Инфрақұрылым

«Өскемен су арнасы» заман талабына сай жаңғырды

Өскемен қалалық әкімдігіне қарасты «Өскемен су арнасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны заман талабына сай қайта жаңғыртылып, биыл бірқатар ірі жобалар іске асырылды. Дәлірек айтсақ, облыс орталығындағы Октябрь су жинағыш бас тоғаны толықтай қайтадан жаңартылды.

Бас тоған белгіленген мерзімде салынды

Аталған бас тоған қаланың Үлбі ауданындағы 45 мыңнан астам тұрғынды сапалы ауызсумен қамтып келеді. Алайда 1958 жылы іске қосылған нысанда содан бері ешқандай қайта жаңғырту немесе күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Сондықтан да болар, мамандардың айтуынша, су жинағыш бас тоғанды жаңғыртудың уақыты әлдеқашан жеткен.

Жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы келісім екі жыл бұрын 2018 жылдың сәуір айында жасалған екен. Ауқымды жобаны қаржыландыру үш қаржы көзінен жүргізілген. Оның бірі республика бюджетінен бөлінген қаржы болса, екіншісі – Еуропалық қайта құру және даму банкінен алынған несиелік қаржы. Сонымен бірге, жобаға «Өскемен су арнасы» кәсіпорнының өз қаржысы да тартылған. Келісім бойынша барлық құрылыс-жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың қараша айында толық аяқталмақ. Қазіргі кезде мердігер мекеме өкілдері жаңа сорғыларды қосу және реттеумен айналысуда. Бір айдың көлемінде бұл шаруалар да аяқталып, жаңа қондырғылар іске қосылмақ.

– Ескі су жинағыштың базасында толық жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ұңғыма су жинағыш қолданыстағы алаңнан Ертіс өзенінің жағасына шығарылды. Енді бас тоғанға арналған алаң жеке орналасқан. Жан-жағы қоршалып, жаңа заманауи жабдықтар орнатылған жеті ұңғыма мен жеті павильон салынды, нысанның екі кепілдемесі де бар, – дейді «Өскемен су арнасы» кәсіпорнының директоры Ержан Әубәкіров.

Сонымен бірге, бірінші көтерілу алаңынан екінші көтерілім алаңына су таратқыш тартылып, мұнда да қайта жаңғырту жұмыстары толықтай жүргізілген. Жаңа таза су резервуары салынған, бұл өз кезегінде көлемді үлкейтуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, екінші көтерілім алаңына жаңа заманауи сорғы станциясы салынып, жұмысқа қосылуға дайын тұр.

Мекеменің алдында тұрған басты мақсат – өскемендіктерді үзіліссіз таза ауызсумен қамтамасыз ету және шығынды азайту, судың сапасын санитарлық нормалар талаптарына сәйкестендіру. Эксплуатациялық шығындарды барынша төмендетіп, қондырғылардың істен шығуына жол бермеу.

Кәсіпорын қызметін қайта жаңғыртудағы маңызды тағы бір жаңалық – жаңа бас тоған іске қосылғанда жұмыстың бәрі автоматты режимде атқарылып, мұндағы қолмен атқарылып келген шарулар айтарлықтай жеңілдемек.

– Жөндеу жұмыстарынан соң нысан толық автоматты жүйеге көшірілді. Барлық ақпараттар бірден біздің орталық диспетчерлік қызметке түсіп отыратын болады. Бас тоғанның жұмысы туралы пультке тікелей түскен мәліметтер онда орнатылған арнайы жүйенің көмегімен бір жерге жинақталады, – дейді кәсіпорынның өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Наталья Лукерина.

Сондай-ақ мұндағы жаңа қондырғылар тұтынушыларға әр маусымда қажет болатын тиісті су мөлшерін де өзі есептеп, реттеп отырады, яғни жаңа сорғылар қажет көлемдегі суды босатуды өздері реттейді.

– Барлық қондырғылар мен жабдықтар құрастырылып бітті, енді тек қосу процесі жүріп жатыр. Мамандар бір ай бойы қосу, реттеу, тексеруден өткізу жұмыстарын жүргізеді. Әзірге сақтық үшін, алдымызда қыс келе жатқандықтан ескі су жинағышты да ажыратпай, келесі жылға дейін  резервте қалдырып отырмыз. Бәрі аяқталған соң ғана ажыратамыз. Ең бастысы, біз енді халыққа суды үздіксіз бере аламыз. Бұрын олай деп сенімді түрде айта алмайтын едік, енді судың сапасы да айтарлықтай жақсарады, себебі барлық ұңғымалар Ертістің жағасына шығарылды. Ол жерде артезиан ұңғымалары қазылған. Соңғы кезекке аумаққа асфальт төсеу, абаттандыру жұмыстарын қалдырдық, – деді Ержан Әубәкіров кәсіпорын аумағына арнайы ұйымдастырылған баспасөз-туры барысында.

Кәсіпорынның өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Наталья Лукеринаның айтуынша, енді суды хлорлау бұрынғыдай ескі тәсілмен жүргізілмейді. Жаңа бас тоған іске қосылғанда суды залалсыздандыру заманауи германиялық технологияның көмегімен натрий гипохлоритін қолдану арқылы жүзеге асырылады. Мамандардың сөзінше, бұл тәсіл барынша қауіпсіз әрі хлормен жұмыс істеу барысында орын алатын апаттардың алдын алады. Жалпы, жаңа қондырғылардың, сорғылардың бәрі де германиялық өндірістің өнімдері екенін атап өткен жөн.

Қаланың Үлбі ауданындағы Октябрь су жинағыш бас тоғандағы қайта жаңғырту жұмыстарын Ахлият Гулиев басқаратын әзірбайжандық «Акелик» ЖШС бекітілген жұмыс кестесіне сай мерзімінде сапалы етіп жүргізіп шыққан. Нысан стратегиялық нысандар қатарына жататындықтан, су жинағыш тоған аумағын қауіпсіз етіп қоршауға, бақылау камераларымен қамтамасыз етуге баса көңіл бөлінген. Жұмысшылардан бөлек, бөгде адамдардың мекеме аумағына кіруіне қатаң тыйым салынған, нысан қарулы күзетпен күзетіледі.

Айтпақшы, «Өскемен су арнасындағылардың» мәліметінше, жаңа жобаның жүзеге асырылуы тарифтік саясатқа әсер етпейді, яғни баға бұрынғысынша қала береді. Оның нәтижесін тұтынушылар күз айының соңында көре алады.

Мыңнан астам адам жұмыс істейді

Айта кетейік, «Өскемен су арнасы» МКК қызметтердің реттелетін түрлерін көрсету бойынша табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімінің жергілікті бөліміне енгізілген, негізінен, сумен қамту және су бұру қызметтерін көрсетеді.

2020 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша кәсіпорын 913,49 шақырым су құбырына, 481,05 шақырым канализация желілеріне, 10 бас тоғанға, 72 көтерілім сорғы станциясына, 42 канализациялық сорғы станциясы мен тазарту ғимараттары кешеніне қызмет көрсетеді. Қазіргі уақытта мекемеде 1001 адам жұмыс істейді.

«Өскемен су арнасының» баспасөз қызметі берген мәліметтерге сүйенер болсақ,  2019 жылдың 8 айында сумен қамту және су бұру желілеріндегі апат 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (сумен қамту бойынша – 6,8%, су бұру бойынша – 2,3%-ға) төмендеген. Сумен қамту жүйесіндегі нақты шығындар 19,34%-ды құраған. Есепті кезеңде барлығы 8,369 шақырым сумен қамту желілеріне және 2,772 шақырым су бұру желілеріне жөндеу жүргізіліпті.

Ағымдағы жылы Өскемен қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысы бойынша Красин, Северный, Меновное және Ахмер ауылдарында сумен қамту желілерін (екінші кезек) және Меновное ауылында канализация желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар аяқталғаннан соң бұл нысандар кәсіпорын теңгеріміне берілмек.

– Биыл кәсіпорын 2015 жылғы 1 маусымнан бастап 2020 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанда ұзақ мерзімді кезеңге бекітілген инвестициялық бағдарламаны іске асыруды жалғастырды. Іске асырылып жатқан негізгі іс- шаралар – Шмелев лог кентінің сумен қамту желілерін қайта жаңарту, «Пионерский» бас тоғанының қоршауын жөндеу, сол жағалау тазарту имараттарының бұру және жеткізу лотоктарын күрделі жөндеу және 31-ші канализациялық сорғы станциясынан канализациялық қысым коллекторын және осы 31-ші КСС-ге өздігінен ағатын коллекторды жөндеу, – дейді Ержан Әубәкіров.

Оның айтуынша, республикалық бюджет қаражаты есебінен сол жағалау тазарту имараттарына объектілерді қайта жаңғырту және жаңа құрылыстар салу жүргізілген. Атап айтсақ, ультракүлгін сәулелену ғимараты және механикалық тазарту цехы салынған. 2019 жылдың маусым айында ультракүлгін сәулелендіру қондырғысы іске қосылған. Бұл өз кезегінде қоршаған ортаның экологиясы үшін неғұрлым қауіпсіз тәсілмен залалсыздандыру жасауға мүмкіндік берген.

Тарифтер деңгейі сақталып қалды

– 2019 жылдан бастап үш инвестициялық жоба – Октябрь бас тоғанын және №30 және 31 канализациялық сорғы станцияларын қайта жаңғыртуға Еуропалық қайта құру және даму банкінен алынған несие бойынша негізгі қарызды төлеу басталды. Төлемдер сомасы – 194,8 млн. теңге. Әрбір күнтізбелік жылға арналған тарифтік жоспарлар ұзақ мерзімді кезеңге бекітілген (2015 жылғы 1 маусымнан бастап 2020 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанда) тарифтік сметалар негізінде қалыптастырылды. Жақында кәсіпорында болып, мұндағы жаңғырту жұмыстарымен танысқан облыс әкімі Даниал Ахметов атқарылған шаруаларға оң бағасын беріп кетті, – дейді Ержан Әубәкіров.

Атап өтерлігі, 2020 жылдың 8 айында абоненттер (тұрғындар) саны 123 730 тұтынушыға дейін көбейген екен, бұл 2019 жылдың соңындағы көрсеткішке қарағанда 1677 тұтынушыға көп.

Кәсіпорын мамандарының айтуынша, 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша тұтынушыларда орнатылған жеке есептеу құралдарының саны – 82 735 дананы құраған. Бұл – кәсіпорын желілеріне қосылған тұрғын үй-жайлар санының 67,0%-ы немесе техникалық мүмкіндігі бар тұрғын үй-жайлар санының 81,9 пайызы.

2019 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында және одан кейінгі сөйлеген сөздерінде, оның ішінде Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында коммуналдық қызметтерге тарифтерді төмендету бойынша берілген тапсырмаларды орындау үшін кәсіпорын халық мүддесіне тарифтерді 5%-ға дейін төмендеткен. 2019 жылғы 1 маусымнан және 2020 жылғы 1 маусымнан бастап кәсіпорын 2019 жылғы 1 қаңтарда бекітілген халыққа арналған тарифтер деңгейін сақтап қалған.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button