Экология

Шығыс Қазақстанда \”Алтын Алтай\” атты қанатқақты жоба басталды

Шығыс Қазақстанда "Алтын Алтай" атты қанатқақты жоба басталды

Кеше облыстық әкімдікте облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаевтің қатысуымен «Ауылдық туризм: шалғайдағы таулы аймақтарды дамыту ресурстары» деген тақырыпта халықаралық конференция өтіп, «Алтын Алтай – аймақ дамуының басты байлығы» атты қанатқақты жобаның тұсауы кесілді.
Конференцияға Еуроодақ өкілдігінің жоба бойынша менеджері Лука Карапелли, халықаралық сарапшы Шрайбер Дагмар (Германия), «Махаон Интернешенл» (Словакия) қауымдастығының директоры С.Белова, «Кенозерское» ұлттық паркінің директоры (Ресей) А.Яковлева, аталған қанатқақты жобаның серіктестері – «Эко-Алтай», «ТЭК», «Бумеранг» және «Сосна» коммерциялық емес ұйымдарының өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.
– Шығыс Қазақстанда облысқа саяхаттап келген меймандарға ұялмай көрсететін көрікті жерлер жетерлік. Бірақ оны ұқсатып, қаржы көзіне айналдыру үшін үлкен жұмыстар атқару керек. Алғаш рет өткізіліп отырған бұл халықаралық конференцияның маңызы айырықша. Ауылдық туризмнің дамуына, әсіресе, жергілікті әкімшілік қызметкерлері баса назар аудару қажет. Кешенді бағдарламаларды әзірлеп, үйлестіру кеңестерін құрып, өзара тәжірибе алмасуды жолға қойған жөн. Біздің облыста ауылдық туризмді дамытудың әлеуеті зор. Осы ретте қанатқақты жобаны ең әуелі жүзеге асыратын облыс ретінде Шығыс Қазақстанға таңдауы түскен Еуроодақ өкілдігінің жоба бойынша менеджері Лука Карапеллиге алғысымды білдіремін, – деді Ермек Көшербаев конференцияның ашылу салтанатында.
– «Алтын Алтай – аймақ дамуының басты байлығы» қанатқақты жобасы бүгіннен бастау алғанын хабарлағым келеді. Жобаның іске асу мерзімі – 3 жыл. Яғни, 2014-2016 жылдар аралығын қамтиды. Қазақстанның аймақтық даму бағдарламасы шеңберінде үш қанатқақты жоба аясында Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда, облыстарына гранттық көмек қарастырылған. Осы жобаға Еуроодақ 350 мың евро көлемінде қаражат бөліп отыр. Аймақтық даму бағдарламасының негізгі мақсаты – экономиканы әртараптандыру, жергілікті тұрғындарды қолдау және өңірдің табиғи байлығы мен мәдени мұрасын сақтауға атсалысу. Бұл жоба болашақта ауылдық туризмнің дамуына серпін беріп, аудандардың экономикалық жағынан өрлеуіне негіз болары сөзсіз, – деді Еуроодақ өкілдігінің жоба бойынша менеджері Лука Карапелли.
«Махаон Интернешенл» коммерциялық емес ұйымының директоры С.Белова, «ЭкоАлтай» ұйымының директоры Е.Юрченков және жобаның аумақтық менеджерлері Н.Блох пен Н.Бутвинеле жобаның тұсаукесерін жасағаннан кейін біздің облыста ауылдық туризмді дамытудың әлеуетіне талдау жасап, Катонқарағай ауданында жүзеге асқан әлеуметтік, экономикалық және оқыту бағдарламалары, Риддерге қарасты Поперечное ауылындағы туризмнің дамуы жайында әңгімелеп берді.
Күршім ауданының кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қуанған Қарағызов Күршім мен Марқа өңірінде саяхатшылар мен туристерге көрсетуге тұрарлық орындардың көп екендігін айтты. Оның айтуынша, ауданда 3-4 туристік маршрут ашуға әбден болады екен. Бірақ мұндағы ең өзекті мәселе – көпір. Егер Ертістің үстінен көпір салынатын болса бұл өңірде туризмнің кең қанат жаяры анық.

Эльмира Тайырқызы

Осы айдарда

Back to top button