Өскеменде Назарбаев университетінің күндері өтті
Еліміздің Тұңғыш Президенті күніне орай Астанадағы Назарбаев университетінің вице-президенті Қадиша Дайырова бастаған делегация өкілдері Өскеменге келіп, бірқатар білім беру мекемелерін аралады, оқушылармен кездесіп, салиқалы сұхбат өрбітті.
Біздің аймақта бұл сапарға негіз болатындай себеп-салдар баршылық екен. Мәселен, басқа жылдарды айтпағанда, биыл аталған оқу орнына түскен 534 студенттің 101-і Шығыстың әр түрлі мектептерін бітіргендер болып шықты. Бұл – барлық бірінші курстықтардың бестен бірі деген сөз. Ал өткен жылы мұндай абитуриенттер саны 57 болған-ды. Жалпы, инженерия, ғылым және технология, сонымен қатар гуманитарлық және әлеуметтік салалар бойынша білім беретін университетте бүгінде біздің облысымыздың 224 жас өкілі ғылым-ілімге ден қоюда екен.
Алдымен астаналық университет департаментінің өкілдері Өскемендегі №11 мектеп-гимназияның жұмысымен танысып, оқушылармен кездесті. Қаладағы белді оқу орны болып табылатын гимназияның өткен жылдардағы екі түлегі қазір осы Назарбаев университетінде білім алып жатқан көрінеді.
– Біздің университет Елбасының бастамасымен ашылған болатын. Оқу ордасы ұлттық және әлемдік стандарттарға сай білім беретін, еліміздегі білім саласының бренді болып табылады, – деді кездесу барысында Қадиша Дайырова. – Университетте біздің жастар ең білікті мамандыққа оқуды шетелдерде емес, өз елдерінде алу үшін оларға АҚШ, Австралия, Канада, Германия және басқа да елдердің оқытушылары дәріс береді. Бұл Елбасымыздың «Мықты экономика ең алдымен мықты білім беру» деген доктринасының талаптарына сай келеді.
Кездесуде №11 мектеп-гимназияның бұрнағы жылдардағы түлегі, қазір Назарбаев университетінде студенттер ісі жөніндегі департаменттің менеджері міндетін атқарып жүрген Бақтияр Рахимов еліміздегі маңдайалды жоғарғы оқу орны, ондағы студенттік өзін-өзі басқару жүйесі туралы айтып, ой-пікірлерімен бөлісті.
Ал Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚМУ-дағы аталған өкілдермен кездесу оқу орнының ғылыми кітапханасы ұйымдастырған «Сирек кітаптар қорынан» атты көрмені аралаумен, аймақтағы ғылыми жұмыстармен айналысып жүрген бірнеше оқушының өз жұмыстары туралы баяндаған көрсетілімдерін көріп, тыңдаумен басталды. Мәселен, олар О.Бөкей атындағы №44 мектептің 11 сынып оқушысы Нұрсұлтан Қасымовтың «Желкенді жел генераторлары», оның сыныптасы Жансұлу Берекебаеваның «Лифттерді басқару жүйесін модернизациялау», ал Семейдің дарынды балаларға үш тілде білім беретін Шәкерім атындағы мектеп-гимназиясының 10 және 11 сынып оқушылары, апалы-інілі Ажар және Ермұхамед Медетовтардың ғылыми ізденістерін ден қоя тыңдады.
Қаладағы О.Бөкей атындағы білім ордасында астаналық қонақтарды қарсы алған оның директоры Таңатқан Түменбаев өзі басшылық етіп отырған мекеменің жұмысымен таныстырды.
Назарбаев университетінің өзінде оқуға келген абитуриенттерден алдымен талап ететіні олардың ағылшын тілін жақсы білуі болып табылады. Ал бұл заманауи талаптарға астаналық қонақтар барған қай мектептің де оқушылары дайын екені байқалды. Бұлай деуге әсіресе, №11 мектептің оқушыларының Байрон мен Шекспирдің тілінде жатық сөйлеуі негіз бола алады.
Астанадағы Назарбаев университетінің облыс орталығындағы күндері қаладағы НАЗАРБАЕВ зияткерлік мектебінде өткізілген дөңгелек үстел отырысымен түйінделді. Бұл жиында өңірдегі барлық жоғары оқу орындарының өкілдері бас қосып, қазіргі таңдағы білім саласының өзекті мәселелерін жан-жақты талқылады.
– Біз облысқа жасаған екі күндік сапарымыздың өте мағыналы өткеніне қуанып тұрмыз. Өңір оқушылары сапалы білім алуға ерекше мүдделі екен, – дейді 2001 жылы «Болашақ» бағдарламасымен білім алып келген катонқарағайлық жерлесіміз, қазірде Назарбаев университеті президентінің көмекшісі болып жұмыс істейтін Арай Саниязова. – Тұңғыш Президент күні қарсаңындағы онкүндікке орай біздерді Шығыс жеріне арнайы шақырған облыс басшылығына өте ризамыз. Біз бұл жақта шынымен де дарынды балалар көп екеніне көз жеткізсек, олар біздің білім ордамыз туралы нақты да дәйекті ақпараттар алды. Солайша бұл сапарымыз ерекше табысты өтті дей аламын.
Ғафура Сәрсенбайқызы