Экология

Өскеменде қалдықтарды өңдейтін зауыт салынады

Алдағы уақытта облыс орталығында өнеркәсіптік, тұрмыстық және биологиялық қалдықтарды өңдеп, пайдаға жарататын зауыт салынбақ. Германдық инновациялық технологиялармен жарақтандырылатын мұндай зауыт құрылысы елімізде алғаш рет біздің өңірде қолға алынбақшы.

Өскеменде қалдықтарды өңдейтін зауыт салынадыҚазіргі күні қаланың Согра аймағында зауыттың өндірістік базасы да қарастырылып қойыпты. Бизнес-жоспары да жасалып, мақұлданған. Оның авторы – «Барс» компаниясы» ЖШС-нің бас директоры Евгений Барболин.

Жалпы, соңғы кездері еліміздегі қалдықтар мәселесі билікті де, экологтарды да, қоғамды да қатты алаңдатып отыр. Экономика мен тұтынудың үздіксіз өсуі қалдықтардың мол шоғырлануына әкеліп соғуда. Қоқыс шығарумен айналысатын бірде-бір компания әйнек сынықтары мен пластиктерді мол көлемде қабылдауға әзір емес. Адамдар қоқыстарды қанша өртеп, жерге көмгенмен бұл мәселенің оңайлықпен шешілер түрі жоқ.

Өскеменде мұндай зауытты ашудың қажеттілігін жергілікті билік өкілдері мен экологтар көптен бері ойластырып жүрген болатын. Тіпті, қандай да бір талпыныстар да жасалған-ды. Енді, міне, осынау идеяның іске асуы Қазақстан мен Германия арасындағы бірлескен инжинирингтік орталық ашу туралы келісімнің нәтижесінде мүмкін болып отыр. Осынау бірлескен жобаның аясында экология мәселелерін шешу де қарастырылған. «Барс» компаниясы» ЖШС директоры Евгений Барболин немістермен бірлескен жобаның нәтижесінде қоқыс өңдеу индустриясының енді өңірімізде аяқтан нық тұратынына сенім білдіріп отыр.

– Неміс технологиясы бір өндіріс шеңберінде әйнекті де, пластиктер мен автошиналарды да өңдеуге мүмкіндік береді, – дейді ол. – Мұны болашақ зауыттың ноу хоуы десек те болады. Мұндай зауыт әзірге Қазақстанда жоқ. Пилотты жоба алғаш рет біздің өңірімізде қолға алынбақ.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button