық болып отырған жоқ. Көздері ауырып жүр, – деді Батыржан есімді тұрғын.

Тұрғындардың айтуынша, елді мекеннің нақты атауы болмаған соң, өздері «Болашақ» деп атаған. «Әзірге өткен шақта жүрсек те, болашақтан үмітіміз зор» дейді олар әзілге сүйеп.

 

«Ертең, ертең, ертең…»

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Владимир Землянский елді мекенге қатысты шаруалар атқарылатынын айтады.

– Шығыс Қазақстан аймақтық энергетика компаниясының келісімімен жаңа трансформатор станциясы дайындалды. Алдағы екі айда, нақты айтсақ, желтоқсанға дейін елді мекенді толық жарықпен қамту жоспарланған, – деді баспасөз хатшысы.

Оның айтуынша, мүлде жарықсыз отырған үйлер оған дейін өздері амалдай тұрады. Мақала басында айтылған жоғары кернеулі сымның жанынан желі тартуға рұқсат берілетін болды.

– Қазір мүлде жарықсыз отырған үйлер магистральді желіден үйге дейін кабель тартып ала алады. Бағаналарды біз орнатып береміз. Ал есептегіш құрал мен кабель өздерінен болуы керек, – деді баспасөз хатшысы.

Айтпақшы, жолға қиыршық тас биыл төселмейді. Оның айтуынша, бұл жұмыс келесі жылға жоспарланбақ. Тұрғындарға биыл да көмірді қалыпты бағада жеткізіп алу мүмкін емес.

– Жергілікті билік жөндемейміз деп ешқашан айтқан емес. Қашан хабарлассаң да, қатырамыз дейді. Бұл жақтың халқын «міне, ертең», «әне 10 күн» деп алдап жүргеніне бес жылдан асты, – деген тұрғындар алдағы екі айда жарық толық тартылатынына, келесі жылы жолға қиыршық тас төселетініне сенбейтіндіктерін жеткізді.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button