Өскеменде құстар фестивалі өтті
Облыс орталығында «Құстар фестивалі» атты ерекше іс-шара өтті. Оны Өскемендегі оқу-зерттеу экобиоорталығы ұйымдастырды.
Аталмыш фестиваль халықаралық құстар күніне орайластырылып өткізілгенін атап өткен жөн. Жалпы, әлемде құстар күні осымен 219 жыл қатарынан аталып келеді.
Шара аясында өскемендік орнитологтар (құстарды зерттейтін ғалымдар) қала мектептерінің оқушыларымен кездесіп, құстар жайындағы қызықты мәліметтерімен бөлісті. Мамандар мұндай іс-шараны өткізу арқылы бұқара мен биліктің назарын аймағымыздағы сирек кездесетін құстарды қорғау мәселесіне аударуға болатынына сенімді. Бүгінде елімізді мекендейтін 490 құс түрінің 390-ын біздің облысымыздан кездестіруге болады.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан біраз бұрын облыс орталығында қаланы тазартып, абаттандыру жұмыстары қолға алынған-ды. Осы жұмыстардың аясында қазіргі уақытқа дейін жүзден астам шырша және емен ағаштарының түптері отырғызылды. Маусым соңына дейін мұндай көшеттердің саны мыңдап саналмақ.
– Мұның бәрін қаламызға құстар келсін және олардың ұя салатын жерлері болсын деп істеп отырмыз, – дейді Өскемен қаласының әкімі Серік Тәукебаев.