Тарих

Шыңғыс ханның Ақжайлауда жерленгені рас па?

Шыңғыс ханның Ақжайлауда жерленгені рас па?

Дүниені дүр сілкіндірген, жарты әлемді жаулап алған, тарих саханасында бұрын-соңды болып көрмеген ұлы қолбасшы Шыңғыс хан туралы жазылған деректер аз емес.
Шыңғыс хан 1227 жылы қайтыс болды, содан бері 788 жыл өтті. Алайда, осыншама уақыттан бері Шыңғыс ханның соңғы тұрағы қайда екенін, табыты қайда жатқанын ешкім білмейді, бізге белгісіз жұмбақ күйінде қалып отыр.
Сондықтан мен өзіме белгілі мәліметті жасырын ұстамай, оқырмандардың, ғылыми-зерттеу мекемелерінің назарына ұсынуды жөн көрдім.
Бізге жеткен мәліметтер бойынша ХІІ ғасырда Есугей Баһадүрдің баласы Темучин (1155-1227) билік еткен ірі көшпелі мемлекет құрылды. Шыңғыс хан 1219-1224 жылдар аралығында бүкіл Орта Азияны, қазіргі Қазақстанның орталық, оңтүстік аймақтарын бағындырды.
Кіші ұлы Төле – Моңғолияны, тұрақты армиясын иеленді. Үгедейге – Моңғолияның батыс бөлігі, Жоңғария мен Шығыс Түркістан аймағы, Шағатайға – Оңтүстік Алтайдан Әмударияға дейінгі аймақ берілді.
Жебе мен Сүбедей нояндар басқарған 30 мыңдық әскер Солтүстік Ираннан шығып, 1220 жылы Кавказға басып кірді. Бұл әскер армян, грузин, алан, қыпшақ және орыс әскерін 1223 жылы Қалқа өзенінің бойында талқандап, 1224 жылы Шығыс Дешті Қыпшақ даласы арқылы Шыңғыс ханның Ертіс бойындағы ордасына оралды. Ал Шыңғысханның Ертіс бойындағы ордасы нақты қай жерде екендігі айтылмаған.
1954 жылы жазда үлкен атам Әду (әкемнің ағасы) мені ертіп зиратқа барды, құран оқып болған соң мені жанына отырғызып: «Ана үйілген тастар моңғол әскерінің ханы – Шыңғыстың зираты, ал айналасындағы тастар оның тірідей атымен жерленген әскерінің зираты», – деді. Әр әскер бір-бір тас тастаған, сонша көп әскер ғой. Сол кезде үлкен оба 3-4 метр биік болған, ал айналасындағы зираттар 1,5 метр еді. Бұл туралы ешкімге айтпа, уақыты болғанда айтасың деді. Мен сол кезде 10 жаста едім. Осыдан былай ана орыс балаларын жолатпа деді. Кейін ДЭУ – жол жөндейтіндер обадан тастарды таси бастайды. Атам барып оларға айтқан болу керек, одан кейін обадан тастарды алмайтын болды. Қазақтардың зираты Шыңғыс ханның шатыры тұрған жері, ал ана жазықта ол әскерін үйреткен. Сол шатыр тұрған жер қолдан жасалған, төрт бұрышты төбе, оның өзенге қараған жағы аласалау, су алып, мал суарған сияқты, «ал шатыр тұрған жерден ары қарай «Ешкі асуы» деген жол бар, сол жол тура Қытайға апарады», – деді атам.
Атам Әду Қашқанов «көріпкелі» бар, көп нәрсені алыстан болжайтын еді. Сол обаның диаметрі -100 метрге жуық. Күршім ауданы Марқа өңіріндегіАқжайлауға екі-үш жылда барып тұрамыз. Барған сайын сол зиратқа барамын, кейін әке-шешем де қайтыс болып, оларды сол жерге жерледік. Барлық туыс сонда жатыр. Үлкен оба шөгіпті, аласарыпты, ал әскерлердің зираттары жерге кіріп кеткен. Анда-санда тастары көрінеді. Енді бір 40-50 жылда жер тегістеліп, тастары көрінбей қалуы да мүмкін. Соны көріп, бір шешімге келдім, марқұм Шыңғыс ханның жатқан жерін жариялау керектігін қажет деп білдім. Сеніп тапсыратын ешкім жоқ. Жас болса келіп қалды. Мына фотолар сол обаның жан-жағынан түсірілгенін бейнелейді. Шыңғыс ханның ордасы тұрған төбе де фотоға түсірілді.

Қатира Қашқанова

Осы айдарда

Back to top button