Шығыстың жеті бренді

Күршімнің тіл үйірер тәтті қарбызы

Күршімнің тіл үйірер тәтті қарбызы
Әр өлкенің өзіне тән мақтанышы, әлдеқандай өнімі мен жетістігі болады. Су мен нуға бай Күршім ауданының да өзіне тән мақтаны, қазіргі тілмен айтар болсақ, «бренді» бар. Оның бірі бүкіл аймақты асырап отырған балығы десек, екіншісі – жаз бойы ащы терін аямай төккен диқан қауымының күз келе өнімін саудалап, бір жырғап қалатын қарбызы мен қауыны.

Бұл өнімнің сорты қандай?

«Күршімнің өнімі» десе жұрт ат-түйедей қалап, пышақ үстінен талап әкететін тәтті қарбызды облыс орталығындағы кәсіпкер қауым асыға күтулі. Сондай-ақ ресейлік саудагерлердің де біздің жаққа сабырсыздана көз тігіп отырғанынан жақсы хабардармыз. Әзірше, біздің диқандар өз өнімдерін саудаға шығара қойған жоқ. Олары әрине, дұрыс та, әбден пісіп-жетілген өнімде мін болмайтыны сөзсіз ғой.
Күршімнің қарбызы сатылымға шықпай тұрып, ол туралы нақты мағлұмат алу мақсатында біз бірқатар құзырлы адамдардың пікірлеріне құлақ түрген едік. Сол әңгімені ортаға сала кеткеніміз жөн болар деген ойдамыз.
– Біздің ауданның диқандары егіп жүрген тұқым қарбыздың «Кримсон свит» деп аталатын голландиялық сорты болып табылады, – дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Гүлнәр Ақшағанова. – «Sweet» атауы айтып тұрғандай, бұл ағылшын тілінде «тәтті» дегенді білдіреді. Дәмі бал татиды, тасымалдауға төзімді, зиянкестер мен өсімдік ауруларына қарсы иммунитеті жоғары. 80-85 күн ішінде өсіп-жетіліп, пісіп үлгереді. Ауа райына, ылғалдылық пен климаттық температураға байланысты қолайлы жағдайда гектарынан 60-70 тонна өнім беруге қабілетті. Биыл аудан бойынша барлығы 900 гектар жерге бақша өнімдері егіліп отыр. Сөйтіп, осынау бейнеті мол шаруамен аудан бойынша 40-тан астам адам айналысып жатыр. Шілде айының соңына таман қарбыз тиелген алғашқы көліктер облыс орталығын бетке ала бастауға тиіс.
Кейбір жауапсыз немесе сауатсыз диқандардың өнімдерін тез пісіріп, тез саудалап үлгермек ниетпен алуан түрлі нитраттар мен селитраны аямай қосып, оның соңы бұл қарбызды жеген адамның уланып қалуына әкеліп соғатын жайттар да болып жатады емес пе. Осы тұрғыдағы маман пікірін білу үшін біз Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалы Күршім аудандық бөлімшесінің басшысы М.Ережепованың есігін қаққан болатынбыз.
– Қарбыз егетін кәсіпкерлердің барлығы да тыңайтқыш ретінде осы химиялық заттарды қосады, – дейді Мәрия Болатқызы. – Өз өнімдерін ауыл ішінде, жергілікті жерде саудалайтын диқандар жайлы ештеңе айта алмаймын, оларды санитарлық-эпидемиологиялық басқарма қызметкерлері ұйымдастырғанда болмаса, өз бетімізбен тексеруге біздің құқығымыз жоқ. Өздері өтініш білдірсе, ақылы түрде тексеріп бере аламыз. Жәрмеңке кезінде, акция өтіп жатқан уақытта тегін де тексереміз. Ал облыс орталығында, әсіресе «Дина» толайым базарында сауда жасайтын адамдар міндетті түрде бізден өнімнің тазалығы жөнінде анықтама алады. Соларға сараптама жасай жүріп, анықтағанымыз – біздің диқандардың өнімдері сапалы, олардың қарбызындағы нитраттардың үлесі адам денсаулығына ешқандай нұқсан келтірмейтіндей деңгейде. Ендеше, бұл қарбызды қорықпай-ақ тұтына беруге әбден болады.

Табиғи тыңайтқыштарды пайдаланады

Аудандағы ең тәжірибелі де табысты диқандардың бірі, осы кәсіппен отыз жыл бойы айналысып келе жатқан Б.Қалиолданов сарапшы дәрігердің айтқанына қосыла қоймайтынын айқын аңғартты. Балағазы Қалиолдаұлының бұл бағыттағы өз ұстанымы бар екен.
Күршімнің тіл үйірер тәтті қарбызы
– Мен артық-кемі жоқ 30 жыл бойы қарбыз егіп келе жатырмын, – дейді ол. – Басында нитрат, селитра сияқты химиялық тыңайтқыштарды пайдаланған да шығармыз. Бірақ тәжірибе жинақтай келе неғұрлым зиянсыз, табиғи тыңайтқыштарды қоса бастадық. Бүгінгі таңда біз қолданып жүрген тыңайтқыштар органикалық заттар деп аталады. Оған кәдімгі малдың қиы жатады. Қойдың, сиырдың әбден шіріген қиын арнайы шұңқырда божытып, ашытып алып, бабына келген кезде егісті суаратын суға қосып ағызып, әбден сіңіреміз. Міне, осындай табиғи тыңайтқышпен тыңайған жерден алынған өнімнің ешқандай зиянсыз әрі сапалы болатыны рас.
Балағазының бригадасында өзінің туған бауырлары, құдандалы жандар дегендей, барлығы алты адам бар екен. Жаз бойы бел шешпей еңбектенетін осы алты бейнетқор шыжыған ыстықта, көктемгі ызғырықта барша қиындықты бастан өткеріп, маңдай терлерін аямай төгеді. Соған орай күзде мол өнімнің өтеуін алып, бір кенеліп қалады.
– Ең жақсысы, – дейді 64 жастағы Балағазы қария, – менің өзімде екі жекеменшік Камаз бар. Әйтпесе, қалаға қарбыз тасыған жұрттың көлік үшін қыруар қаржы жұмсап, тіпті кейде тақырға отырып қалып жатқанын да көріп жүрміз. Біздің аймақ үшін ең басты проблема – паром өткелі ғой, қарбыз тасыған мезгілде оның да қымбаттап кететіні бар. «Көпір салынады» дегенді естігенде елеңдеп қалып едік, бұл әңгіменің аяғы тағы да сиырқұйымшақтанып бара жатқан сияқты. Осынау бір шешімін таппай жүрген мәселе күршімдік кәсіпкерлер үшін ең үлкен уайымға айналғалы қашан.
Паром «ОблШығысЖол» кәсіпорнын басқарған жерлесіміз Ә.Мәткәрімовтің қарамағында болған кезде біз сияқты еңбеккер қауымға азды-көпті жеңілдік жасалып, арқа-басымыз бір кеңіп қалған еді. Өзі өндірген өнімді тасымалдаған жұртқа Әділбек Әшімұлы паромда 50 пайыз жеңілдік жасаған болатын. Осындай жәрдем болып тұрса, аудан кәсіпкерлері әлдеқайда өнімді еңбектеніп, халыққа да қолайлы жағдай туғызған болар еді. Әйтпесе, бізде бензин өзге аймақтарға қарағанда 10-15 теңгеге қымбат, азық-түлік бағасы да қабырғаны қайыстырумен келеді.
Осы жайларды ортаға салған Балағазы ағамыз «егер паром арзан болса, әріптестеріміз Зырян, Риддер, Серебрянка қалаларынан, тіпті Ресейден үлкен көліктермен келіп, қарбызды егіс даласынан тиеп әкеткен болар еді. Ал мұның өзі бірін екі ете алмай отырған диқандар үшін өте бір қолайлы жағдай емес пе?» – деген пікірін де айтты.
Балағазы Қалиолдаұлы – көптеген жәрмеңкелерде, күзгі жиын-теріннен соң тойланатын сабантойларда тігілетін жүлделерді неше мәрте жеңіп алған кәнігі маман. Кезінде оның бір қарбызының 25 килограмм тартып, рекорд жасағаны да бар.
– Мен негізінен толайым саудамен айналысамын, – дейді Б.Қалиолданов. -Осы шілденің соңынан бастап өндірген өнімімізді саудаға шығара бастамақпын. Өскеменнің өзінде бізді тағатсыздана тосып отыратын әлденеше әріптесіміз бар. Олар бізден қарбызды шамалары келгенше сатып алып, қала тұрғындарына өткізумен айналысады. Мысалы КШТ ықшамауданындағы бір тұтынушымыз бір алғанда үш тоннаға дейін қарбыз сатып алып, келесі күні әлгі өнімді өткізіп үлгеріп, тағы да қабылдауға даяр тұрады. Ал ресейлік әріптестеріміз Камаз толы қарбызды тұтастай әкетуге қауқарлы. Бірақ жергілікті тұтынушыларымызды жоғалтып алмас үшін сырттан келгендерге өнімімізді шақтап қана саудалап отырамыз. «Дина» базарындағы сауда нүктемізде бірнеше жыл бойы кенже інім Болатбек қарбыз саудалап келе жатыр. Әзірше өніміміздің сапасы мен дәміне, біздің саудадағы адалдығымыз бен әділдігімізге ешкім күмән келтіріп көрген жоқ десем, мақтанып тұр деп айта қоймассыз.
Күршімнің тіл үйірер тәтті қарбызы
Биыл бұл шаруашылықтың диқандары қарбызды Зайсан көлінің жағасындағы «Тораңғы» учаскесінде өсіріп жатыр. Суды көлден тартатын насостың қуаты 10-11 гектар жерді суаруға ғана жететіндіктен, ұжым осынша алқапты игерумен шектелуде. Бұйыртса, көп ұзамай белгілі бағбан Балағазының және басқа да күршімдік диқандардың тіл үйірген дәмді қарбыздары дүкендер мен базарлардың сөрелерін «жаулай» бастары сөзсіз.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button