Ауыл шаруашылығы

Сиырларымызды енді роботтар сауатын болды

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ Глубокое ауданына жасаған сапары барысында Қазақстандағы тұңғыш роботтандырылған сүт фермасы іске қосылды.

Сиырларымызды енді роботтар сауатын болды

«EXPO – 2017» көрмесінде
көрсетер кереметтеріміз көбеймек


Бұл күні Глубокое ауданында бірнеше әлеуметтік маңызды нысандар ашылып, жаңа жобалар таныстырылды. «Опытное хозяйство масличных культур» ЖШС сүтті сиырдың санын көбейтуге бағытталған ауқымды жобаны жүзеге асыруда. Құны екі миллиард теңгеге бағаланып отырған жоба өзінің жаңашылдығымен ерекшеленеді. Сиырдың тезегін биогаз көзі ретінде қолдану тәжірибесі дамыған елдерде қалыпқа айналған. Мұндағы тәсілдің батыс елдеріндегіден артықшылығы өндірілген энергия мен жылу шығынының елеусіздігінде. Мұндай үнемділікке қуаты бір Мегаватқа тең биогаз қондырғысының бес метр тереңдікте тартылуының арқасында қол жетпек. Биогаз өндірісінен қалған қалдық тыңайтқыш ретінде пайдаға аспақ.

Осы жобаны қаржыландырып отырған «Астана-бизнес» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Фарид Абитаев экологиялық тұрғыдан теңдессіз әрі қалдықсыз жобаны «EXPO – 2017» көрмесіне «Жасыл экономика» жемісі ретінде ұсынуға лайық деп санайтынын айтады. Жобаның толықтай қуаттылыққа ие болу мерзімі де аталмыш шараға дөп келетін көрінеді. Келер жылы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының көмегімен «әткеншек» үлгісіндегі сауын алаңына коммуникация желілерін тартып, 600 басқа арналған қора салуды жоспарласа, 2014 жылы дәл осындай тағы бір қора салуды көздеп отыр.

Аймақ басшысы жобаның бүге-шігесіне дейін назар аударып, мұндағы асыл тұқымды сиырлардың қайдан әкелінетінін, оларға қажет жемшөптің қайдан алынатынын сұрады. Шаруашылықтың иелігінде қара ала сүтті сиырлар тұқымы ежелден бар көрінеді. Болашақта осы тұқымдас сиырдың санын 2000-ға жеткізу көзделген. Ал жемшөп дайындауға қажет 15 мың гектар жерге мал азығының түр-түрін егуді жолға қоя бастаған.

– Жобаның болашағы бар. Сондықтан қолдау керек. Біздің тарапымыздан міндетті түрде көмек көрсетілетін болады, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жобамен толық танысқаннан кейін.

Еліміздегі тұңғыш роботтандырылған сүт фермасы Бобровка ауылындағы «Бобровка+» ЖШС базасында ашылды. «Бизнестің жол картасы» және «Жаңа бизнес бастамаларын қолдау» мемлекеттік бағдарламаларының аясында жүзеге асып отырған бұл жоба заманауи технологиялық жетістіктердің барлығын қамтыған. Мұнда сауыншының міндетін құлтемір мүлтіксіз орындайды. Сауын үрдісі «ерікті сауын» деп аталуы да тегін емес.

Өйткені, «сауыншы робот» орналасқан стансаға Зеңгі баба түліктері кезекпен тұруға бар. Олай болатыны, сауын кезінде оларға арнайы қоспаларға шыланған жем беріледі екен. Әрбір сиырға оның соңғы сауыннан қанша сүт бергенін, соңғы рет қанша уақыт бұрын сауылғанын анықтау үшін арнайы чип тағылады.

Сауын кезінде сол мәліметке сәйкес мөлшерде жем беріледі. Егер сиыр соңғы сауыннан сегіз сағат өтпей жатып стансаға келген болса, робот оны әлсіз ток зарядының көмегімен қайтарып жібере алады. Ал уақыты сәйкес келген сиырдың алдынан есік ашылып, саумас бұрын желіні тазаланады. Сауылған сүттің құрамында кінәраттар болған жағдайда ондай өнім арнайы ыдыстарға жеке жөнелтіліп отырады. Сүтті неғұрлым мол берсе, себілетін жемнің де мөлшері көбейе бермек. Сауыннан шыққан сиыр арнайы қасыну аппаратының «қызметін» де пайдалана алады. Бұл технологияның арқасында сүтті сиырлар әдеттегі мөлшерден төрт есе мол өнім бере бастаған.

Ал сиыр қандай да бір себептермен стансаға келмей қалған жағдайда компьютерге қызыл белгімен дабыл қағылады. Сауынға жауапты малшы дабылдың себебін анықтайды. Мұндай роботтандырылған жүйенің арқасында бір адам жүз сиырды емін-еркін бақылауында ұстай алады. 400 басқа арналған фермада барлық жұмыс түрлеріне бар болғаны 16 адам қабылданған. Мұндай сауыншы құлтемірдің әрбіреуі 30 сиырды тәулігіне үш уақ сауады. «Бобровка+» ЖШС-індегі алты стансаның үшеуі бейімделуге жіберілген тоқсан сиырға «қызмет көрсетуде». Ферма 360 басқа жобаланған екен. Етті әрі сүтті сиырлар Чехиядан әкелінуде. Бұл жоба да 2017 жылға қарай өзінің толық қуатына енбек.

Жобаның бас мердігері «Восток-молоко» ЖШС директоры Сейілжан Сайлаубаев пен роботтандырылған технологияны ұсынып отырған швейцариялық «DELAVAL» фирмасының өкілі Тимур Хабибуллин облыс басшысына жобаның еңбек өнімділігін арттыруға негізделгенін баса айтты. Әр түлікті жеке қадағалау, оның мол өнім беру мүмкіндігін алдын ала болжау, денсаулығында кінәрат бола қалған жағдайда дер кезінде емдеу, індеттің таралмауына жол бермеу сынды жауапты істер заманауи технологияның көмегімен мүлде жеңілдетілген.

Республикада теңдесі жоқ ферманың жұмысымен танысу үшін осы саладағы облысқа есімдері белгілі шаруалардың барлығы келді. Облыс Әкімі оларды «Восток-молоко» басшылығынан үлгі алуға шақырды.

– Бізге, ең бастысы, сүт өнімдерін қайта өңдеуді жолға қою керек. Кедендік одақтасымыз беларустар сүттен 398 түрлі тауар аталымын шығарса, бізде олардың саны 70 қана. Аталған жобаның 20 пайызы мемлекеттен субсидияланып отыр. Жалпы облыс шаруалары биыл алты млрд. теңгеге субсидия алса, 2013 жылы бұл бағыттағы субсидия көлемі 8 миллиардқа жетпек. Мұндай мүмкіндікті құр жібермеу керек, – деді аймақ басшысы.

Бұдан кейін облыс Әкімі Винное ауылындағы «Титан» асыл тұқымды ат фермасы мен облыс әкімдігінің серіктестігі аясында салынған жабық ат спорты манежінің ашылу салтанатына қатысып, балалар ат спорты мектебін аралады. Аталмыш манежде мүмкіндігі шектеулі балаларға иппотерапиялық қызмет те көрсетілуде. Тірек қозғалысына зақым келген балалардың ата-аналары аталған емдеу тәсілінің әсері көп күттірмейтінін айтып, шексіз алғыс білдірді. Елімізде иппотерапияның бұл тәсіліне қатысты әдістеме болмағандықтан тыңнан түрен салу қиын болса да қолға алған ферма басшылығы параолимпиадалық ойындарға да ел атынан тұңғыш ат спортшысын жіберуге де дайындап жатқан көрінеді.

Қырық жылдық қиял шындыққа айналды

Бұл күні Прапорщиково ауылының тұрғындары 40 жылдан бері армандап келе жатқан балабақшаға қол жеткізді. 70 баланы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтитын «Асыл бөпе» балабақшасының құрылысы аудандық бюджеттен қаржыландырылған. 24 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отырған тәрбие ошағына баласын бергісі келген ата-ана ай сайын 7700 теңге төлеуі тиіс.

Аудан орталығында Қытайдан келген қандасымыз Ерлан Төрехан жиһаз цехын ашып, нәсібін кәсіпкерліктен айырып отыр. Облыс орталығына қарағанда 20 пайыз арзан жиһазға өскемендіктер де тапсырыс бере бастағанын айтады кәсіпкер. Ол облыс басшысына «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша 15 млн. теңге несие алып, кәсібін кеңейтуге ниеті бар екенін айтты. Қазіргі күннің өзінде кәсіпкер 11 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Облыс Әкімінің Глубокое ауданына жасаған жұмыс сапарын жергілікті активпен өткен кездесу түйіндеді. Ауданның бір жыл көлемінде қол жеткізген жетістіктеріне баға беріп, келешекке міндеттер жүктеген аймақ басшысы Черемшанка құс фабрикасы мен Секисовка тау-кен өнеркәсібіне қатысты мәселенің үнемі атқарушы билік назарында екенін еске салып, аудандық аурухананың айналасындағы жағдайды түсіндірді.

– Елбасының Жолдауын ел арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажет. «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламасы ертеңгі буынға арналған. Осыны келер буынның бойына мектеп жасынан сіңіруіміз қажет, – деді облыс Әкімі кездесу соңында.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button