ШЫҢЫРАУДАН ШЫҚҚАН «СУБҰРҚАҚТАР»
Кең жазираның шетіне іліккен көлігіміз алдыға қарай ағыза зулаған сайын ақ моншақтарын аспанға атқылап, атқақтап жатқан құдықтар қарасы көбейе берді. Жазық даланың әрбір тұсында ирелеңдеп аққан жіңішке бұлақтар, кішкене көлшіктер осы ақбұлақтардан жайылған жерасты сулары екен.
Тастай суды сіміре іше алмағанымызбен, ауыз-ашарға деп құтыға құйып алдық. Шілікті ауылдық округінің әкімі Құрмет аға «айдаладағы неғылған ақбұлақтар?» деген біздің таңданысымызды түсінгендей әңгімесін әріден бастады.
– Шіліктінің жазығында қалқиып тұрған бұл ақпа құдықтардың бәрі де өткен ғасырдың екінші жартысында зерттеу, іздестіру жүргізген геологтардың барлау-бұрғылау жұмыстары кезінде жерден атқылап шыққан су көздері. Мал жайылымдары мен ауыл маңдарындағы кейбір құбырлар тұрғындардың қажеттілігі үшін қайтадан жабылмай, осы күйінде қалдырылған. Құдықтардың тереңдігі 100 метрге дейін кетеді. Шілікті даласының жазығында 15-ке тарта осындай ақпа құдықтар ағып тұр.
Үлкен қысыммен жер астынан жан-жаққа қарай шашырап, жауып жатқан мұздай суды даланың «субұрқақтары» демеске шараң жоқ. Шыңыраудан шыққан су аптап ыстықта малдың да, жанның да шөлін басып, кеберсіген жазыққа нәр беріп жатыр. Қыстың аязды күндері айдаладағы «субұрқақтардың» атқылап жатқан суы құбырды бойлай қатып, түрлі кейіптегі мүсіндерге айналып кететін көрінеді.
Тарбағатай, Сауыр-Сайқан, Маңырақ таулары қоршап жатқан Шілікті жазығы жағрафиялық жағынан ежелгі бабаларымыздың өмір сүруіне аса қолайлы келген киелі қоныс болғаны белгілі. Шыбынсыз салқын жазы, жылы қысы малға жайлы, қарекетке ыңғайлы. Жазыққа жайылып жатқан ақпа құдықтардың суы Шіліктідей қасиетті мекеннің шырайын келтіріп, құтын кіргізіп тұр.
Жанаргүл Мұқатай
Зайсан ауданы.