Өскемен – Шар: егемен елдің жаңа темір жолы
2008 жылғы 11 желтоқсан. Жарма ауданына қарасты Шалабай станциясында Шар – Өскемен жаңа темір жолы салтанатты түрде ашылды. Тәуелсіздік жылдары ішінде елімізде бірқатар теміржол учаскелері салынып, пайдалануға берілді. Солардың қатарында Елбасының өзі жіті назарда ұстаған Шар – Өскемен темір жолы бар. Бұл жол қазақстандық жолаушыларды Ресей аумағы арқылы бірнеше рет өтіп, кедендік тексерулердің машақатын бастан өткеруден құтқарды.
Алғашқы шегесін Даниал Ахметов қаққан болатын
Кеңес одағы теміржол салуда республикалар арасындағы шекараны есепке алмады. Одақта оған қажеттілік те болған емес. Өйткені көлік ағынын шикізат өндіретін өңірлерден өнеркәсіптік орталықтарға ең қысқа жолмен бағыттау керек болды. Алайда бұл тәуелсіздік алған соң көлік байланысын қиындатып жіберді.
Шығыс Қазақстанды басқа өңірлермен жалғайтын теміржол желісі Ресейдің Локоть және Третьяково станциялары арқылы өтті. Елдер арасындағы кедендік кедергілер жүк және жолаушы тасымалына елеулі әсер етті. Бұл – теміржолдың Шығыс Қазақстандағы бөлігін қайта қарастыруды талап етті.
Өскемен – Шар теміржолының салынуы барлық өскемендіктер тарапынан қолдау тапты деп айта алмаймыз. Себебі теміржолдың жаңа желісі тез өсіп келе жатқан Жібек маталар комбинаты ауданын кесіп өтетін болды. Осы орайда темір жолына қарсы топтар бас көтеріп, наразылық танытты. Олар теміржол қаланың осы бір экологиялық таза, әрі өндіріс орындарынан алыс аумақтың шырқын вагондардың дүрсілі бұзады деген уәж айтты. Дегенмен, қалалықтардың күдігіне қарамастан 2005 жылы құрылысты бастау жөніндегі шешім шықты.
Осы жылдың 27 тамызында сол кездегі Премьер-Министр Даниал Ахметов бастаған ресми топ салтанатқа қатысу үшін Шар қаласына келді. Салтанатта сөз сөйлеген Даниал Кенжетайұлы жиналған қауымды еліміздің экономикасы үшін аса маңызды жол құрылысының басталуымен құттықтап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеделхатын оқып берді. Ұзындығы 12 метрлік, ені 2,6 метрлік теміржол рельстерін паровоз краны арқылы түсіріп болған соң Даниал Ахметов шпалға күміс шегелерді қағып, кілтпен бекітетін жерін түйістірді. Құрметті теміржолшылар Бәзкен Гүлманов пен Жомарт Шектібаев қариялар да алғашқы қазықты қағу құрметіне ие болды. Иә, бұл сәт қазір тарихқа айналған…
Тау-тасты қопаруға тура келді
Бұл құрылыс Қазақстанның жаңа тарихындағы алғашқы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасы болды. «Досжан темір жолы» концессионері аталмыш құрылысқа әртүрлі көздерден инвестиция тартты. Құрылысқа 60-тан астам мердігер қатысты. Мұнда екі мыңға тарта адам еңбек етті.
Ұзындығы 150 шақырым теміржол құрылысы бойынша Шалабай, Екіаша, Айыртау стансалары, Саржал, Борсақ, Қайсенов разъездері, 15 теміржол көпірі, 4 жол өтпесі, 5 мал өткелі, қар қорғау дуалдары салынып, 95-тен астам су құбыры төселді. Өскемен тау-тасты, биік жоталарда орналасқандықтан, мұнда таудағы жыныстарды қопару, құм-топырақтан тазалауға көп күш кетті. Ең проблемалы учаске Өскеменнің сыртындағы саяжайлар болды.
– Мен осы теміржолды салуға қатысқанымды мақтан тұтамын. Бала-шағаммен Алматыға пойызбен жыл сайын барамын, сол кезде немерелеріме жол бойындағы төбе-жоталарды қалай кескенімізді айтып, түсіндіремін. Рас, жұмыс қиын болатын, төбелер алдымен жарылғыш заттардың көмегімен қопарылатын, кейін біз күн-түн демей кесек тастарды жүк көліктеріне тиейтінбіз. Тынымсыз жұмыстан техниканың өзі жиі-жиі істен шығып жататын. Десек те, алға қойылған міндетті дер кезінде орындап, жолды салып шықтық. Қазір еске алып отырып, қаншама ауқымды жұмыстың, ең бастысы, еліміз үшін қажетті жұмыстың атқарылғаныңа таңғаламын, – деп еске алады өз жұмысын Өскемен тұрғыны, экскаваторшы Марат Елеусізов.
Қала тіршілігіне титімдей де кері әсер етпеген жаңа жол Алматыға дейінгі қашықтықты едәуір қысқартты. 150 шақырымдық жолдың ашылуы жаңа станциялардың пайда болып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және қызмет көрсетуші жұмысшыларға жаңа баспаналар салуға сеп болды. Шығыс өңірі бұл жобадан тек табысқа кенелді.
Пойыздар бұл қашықтықты үш сағатта еңсереді
Бұл жол Шығыс Қазақстанның қуатты теміржол торабын Түрксіб транзиттік магистралімен жалғады, осылайша, өңірдің басқа облыстарға ғана емес, мемлекеттерге де шығуын қамтамасыз етті. Құрылыс мерзімін жеделдету мақсатында құрылыс бір уақытта екі жақтан, бір-біріне қарай жүргізілді.
Жаңа теміржол өзінің жарақтануы бойынша елімізде ең алдыңғы қатарлы. Бұл, ең алдымен, автоматты бұғаттау жүйесіне қатысты, бұл пойыздардың қозғалыс схемасын едәуір оңтайландырып, қозғалыс қауіпсіздігін арттырады. Теміржол төсеміне параллель оптикалық-талшықты байланыс желісі салынған, бұл пойыздар қозғалысын компьютер арқылы басқаруға мүмкіндік береді. Компьютерлік басқару пойыздардың аралықтарда болу уақытын бір жарым-екі сағаттан он бес минутқа дейін қысқартады.
Жүк айналымының жалпы көлемі 2008 жылы 9 миллион тонна болса, қазір 12 миллионға жетіп отыр. Ал пойыздар бұл қашықтықты 3-4 сағатта еңсереді, ескі маршрут бойынша, яғни ресейлік Локоть станциясы арқылы 12-14 сағат жүретін. Жүк тасымалы да жылдамдап, арзандай түсті. Жалпы, бұл шойын жолдың іске қосылуы бүкіл ел халқы үшін үлкен қуаныш болды.
Ал еліміз болса, аталмыш жолдың ашылуы арқасында көрші мемлекетке деген экономикалық тәуелділікті азайтты.
Ержан Әбіш